Таза Қазақстан: Қайта өңделген тұрмыстық қалдықтардан бұйымдар жасалды

Ақтөбе қаласының №56 жалпы білім беретін орта мектебінде қайта өңделген экологиялық таза материалдардан бұйымдар жасау бойынша шара өтті.
«Тұрмыстық қалдықтарға екінші өмір сыйла» шарасының негізгі мақсаты – оқушылар арасында тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеудің және қайта өңделген материалдардан экологиялық таза бұйымдар жасаудың маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыру.
Сонымен қатар, байқау «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасында белгіленген әлеуметтік міндеттерді шешуге өскелең ұрпақты белсенді тартуға бағытталған.
Байқауға Ақтөбе қаласының 52 мектебінен 8-11 сынып оқушылары қатысты. 90 оқушы ұсынған 24 топтық және 28 жеке жұмыс ұсынылды. Оқушылардың жобаларына мұғалімдер, психологтар және экобелсенділерден құралған қазылар алқасы бағасын берді.
«Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу – бұл жай ғана сән үрдісі емес, болашағымызбен тығыз байланысты саналы қажеттілік. Экологиялық сананы қалыптастыру – бұл бір реттік акция емес, тұрақты жұмыс. Біздің педагог ретінде міндетіміз – балаларды экологиялық ойлауға шабыттандыру, олардың әр қадамы маңызды екенін көрсету. Тек бірлескен күш-жігермен ғана біз Отанымыз – Қазақстанды бағалайтын әрі қорғауға дайын ұрпақ тәрбиелей аламыз», – деп атап өтті №40 орта мектебі биология пәнінің мұғалімі Фарида Сүйін.
Сондай-ақ, байқауға қатысушылардың бірі №1 орта мектептің 8 «В» сынып оқушысы Кристина Созинова өз әсерлерімен бөлісті.
«Біздің команда тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу тақырыбын таңдады, өйткені бұл – табиғат үшін өте маңызды мәселе. Біз қоқыстың қоршаған ортаны қалай ластайтынын жиі көреміз және оны азайту үшін не істей алатынымыз туралы ойладық. Мен бұл байқауға қатысуға қатты қызығушылық таныттым, өйткені экологияға қамқорлық жасаудың қаншалықты маңызды екенін білдім. Менің ойымша, әрқайсысымыз кішкентай бір нәрседен бастасақ, табиғатқа көмектесе аламыз деп ойлаймын», – дейді ол.
Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасы ең үздік және ең креативті жобаларды атап өтті. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.
Іс-шара соңында қатысушылар мен олардың мұғалімдері мұндай жобалар экологиялық жағдайды жақсартуға ғана емес, жауапкершілік пен ынтымақ сезімін нығайтуға ықпал ететінін алға тартты. Бүгінгі шара басқаларды экологиялық бастамаларға белсенді қатысуға шабыттандыратынына және мұндай іс-шаралар жақсы дәстүрге айналатынына сенім білдірді.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ.