Экономика

Асықпай ойланып, дұрыс шешім қабылдаңыз

Сіздің жасыңыз – 20? 30? 40?

Сіз зейнетке шығар күн әлі алыс деп ойлайсыз ба?

Егер сіздің аударымыңыз сенімді зейнетақы қорында жинақталып,

дұрыс инвестицияланып жатқан болса, қам жемей-ақ қойыңыз!

Қор жинаған қор болмайды

«Қазақстан Халық Банкі ЖЗҚ» АҚ-ның тапсырысымен GFK-Қазақстан жүргізген маркетингтік зерттеулердің деректері бойынша зейнетақы жарналарының сақталу кепілдігі туралы 57% қазақстандық біледі екен. Бұл — орташа есеппен.

Қазақстанның 21 қаласында жүргізілген зерттеулер барысында 2010 жылғы наурызда 2500 адамға сауалнама жүргізілді. Хабардар адамдар мен әзірше бейхабар адамдар санының арасындағы алшақтық орасан зор. Мәселен, Степногорскіде 82% адам хабардар, ал Қызылордада 77% адам бейхабар болып шықты. Ал халық нақылына сенсек: «Қор жинаған қор болмайды» деген сөз бар емес пе?

Зейнетақы қорларының салымшылары бүгінгі таңда өз жинақтарының кірістілігі үшін қандай да бір жауапкершілік атқармайды. Жауапкершілікті ЖЗҚ мен мемлекет өз мойнына алған. Салымшылардың ЖЗҚ-ға салған жинақталған зейнетақы қаражаты барлық басқа қаржы салымдарынан олардың сақталуына мемлекеттің заңнамаға сәйкес кепілдік беруімен ерекшеленеді. Зейнетақы төлемдерін алу құқығына ие болған сәттегі инфляцияны ескере отырып, нақты төленген зейнетақы жарналарының сомасына мемлекет кепілдік береді, яғни салымшының өзі аударған сомасына инфляция деңгейі қосылады. Салымшының инвестициялық кірісі мемлекет кепілдік беретін жинақ сомасына жатпайды.

Зейнетақы қорларының салымшылары ЖЗҚ акционерлері туралы, зейнетақы активтерін басқару мен инвестициялық портфель туралы, кастодиан банк туралы, жинақталған зейнетақы қаражатының жай-күйі туралы ақпарат алуға, өздерінің жинақталған зейнетақы қаражатын мұраға қалдыруға, республикадан тыс тұрақты тұру орнына ауысқан кезде оларды алуға, сақтандыру ұйымына ауыстыруға құқылы.

 

Керітартпалыққа бой алдыру

Зейнетақы қорларының салымшылары мен алушылары қорды таңдауға және жылына екі рет оны ауыстыруға құқылы. Талдаушылар салымшылардың 35%-ы зейнетақы қорын ауыстыру тәжірибесін қолданған деп хабарлауда.

Әлеуметтанушылардың деректері бойынша зейнетақы қорын таңдаудың негізгі критерийлері ақыл-ойға құрылған, сол сияқты көңіл-күйге негізделген факторлар болып табылады. Олардың ішіндегі ең маңыздылары — жинақталған зейнетақы қаражатының сол ЖЗҚ-дағы кірістілігі, қаржылық тәуекелдердің төмен деңгейі, зейнетақы қорының оң беделі, қордың нарықтағы едәуір жұмыс тәжірибесі, ЖЗҚ қызметінің қаржылық және статистикалық көрсеткіштері.

Алайда бұлардың барлығын зерделеп, салыстыру керек. Зейнетақы агенттерінің ақпаратын ойланбай-ақ қабылдай салу — ең оңай жолдардың бірі. Кейде, тіпті, олар «жинақтарды капиталдандыру» сияқты уәделерді үйіп-төгеді. Олар басқа қорға ауыстырғаннан кейін жинақтар сомасына барлық жылдар ішінде алынған инвестициялық кіріс қосылады және салымшы барлық сомаға жаңа инвестициялық кіріс алады деп сендіреді.  Бірақ олар, әрине, салымшы ауысқан қорда инвестициялық кірісті есептеу тек міндетті зейнетақы жарналарына ғана емес, оларға есептелген инвестициялық кіріске де қолданылатындығын айтпайды. Басқа сөзбен айтқанда, қорларда әрбір шоттағы капиталдандыру күн сайын жүргізіледі де, бір қордан екінші қорға ауысу қосымша пайда әкелмейді!

Алайда оның қызық жағы да бар: егер салымшы кететін зейнетақы қоры тап сол кезде шығынға ұшыраса, онда ол салымшының шотын шығындарымен бірге ауыстырады. Бүгінгі таңда Қазақстан заңнамасы салымшыға басқа ЖЗҚ-ға ауысқан кездегі теріс инвестициялық кірісін (шығынын) зейнетақы қорларының өтеп беруіне міндеттемейді. Яғни, кез келген зейнетақы қорының салымшысы шығындардан сақтандырылмаған, егер де адам жеткілікті түрде орнықпаған немесе тұрақсыз қордан кеткен жағдайда ғана бір қордан екінші қорға ауысу дұрыс шешім болып көрінуі мүмкін.

Сондықтан мамандар салымшылардың қорларды жиі ауыстырғанын қаламайды, керісінше оларға өте консервативті болуды ұсынады.

Бұл істе бастыққа бағынбайсыз

Біздің мемлекет салымшылардың жинақталған зейнетақы қаражатын қорғайды, бірақ олардың өзі де жинақтарын кімнің басқаруына тапсыратынын ойлануы тиіс.

Жоғарыда аталған зерттеу деректеріне сүйенсек, орташа есеппен салымшылардың 54%-ы ғана зейнетақы қорларын өз бетінше таңдайды екен. Қостанайдағы салымшылар өз таңдауын жасауда барынша еркін екендіктерін көрсетті: олардың ішіндегі 85%-ы өз жинақтарын сақтайтын қорды өздері таңдаған.  Тараздағы салымшылардың дербестігі төмен болып шықты: олардың 25%-ы ғана зейнетақы қорын өздері таңдапты.

Біздің еліміздің заңнамасы бойынша салымшының зейнетақы қорын таңдауына жұмыс берушінің қысым жасауға құқы жоқ. Ол өзінің қызметкеріне белгілі бір зейнетақы қорын ұсына алады. Алайда оған бұйрық бере алмайды. Ол тіпті компания қызметкерлерінің өз ақшаларын қай қорға аударып жатқандығын білмеуі тиіс. Біріншіден, зейнетақы жарналарының құпиясы заңнамамен қорғалған. Екіншіден, компания басшысы әкімшілік қысым жасаған кезде салымшылардың шотына қордың алатын инвестициялық кірісінің деңгейі үшін де өзіне жауапкершілік алатынын түсінуі тиіс. Ал егер ол қор төмен кірістілік алса ше? Онда кім жауап береді: кәсіпорын басшысы ма әлде бас бухгалтері ме? Үшіншіден, барлық ұжымның бір қорға аударуы ешқандай да төлемдердің «ыңғайлылығын» тудырмайды. Қазіргі кезде зейнетақы аударымдары бір төлеммен МЗТО-ға аударылады да, сол жерден ЖЗҚ-мен жасалған шарттардың негізінде салымшылардың жеке шоттарына таратылады.

Жинақталған зейнетақы қаражатына арналған сенімді қордың ауқымды салымшылары, орасан зор жинақталған зейнетақы қаражаты (активтері), теңгерілген, сапалы инвестициялық портфелі, айтарлықтай беделі бар атақты акционерлері болуы тиіс. Тұрақты зейнетақы қоры өз алушыларына зейнетақыларын жүйелі түрде төлей алады, оның саясаты ашық әрі айқын, қызмет көрсету орындары да көп, яғни қор клиентке жақын және оған зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпарат берудің ыңғайлы тәсілдері мен жан-жақты жайлы жағдайды ұсына алады.

Арман ЖАҚАМБАЕВ,

«Қазақстан Халық Банкінің Жинақтаушы

зейнетақы қоры» АҚ-ның басқарушы директоры.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button