Жаңалықтар

Республикалық экспедиция Ақтөбеге келді

Руханият

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік» атты республикалық экспедиция мүшелерінің қатысуымен жиын өтті.

«Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» демеушілігімен ұйымдастырылған экспедиция құрамында белгілі этнографтар, мәдениеттанушы ғалымдар, қаламгерлер бар. Жиынға өңірдегі зиялы қауым өкілдері қатысты. Іс-шараның ашылуында Жазушылар одағының облыстағы өкілі Бауыржан Құрманқұлов экспедицияның мақсатын түсіндірді. Ал Жазушылар одағы  басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегіманов қолға алынған бұл игі қадам  әдебиетке бейімі бар жас буынды қолдап, олардың шығармашылық әлеуетін оятуға, ұлттық құндылықты ұлықтауға және рухани сабақтастықты сақтауға бағытталған маңызды жобалардың бірі екенін айтты.

—Этнограф, көрнекті жазушы Зейнолла Сәнік ағамыздың 90 жылдығына орай, Жазушылар одағының ұйымдастыруымен экспедиция өңірлерді аралап жүр. Сапардың  мақсаты — еліміздің барлық облысын аралап, өңірлердегі тарихи орындардың жағдайымен танысу, насихаттау.Батыс  өңірі бойынша үш облысты араладық. Үш университетте кездесу өтті. Оқуда озат студенттерге Есенғали Раушанов атындағы шәкіртақы тағайындалды. Жалпы, бұл — Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің идеясы. Бүкіл өңірді аралай жүріп, деректі фильм түсіріледі. Ол таспаға жазылып жатыр,— деді Қасымхан Бегіманов.

Сондай-ақ ол жиналғандарға  экспедицияға еліміздің мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Кариннің жолдаған ресми құттықтау  хатын оқып берді.

Бұдан соң Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бас кеңесшісі Әміржан Қосан, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының»  атқарушы директоры Серік Қалиев қазақ этнографиясы мен руханиятына қатысты келелі ойларын ортаға салып, жас буынға бағыт-бағдар берді. Серік Қалиев өңірдің бірқатар зиялы қауым өкілдеріне этнограф, жазушы туралы  кітап табыс етті.

Аталған жиында Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен тағайындалған Есенғали Раушанов атындағы стипендия салтанатты түрде табысталды. Бұл марапат  — университет қабырғасындағы озат студенттерге жыл сайын беріліп отыратын мәртебелі жоба. Стипендия иегері  — «Қазақ тілі және әдебиеті» білім бағдарламасының 2-курс студенті Жанерке Жанкеева.

— Маған сенім білдірген оқу орнының басшылығына және арнайы шәкіртақы тағайындаған Жазушылар одағына алғысымды білдіремін. Бұл маған ғана емес, өңірдегі жас қаламгерлерге деген сенім деп ойлаймын.  Сондықтан үміттеріңізді ақтауға тырысамын. Жалпы өңір жастарының  «Жас қаламгерлер» ұйымы Жазушылар одағының Ақтөбе облыстық филиалымен тығыз жұмыс істейді. Алда жақсы жобаларымызды ұсынамыз, — деді Жанерке.

Бұл — тек бірреттік марапат емес, одақтың ауқымды жобаларының бірі.
Жиын соңында облыстың зиялы қауым өкілдері өз пікірлерін білдірді.  Жазушылар одағына жаңадан қабылданған жергілікті қаламгерлерге мүшелік билеттер мен төсбелгілер табыс етілді.

Сондай-ақ сапар аясында экспедиция мүшелері Есет батыр Көкіұлының Бестамақ ауылындағы мемориалды кешеніне барып, баба рухына тағзым етті.

 К.ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button