Білім

Білім белесіндегі 70 жыл

Іргесі сонау 1954 жылы қаланып, шағын жертөледе 5 оқушымен алғашқы жұмысын бастаған Жаңажол орта мектебіне биыл — 70 жыл. Білім ордасы жанындағы серіктес мектептерге қолдау көрсететін«жетекші мектеп» негізінде қызмет атқарып келеді. Мұғалжар ауданы Батпақкөл ауылдық округінің орталығында орналасқан білім нысаны 2011 жылы жаңа ғимаратқа көшіп, жаңа үлгідегі кабинеттермен жабдықталады. Екі қабатты ғимаратта мектеп тарихына елеулі үлес қосқан ардагерлерге арналған кабинеттерде бар. Мектеп ұстаздары білім беру жүйесінде тиімді әдістерді қолданып, оқушылардың дамуына жан-жақты жағдай жасап келеді.

Мектеп тарихы: Алғашқы түлектер

1928 жылы Кеңес Үкіметінің Жарлығымен барлық ауыл шаруашылығын серіктестікке ұжымдастыру іс-шаралары қарқынды жүргізілген еді. Сол тұстаБатпақкөл ауылдық кеңесінің қарамағында «Жаңа-Жол» және «Заря Октября» деген екі ұжымдық шаруашылық болады. 1950 жылы екі колхоз біріктіріліп, «Жаңа-Жол» колхозы қайта құрылады. Ауылдық советтің бастауыш партия, кәсіподақ ұйымдарының бірлесіп атқарған жұмыстары оң нәтиже бере бастайды. Колхоз экономикасы дамып, еңбек өнімділігі артады. Сөйтіп, білім беру саласына қатысты мәселе қозғап, мектеп ашу жүйесіне көшеді. Алғашқы мектептің құрылысы — оқушылар мен ата-аналарының қатысуымен өтеді. Яғни орманнан ағаш тасып, саз балшықтан саман соғып, шағын жертөле жасап, мектеп құрылысын бастайды.

1954 жылдары тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны басталғаны белгілі. Үкімет мектеп, балабақша санын көбейте бастағанымен, қазақ тілінің аясы тарыла бастады. Сөйтіп, барлық іс-қағаздар орыс тілінде жүргізілді. Мектептің сол жылы салынғаны, жұмысын бастағаны туралы республикалық мұрағат құжаттарынан іздестірдік. Ол жерде «Информационный отчет о роботе школ Актюбинской области за 1954-1955 учебный год. В школах области закончился учебный год… Колхозники колхоза Жана-Жол Джуруиского района сами построили здадие для семилетней школы», деген дерек таптық.

Мектеп 1954-1962 жылдар аралығында жетіжылдық білім беру жүйесінде қызмет атқарды. Ауыл мектебінің алғашқы оқушысы, кейін ұзақ жылдар бойы мектептің шаруашылық меңгерушісі болған Қарамырза Әбуов мектеп туралы көп естелігімен бөліскен еді. Алғашқы 5 түлектің бірі де өзі. Көзі тірісінде оқушылармен кездесулер өткізіп, қызықты деректерін кітапшаларға жазып, сақтап қойғанбыз. Оның бәрі қазір мектеп мұражайында сақтаулы тұр.

Бір жазбада:«Мен 1947 жылдан бастап мектепке бардым. Үкімет халықтың сауатсыздығын жоюды қолға ала бастады. Ол кезде мектеп дегендер жоқ. Қақпатерек деген елдімекенде бір үйдің бір бөлмесінде балалардың сауатын ашуға арналған сынып ашылды. Әртүрлі жастағы балалардың басын қосып, сабақ берген Мұхамбет Нұрахметов деген ағайымыз ауылдағы жалғыз мұғалім болды. Соғыстан кейінгі кезеңдер өте қиын болды ғой. Мұғалімдер де, мектептер де жетіспеді. Қақпатерек— колхоз орталығы болатын. Кейін ұжымдық шаруашылықтар біріктірілген соң Жаңа-Жол колхозы (қазіргі Саға ауылы) құрылып, 1954 жылы алғашқы мектеп ашылды.Мектеп құрылысына ауыл балалары жаппай қатысты. Саздан саман кірпіш соқтық. Төбесін жабуға Жем өзенінің арғы бетінде өсіп тұрған ағаштарды тасып көмектестік. Мектеп пешпен жылынатындықтан, орманнан отын да тасып, беретінбіз. Сөйтіп, жетіжылдық мектепті осылай тәмәмдаған едік», деген үзіндісі бар еді.

1962 жылдан бастап 1974 жылға дейін мектеп сегізжылдық білім беру үрдісіне көшеді, — деген ардагер ұстаз, Жаңажол орта мектебінің 2000-2013 жылдар аралығындағы директоры Гүлзия Жақсыбаевамектеп тарихымен бөлісті.

Мектептің бүгінгі тынысы

2011 жылы жаңа ғимаратқа көшкен білім ғимаратының сыйымдылығы — 270 орын. Екі ауысыммен білім алатын оқушылар үшін 12 оқу кабинеті бар. Мектеп басшысының айтуынша, былтырғы су тасқыны кезінде ауыл тұрғындарының басқа елдімекендерге қоныс аударуына байланысты бала саны азайыпты. Дегенмен көрші ауылдан қатынап оқитын оқушылар да бар. Олар үшін арнайы автокөлік пен жүргізушісі тағайындалған.

Біздің басты міндетіміз — оқушыларға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру.Бұл бағытта мектептің ішкі-сыртқы бөлімінде 50-ден аса бейнебақылау камерасы орнатылды. Арнайы бекітілген мамандар кезекшілікпен мектеп тәртібін бақылап отырады. Жалпы ұжымда 47 мұғалім, 31 кіші қызметкер еңбек етеді, — деді мектеп директоры Жұлдыз Құрантаева.

Екі қабатты білім нысанында оқу кабинеттерінен бөлек, 18 әкімшілік кабинеті бар. Одан бөлек жаңа үлгідегі физика, химия, биология кабинеттері қажеттілікке сай жабдықталған. Мұнда оқушылар зертханалық тапсырмаларды орындап, химиялық процестерді көзбен көруге мүмкіндіктері барын айтады.

Біз жыл сайын мектеп тарихына үлес қосқан, ардагер ұстаздардың құрметіне кабинеттер ашамыз. «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?» деп Ілияс Жансүгіров жырлағандай, ауыл балаларының болашағы үшін білім беріп, сауатын ашуға еңбек еткен ұстаздарымызды ардақтау мақсатында 10-нан аса кабинетке ұстаздардың есімін бердік. Ол жерде ұстаздың жазған еңбектері, жасаған көрнекіліктері, түскен суреттері, жинаған деректері сақтаулы, — деді мектеп басшысы.

Мұнда оқушылардың шығармашылығына арналған ән, би, домбыра, көркемсөз қосымшалары мен ұлттық ойындар, спорт үйірмелері де бар. Компьютерлік сауат ашуға арнайы жасақталған информатика кабинеті де қолжетімді. Ер балалар мен қыздарға арналған технология бөлмесі, алғашқы әскери дайындық кабинеті де ерекше. Оқушылардың қатысу белсенділіктері де жоғары екен.

Бізде аналар мен әкелерге және жеңгелерге арналған арнайы клуб құрылды. Ата-аналардың мектеп өміріне араласып, қоғамдық іс-шараларға қатысуы маңызды деп білемін. Олар үшін «ашық есік күндері», әкелер сағаты, аналар кеңесі, жеңгелер сайысы ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар дарынды оқушылармен жұмыс та қарқынды. Әсіресе ауыл мектептеріне арналған «Мың бала» олимпиадасынан жоғары көрсеткіш көрсетіп келеміз. Аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып, ауыл мектебінің атын шығарып жүрген оқушылар мен ұстаздар да жетерлік. Әрбір сыныптың білім деңгейін тексеру мақсатында үнемі «Lesson Study» зерттеу сабақтары өтіп тұрады. Осындай жаңалықтар мен жетістіктерді жариялап тұру үшін 2024-2025 оқу жылынан бастап мектеп газетін шығара бастадық. Таралымы әзірге 50 дана, — деді Ж.Құрантаева.

Мектеп ішінде «Жаңажол елім — Жаңажол жерім» деген шағын мұражай бар. Ол жерде ұстаздардың құжат басқан жазу машинасы, көне факс, ескі құжаттар мен оқу құралдары, сол кезде қолданыста болған мектеп формалары мен басқа да жәдігерлер сақталған. Қабырғасына ілінген тақталарда мектептің әр кезеңіндегі басшылары, әкімшілігі, ұстаздары мен дарынды оқушылардың суреттері басылған. Мұражай жанында 20 адамға арналған оқу залы бар кітапхана жұмыс істейді. Әдеби шығармаларға әуес оқушылар шығарма желісі бойынша дайындалып, 120 орынға шақталған салтанат залында қойылым қояды.

Ауыл мектебі болса да ғимарат пен мектеп сырты жасыл желекке қапталған. Әр жылы оқу бітірген түлектер дәстүрлі түрде көшет отырғызады екен. Көшет саны мектеп бітіруші түлектер санына байланысты. Ал мектеп іші гүл қорынан жиналған гүлзармен толығып тұр. Ата-аналар мен оқушылар, түлектер арасында «мектебіңе гүл сыйла» акциясы өтіп, бір-біріне челлендж жолдап жарысатын көрінеді.

Мектеп түлектері ауылымызға, мектебімізге әрқашан демеушілік көрсетіп жүреді. Былтыр жаз айында мектептің 70 жылдығы қарсаңында барлық зейнеткер ұстаздардың басын біріктіріп, қаланың әдемі жерлеріне апарып құрмет көрсеткен еді. Бұрын мектеп директоры болған Гүлзия Жақсыбаеваның ұйымдастыруымен өткен іс-шараға мектеп бітіргеніне 20,25,30 жыл болған түлектер өз алғыстарын білдіріп, керемет кеш ұйымдастыруға атсалысты,— дейді мектеп басшысы. Ауыл мектебінің осылайша дамуы көңілге медет сыйлайды. Айтпақшы, «Дипломмен – ауыл­ға!», «Жастар практикасы», «Жастардың кадрлық резерві» сынды бағдар­ламалармен бұл ауылға келуші жастардың қатары да көп.

Айдана АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button