Ұрпақ тәрбиесі — ортақ жауапкершілік

Бижан ҚАЛМАҒАНБЕТОВ,
облыстық мәслихат депутаты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында елімізде соңғы жылдары қолға алынған реформалар туралы айта келіп, қоғамдағы маңызды мәселелерге тоқталып өтті. Соның ішінде ұрпақ тәрбиесі мәселесі бүгінде өте өзекті болып отыр.
Расында, біз осы уақытқа дейін білім беруді бірінші орынға қойып, тәрбие мәселесіне жүйелі түрде көңіл бөле алмай келдік. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», — деп Әл-Фараби айтқандай, білім мен тәрбиені тең ұштастырып, ұлттық құндылықтарды ұрпақтың бойына сіңіре отырып, жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыру керек.
Президент былтыр елімізде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының қабылдануы болашақ үшін жасалған маңызды қадам екендігін айтты. Президент бұл бағдарлама еліміздегі барлық мемлекеттік білім беру ошақтарына енгізілуге тиіс екендігін, бұл құжатты жекеменшік мектептер де басшылыққа алуға тиіс екедігін айтты. Бұл бастама мектептермен шектелмей, отбасында да жалғасын табуға тиіс деп есептеймін. Себебі біртұтас тәрбиені отбасы, мектеп, тұтас қоғам болып қолға алып, саналы, отаншыл, жауапкершілігі жоғары азаматтарды тәрбиелеуіміз керек. Бұл – барлығымыздың ортақ міндетіміз. Президенттің осы мәселеге айрықша көңіл бөлуі еліміздің болашағына алаңдаушылық танытқанының дәлелі. Бұл бағдарламаның толыққанды іске асуына әр азамат мүдделі деп есептеймін.