Пікір

«Білімдінің күні жарық»

Нарқозы ҚАРТЖАН,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің департамент директоры.
Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде әлеуметтік саясатты нығайтуға және білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. «Қазақстан балалары» атты жаңа ұлттық бағдарламаның ұсынылуы өскелең ұрпаққа қолдау көрсетудің жүйелі әрі кешенді шараларға айналғанын білдіреді. Бұл — еліміздің әлеуметтік мемлекет ретінде дамуына жасалған маңызды қадам.
Қалалық мәслихат депутаты ретінде мен әлеуметтік саладағы оң өзгерістерді жергілікті деңгейде де көріп отырмын. Әсіресе халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында атқарылған шаралар айтарлықтай нәтиже беруде.
Білім беру саласында да жүйелі реформалар жүргізіліп, маңызды нәтижелерге қол жеткізілді. Мемлекеттік білім гранттарының саны ұлғайтылып, техникалық және кәсіптік мамандықтарға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтсақ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне мемлекеттік грантпен түсетін абитуриенттер саны былтырғы оқу жылымен салыстырғанда өскенін байқаймыз. Академиялық адалдық пен білім беру сапасын арттыру мақсатында университеттердегі оқыту жүйесіне жаңа реформалар енгізілуде. Осы бағытта біздің университет Қазақстан ЖОО-ның академиялық адалдық лигасына мүше болып еніп, осы оқу жылында соның төрағасы болып сайланды. Қазіргі таңда бұл ұйымға еліміздің 130-ға жуық ЖОО-нан тек 17-сі мүше болып отыр.
Жоғары оқу орындары мен кәсіпорындар арасындағы әріптестікті нығайту арқылы түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткіші артуда. Шетелдік үздік ЖОО филиалдары ашылып, әлемдік деңгейдегі университеттің тәжірибелері мен білімі біздің студенттерге қолжетімді болуда. Соның бір көрінісі — университет базасында ашылған Хериот Уат университетінің кампусы. Қазіргі таңда мұнда 3 мамандық бойынша 400-ден астам студент білім алуда.
Соңғы 6 жылда ел аумағында 1 367 жаңа балабақша ашылып, кезекте тұрған балалар саны 5 есеге қысқарды. Бұл — мектепке дейінгі білімнің қолжетімдігін арттыруда үлкен жетістік. Ауылдық жерлердегі 3 мыңнан астам мектеп жаңғыртылды, бұл 32 апатты және 71 үш ауысымды мектептердің мәселесін шешуге көмектесті. Соның ішінде Ақтөбе қаласында 2025 жылы 11,1 мың орынға арналған 13 жайлы мектеп пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек жергілікті бюджет пен басқа да қаржы көздері есебінен шалғай ауылдарда 4300 орындық 14 мектеп салу көзделген. Ақтөбе қаласында үш ауысымды оқыту мәселесін және екі апатты мектептің проблемасын шешу мақсатында 25 жаңа мектептің құрылысы жүргізіледі. Сонымен қатар ерекше балаларға арналған 300 орындық балабақшаның құрылысы басталады.
Бұл реформалар еліміздің болашағы — жас ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасап, өңірлер арасындағы білім беру деңгейін теңестіруге бағытталған.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретінде дамуын қамтамасыз етеді. Әлеуметтік саладағы және білім беру жүйесіндегі оң өзгерістердің жергілікті деңгейде іске асырылып жатқаны — халық үшін нақты нәтиже.
Қалалық мәслихат депутаты ретінде мен бұл реформаларды толық қолдаймын және олардың орындалуын жергілікті деңгейде әріптестерімізбен қадағалауға күш саламын. Әлеуметтік саясат пен білім беру саласындағы бұл өзгерістер еліміздің әр азаматына игілікті болып, Қазақстанның дамуына жаңа серпін береді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button