Жасөспірімдер жайы алаңдатады

Комиссия отырысы
Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық мәселелері облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен ведомство аралық комиссияның отырысында қаралды.
Отырысқа құқық қорғау, прокуратура органдарының өкілдері, қала және аудан әкімдері, бірқатар басқарма басшылары қатысты.
Күн тәртібінде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның атқарған жұмысы және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, Қазақстан РеспубликасыҮкіметі 2023 жылы бекіткен Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жоспарының орындалуы, Ақтөбе қаласы, Ойыл, Мәртөк және Қарғалы аудандары әкімдерінің құқықбұзушылықтың алдын алудағы қабылдап жатқан шаралары және тағы да басқа мәселелер қаралды.
Аталған жиында баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың 25 пайызға төмендегенін, алайда, оң динамикаға қарамастан, бұл бағытта шешілмеген мәселелер де бар екендігіне назар аударды.
Құқық бұзған балалардың тең жартысы бұрын-соңды бақылауға алынбаған, бұл білім беру ұйымдары тарапынан девиантты мінез-құлықты ерте анықтау жұмыстарының жеткіліксіздігін көрсетеді. Баяндамашы осыған байланысты тәуекел топтарымен жұмыс сапасын арттыру қажет екендігін алға тартты.
Облыстық полиция департаменті бастығының бірінш іорынбасары, полиция полковнигі Ардана Саймағамбетов өңірдегі жол-көлік оқиғасы статистикасын келтіріп, былтырғы жылы болған апаттар санының артқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, қазіргі уақытта облыста жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарын анықтайтын 130 автоматтандырылған кешен пайдаланылуда, ал қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін автожолдардың апатты-қауіпті учаскелерінде күшейтілген полиция нарядтары қойылды, 15 «Автоураган» мобильдік кешені және пилотсыз дрондар пайдаланылуда, олардың көмегімен 50 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу департаменті басшысының орынбасары Құндыз Сейітбаттал әкімшілік айыппұлдарды өндіру туралы деректерді келтірді.
Қала әкімі Азамат Бекет құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. Ол қылмыс деңгейінің төмендегенін, дегенмен алдын алу шараларын одан әрі күшейту, кәмелетке толмағандар мен халықтың осал топтарын әлеуметтік бейімдеу қажеттігін атап өтті.
Баяндамашыларды тыңдаған өңір басшысы жастар арасындағы қылмыстың алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды.
— Азаматтардың қауіпсіздігін арттыру және құқықбұзушылық деңгейін төмендету үшін жасөспірімдер мен жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша қосымша бағдарламалар әзірлеп, енгізу, сондай-ақ білім беру мекемелерінде құқықтық тәрбиеге арналған қосымша сабақтар ұйымдастыру қажет. Балаларды қылмыстық әрекетке тарту қаупі туралы олардың хабардарлығын арттыру үшін ата-аналармен кездесулер өткізілсін. Құқыққорғау органдары жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, осы мәселелерде өзара іс-қимыл жасауға тиіс. Сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға, ішкі істер органдарында немесе әлеуметтік қызметтерде есепте тұрған балалар мен жасөспірімдерге қолдау күшейтіледі. Біздің әрқайсысымыз қылмыстың алдын алуға және облыстағы әлеуметтік жағдайды жақсартуға өз үлесімізді қосуымыз керек. Тек бірлескен күш-жігермен ғана өңірімізде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ете аламыз», — деп атап өтті әкім.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ.