Харбин-2025: Қазақстан құрамасының тарихи жеңісі

Төрткүл дүние көз тіккен ІХ қысқы Азия ойындары Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатыр. Азия Олимпиада Кеңесінің (АОК) мүше елдері үшін төрт жылда бір өтетін айтулы спорт мерекесіне 32 елдің спортшылары қатысып, бағын сынауда. 1996 жылы дәл осы қалада өткен ақ Азиада ойындарына қазақстандық құрама тәуелсіз ел ретінде алғаш қатысқан болатын. Бұл жолғы жарыс та жерлестер үшін оң нәтижемен басталып, тарихи жеңістермен жаңарды. Саңлақтар Азиада аламанының алғашқы жарыс күнінен-ақ жақсы көрсеткіш көрсетіп, қоржынға 15 медаль салып үлгерді.
Алғашқы жеңіс
Қазақстан Азия құрлығында қысқы спорт түрлерінен үздік төрттіктің құрамына енеді. Жарыс алаңына аттанған ел спортшыларына осы төрттіктен төмен түспеу міндеттелген. Әзірге сенім ақталып тұрғандай. Бірқатар сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстан Азия ойындарының медальдық есебінде Жапонияны басып озып, үздік үштікке ілінуі мүмкін. Өйткені 30 жылдан бері бұйырмай келген шорт-трек спортынан ел қанжығасына алғашқы алтын түсті. Шорт-трекшілер Әділ Ғалияхметов, Айбек Нәсен, Денис Никиша, Мерсаид Жақсыбаев, Абзал Әжғалиев, Глеб Ивченко мерейімізді асырды. Спортшылардың бұл жеңісі —ұзақ жылғы өлшеусіз төгілген тердің нәтижесі.
Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қысқы Азия ойындарында медаль еншілеген спортшыларды құттықтады.
— Шорт-тректен ерлер ұлттық құрамасы барша жанкүйерді қуанышқа бөлеп, ел қоржынына алғашқы алтын жүлдені салды. Қытай төрінде Әнұранымыз шырқалып, көк Туымыз биікте желбіреді. Жүлденің біз үшін маңызы зор. Өйткені бұл — еліміздің шорт-трек спорты тарихындағы қысқы Азия ойындарында жеңіп алған алғашқы алтын медаль. Осы орайда жаттықтырушылар құрамының да еселі еңбегін ерекше айта кеткен жөн. Кезекті сайыс күнінде еншімізге бірнеше медальды байлаған саңлақтарға алғыс білдіремін. Алда сайысқа түсетін спортшыларға сәттілік тілеймін, — деді министр.
Шорт-трекшілер Харбиндегі тартысты түйіндей сала Әлем кубогына аттанып кетті.
Харбиндегі қысқы Азия ойындарында Қазақстан қоржынында әзірге 3 алтын, 7 күміс, 5 қола бар. Ел еншісіне кезекті алтынды фристайл-акробатикадан ерлер құрамасы салды. Команда сапында Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов өнер көрсетті. Бұған дейін отандастарымыз қысқы Азиада ойындарында фристайл акробатикадан күміс пен қола жүлдені алып жүрген. Ал биатлоншы Владислав Киреев 10 шақырым спринтте 29 минут 47.4 секундта жүріп өтіп, чемпион атанды.Бұл медаль Қазақстанқұрамасыныңқоржынға салған үшінші алтыны болды.
Қазақстан құрамасы
Жалпы бұл жарысқа Азияның 32 елінен 1 147 спортшы қатысып, 6 спорт түрі бойынша 196 медаль сарапқа салынбақ.Қазақстан құрамасында 139 спортшы (71 ер, 68 әйел) 6 спорт түрінен бағын сынап, барын салуда. Ұлттық құрама сапалы дайындық үшін 137 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 86 халықаралық жарысқа қатысып, 33 медаль жеңіп алған. Қазақстан құрамасының Харбинде өтетін қысқы Азия ойындарында жоғары нәтижелер көрсетуге толық әлеуеті бар. Біздің спортшылар шаңғы жарыстарында, биатлонда, фристайлда, хоккейде және конькимен жүгіру спортында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Мәселен, коньки спортынан Евгений Кошкин 100 метрге жүгіруден күміс медаль еншіледі. Спортшы бұл қашықтықты 9,47 секундта жүйткіп өтті. Әйелдер құрамасындағы шаңғышылар 55:24.5 уақыт көрсеткішімен мәре сызығын екінші болып кесіп, күміске қол жеткізді. Эстафетада ел намысын Ксения Шалыгина, КамилаЕлғазинова, Ангелина Шурыгажәне Надежда Степашкина қорғады.Ал ерлер құрамасынан 4х7,5 шақырымдық эстафетада шаңғышылар Константин Борцов, Наиль Башмаков, Олжас Климин және Владислав Ковалев жақсы көрсеткіш көрсетіп, қола медальға ие болды.Әйелдер арасындағы синхронды секіруден Аяна Жолдас пен Ардана Маханова үшінші орынға тұрақтады. Кристина Силаева, Дарья Важенина, Надежда Морозовадан құралған әйелдер құрамасы командалық спринт сайысында қола медаль еншілеп үмітті ақтады. Фристайл-акробатикадан Аяна Жолдас 76.54 ұпай жинап, қола медаль олжалады. Осы спорт түрінен командалық тартыста Аяна Жолдас, Асылхан Асан, Шерзод Хаширбаев жалпы нәтижеде 235,39 ұпай жинап, күміс жүлдегер атанды. Ал 3000 метрге әйелдер арасындағы командалық сайыста еліміздің әйелдер құрамасы күміс жүлдеге ие болды. Команда мүшелері — Яна Хан, Ольга Тихонова, Малика Ермек, Зейнеп Құмархан, Алина Әжғалиева мен Мадина Жанбусинова. Ал биатлоннан әйелдер құрамасы 4х6 шақырымдық эстафетада үшінші орынға табан тіреп, қолаға ие болды. Ел намысын Ольга Полторанина, Дарья Климина, Арина Крюкова және Елизавета Белецкая қорғады.
«Ақтөбенің» анықтамасы
«Жарыс рухы» аталатын медальдың алдыңғы бөлігінде жарыс жолының иілген пішіні мен Азия ойындарының эмблемасы бейнеленген. Артқы бөлігінде Ябулидің тау-ормандары және Азия Олимпиада кеңесінің күн бейнесіндегі логотипі салынған. Медальдыңнегізгі үлгісі шорт-тректе сынға түсетін спортшының қимылдары арқылы жасалған. Сондай-ақ Харбиндегі сирень гүлі мен оралған лентаның бейнесі де бар. 2025 жылғы Азиаданың кейіпкеріне айналған— сібірлік жолбарыс Бинбин мен Нини.
Азиаданың салтанатты бөлігі мен жарыстары жеті спорт нысанында өтіп жатыр. Олардың қатарында: Харбин хоккей аренасы, Халықаралық Харбин конгресс-көрме және спорт орталығы, Харбиндегі Пинфан ауданының хоккей аренасы, Харбин спорттық университетінің студенттік мұзайдыны, Хэйлунцзян жаттығу орталығының мұздағы жарыстарға арналған көпфункционалды залы, Хэйлунцзян оқу орталығының мұздағы жарыстарға арналған залы, Ябули тау-шаңғы курорты.
Айта кетейік, қысқы Азия ойындары Харбинде екінші рет өтіп жатыр. Бұған дейін 1996 жылы өткен ІІІ қысқы Азиадада Қазақстан құрамасы 14 алтын, 9 күміс, 8 қола алып, жалпыкомандалық есепте ІІ орынды еншілеген. Бұл сапарды сарапшылар жай сәйкестікке баламай отырғаны да содан болар. Тарих қайталанып, тұғырлы төрден көрінуі бек мүмкін.
Ұлттық құраманың спорттық киім үлгісі
Қысқы Азиада ойындарының ашылу салтанатында қазақстандық құраманың киім үлгісі көпшіліктің таңданысын туғызған. Мемлекеттік рәміздермен қатар олардың түсімен үйлестірілген спорт киімі қою көк пен ашық көк түстерінен тігілген. Бұл түстер тұрақтылықты, тәуелсіздікті және жаңа белестерге ұмтылысты бейнелейді. Ақ түсті элементтер тазалықты және спорттағы әділдік қағидаттарын айқындайды. Сонымен қатар форманың безендірілуінде QAZAQSTAN жазуы, 2025 жылғы IX қысқы Азия ойындарының логотипі және Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің эмблемасы бар.Жаңа форма халықаралық стандарттарға сай әзірленіп, ұлттық талаптарға сай дайындалған. Сондай-ақ спорт киімдері жоғары сапалы материалдармен, заманауи технологиялармен тігілген. Яғни спортшылардың жайлылығы үшін табиғи термореттеу қасиетіне ие маталар қолданылған. Сыртқы киім табиғи мамықпен, жеңіл әрі жылуды сақтайтын етіп жасалған. Форма жиынтығына жылы куртка, желден қорғайтын костюм, жилет, спорттық және жаттығу киімдері, спорттық аяқкиім және әртүрлі аксессуарлар кіреді.
Тарихты қайталаған әкелі-балалы шаңғышылар
Қазақстанның танымал шаңғышысы Владимир Борцов — 2025 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Константин Борцовтың әкесі әрі жеке бапкері. Ұлының бұл жетістігі тынымсыз еңбектің жемісі екенін айтады.Сонымен қатар Константиннің жетістігі тарихи әрі ерекше мағынаға ие. Себебі дәл осы Харбинде өткен 1996 жылғы Азия ойындарында Владимир Борцов үш медаль жеңіп алған: алтын, күміс және қола.
—Ұлымды жеңіс тұғырынан көргеніме қуаныштымын. 30 жыл бұрын мен дәл осы орында тұрған едім, енді ұлым осы белесті бағындырды.Араға біраз уақыт салып тарихтың қайталануы ерекше сезім сыйлайды.Ол — менің үздік өмірлік шәкіртім, — деді Владимир Борцов.
Айдана АЛТЫБАЕВА.