Құқықтық мәдениет қалай қалыптасады?

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында әділет департаменті қызметкерлерінің, сот орындаушылардың, адвокаттардың және нотариустардың қатысуымен кездесу өтті. Іс-шараға университет студенттері қатысты.
Кездесу барысында студенттерге құқықбұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын түсіндіру және тәртіп мәселелері бойынша түсінік беріліп, құқықтық білімді дамыту мен қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды.
— Іс-шараның мақсаты — жастардың құқықтық сауаттылығын дамыту, адамдардың қоғамдық қатынастарда өзара байланысы кезінде туындайтын шиеленістерді шешу, отбасы институтының құндылығын сақтау және отбасы мүшелерінің арасында туындаған дау-дамайларды шешу жолдарын түсіндіру. Құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған жиындар тұрақты түрде өткізіледі. Қазіргі таңда зияткерлік меншік, авторлық құқық бойынша туындап отырған мәселелер, сала мамандарын қызықтыратын сауалдар аз емес. Осыны ескере отырып, біз жастар арасында кездесу ұйымдастырып отырмыз. Сол арқылы жиналғандар өздерін толғандырған сұрақтарын сала маманына қойып, тұшымды жауаптарын алды, — дейді облыстық әділет департаменті зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы Тимур Убишев.
Жиында ҚР Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілі Аққалқа Байдуллина сөз алып, азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтары, өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.