Білім

 «Діңгек» олимпиадасы өтті

«Ақбөбек» халықаралық мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша облыстық «Діңгек» олимпиадасы өтті. Аталған сайысқа 80-нен аса қатысушы бағын сынады. Өңірде алғаш рет бастау алған білім бәйгесінің өзіндік ерекшелігі мен ережелері бар.

Бұл— оқушы мен мұғалім бірге қатысатын жұптық олимпиада.  7-11 сынып оқушылары мен ұстаздары арасында өткен білім бәйгесі республикада алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Ақтөбе-Дарын өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығы мен «Ақбөбек» лицейінің ұйымдастыруымен өткен білім бәйгесі екі кезеңнен тұрды.
— Бұл олимпиада екі кезең бойынша өтті. Алғашқы кезең мектепішілік, ауданаралық, қала бойынша ұйымдастырылды. Іріктеу кезеңінен 14 ұпайдан жоғары жинаған қатысушылар ғана келесі кезеңге жолдама алған болатын.Бұл жерде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен бөлек, шығармашылық және логикалық тапсырмалар да берілді.

«Діңгек» деген сөздің өзі «тіреу» деген мағынаны білдіреді. Осыған орай ұстаз бен оқушының арасындағы байланысты нығайту мақсатында ұйымдастырылған олимпиада — алғашқы тәжірибеміз. Байқаудан жүлде алғандар марапатқа ие болып, жеңімпаз атанғандарға ақшалай сыйлықтар табысталды. Енді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз,— деді «Ақбөбек» халықаралық мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, олимпиада ұйымдастырушысы Аманжол Бақтығұлов.

Олимпиадаға қатысушылар арасында кездесу де ұйымдастырылған. Алматыдан арнайы келген маман Ерболат Әбікен «Шабыт пен энергия: өмірдегі жаңа бастамаларға қалай қадам басуға болады?» тақырыбында семинар-тренинг өткізген. Ол балаларды кітапқа баулудың жолдары төңірегінде әңгіме өрбітіп,тәжірибесімен бөліскен.

А.АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button