Сыныққа салғырт қарамаңыз!
Биыл Ақтөбенің қысы қарсыз, бірақ көктайғақпен басталды. Мұзға тайып құлап мертіккендер травматологиялық пункт көмегіне жүгінеді. «Қате болса, быламықтан да тіс сынады» дейді қазақ. Қате аяқ астынан болады. Осы орайда қытымыр қыста жарақат алып, құлағандардың жай-күйін білмек ниетпен облыстық көпсалалы ауруханаға барып, травматология бөлімінің жұмысымен таныстық.
Алғашқы медициналық көмек. Нені ескеру қажет?
Травматолог дәрігер, ортопед маман Айдын Жылгелдінің айтуынша, құлап мертіккендер алдымен травматологиялық пунктке барады. Біздің өңірде облыстық көпсалалы ауруханада және Қарғалы қалалық ауруханасында травматологиялық пункттер бар.
— Облыстық көпсалалы аурухананың травматология бөлімі 70 адамға шақталған. Мұнда 14 травматолог қызмет етеді. Ал жарақат пунктінде 6 маман келушілерге алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Жарақат оқшауланған, көптік, ортопедиялық түрге бөлінеді. Травматологтар қысы-жазы демалыссыз жұмыс жасайды. Травматологиялық пунктте алғашқы көмек көрсетуге барлық жағдай жасалған: қабылдау бөлмесі, рентген жабдықтары, ультрадыбыстық зерттеу аппараты, байлап-таңу бөлмесі мен шокқа қарсы кабинеттер бар.
Ауруханаға келіп түскен науқастарға алғашқы көмек шұғыл көрсетіледі. Ең алдымен жарақат алған адам рентгенологиялық тексерістен өтеді. Жабық жарақат алғандарға гипс салынып, амбулаторлық емханаға жіберіледі. Сынықтың ауырлығына қарай травматолог маман кешенді емдік іс-шараларын жүргізеді. Ашық жарақат алғандарға міндетті түрде ота жасалып, бекітпе құрал орнатылады.
Биыл Жаңа жыл кешінде отшашудан жарақат алғандар тіркелмеді. Тек құлап, жарақат алғандар мейрам өткеннен кейін дәрігер көмегіне жүгінген-ді. Әдетте отшашудан денесі күйіп, жарақат алғандар жиі кездесетін. Бүгінде травматология бөлімінде жатқан науқастардың дені — аяғы сынғандар, иық, қол жарақатын алған науқастар. Зардап шегушілердің басым көпшілігі — қарттар, соның ішінде әжелер. Егде жастағы адамдарға асықпай, ақырын жүруді ұсынар едім. Себебі ересектердің сүйегінің қайта бітуі — қиын әрі ұзақ жүретін процесс, — дейді Айдын Арманұлы.
Оның айтуынша, құрамында кальцийі мол тағамдар сүйекті мығым етеді. Құлаудың алдын алу үшін дұрыс тамақтанып қоймай, төмендегі ережелерді сақтаған дұрыс дейді дәрігер.
— Жалпы, жарақат алушылар мезгіл талғамайды. Бірі өндірістік жарақат алса, енді бірі аттан құлап, мертігіп жатады. Ал қыс айында көктайғақта жүру тіптен қиындайды. Көктайғақ кезінде жарақат алып қалмау үшін қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды. Ең алдымен, таймайтын аяқкиімдерді таңдаңыз. Қолыңызды қалтадан шығарып жүріңіз. Бұл құлаудың ықтималдығын төмендетеді. Барынша тайып бара жатқан кезде қолды тіреп қалмауға тырысу керек. Бұл қолдың білезік тұсынан морт сынуының алдын алады.
Егде жастағы адамдарға ұшты таяқ қолдануға кеңес беремін. Әсіресе скандинавиялық жүріс адамның дене бітімін жақсартып, денені түзу, жинақы ұстауға септігін тигізеді. Қан тамырлары мен жүрек-қан тамырларының жұмысын жақсартады. Қарапайым жүрістен бұл жүрістің айырмашылығы өте көп. Бұл жүрісте жылдамдық маңызды емес, жүріп келе жатып тынығып, жаттығулар жасауға болады. Көктайғақта арқамен, бетпен құлау ми жарақатына әкеліп соғады. Сондықтан құбылмалы ауа райында ақырын жүріп, анық басуға тырысу керек. Бұл қауіпті жарақаттың алдын алады. Құлаған жағдайда міндетті түрде дәрігер көмегіне жүгіну қажет.
Тағы бір ескере кететін жайт, бүгінде тұрғындар арасында остеопороз, гипокальциемия диагнозы жиі кездеседі. Гипокальцемия кезінде ағзадағы барлық минералдар сыртқа шығып кетеді. Сондықтан зәр шығару препараттарын шектен тыс қабылдамаған жөн. Аталған препараттар ағзадағы қажетті минералдарды азайтып, сүйек сынғыштығына әкеп соқтырады, — дейді травматолог.
Травматолог Айдын Арманұлының айтуынша, көшеде құлап жатқан адамға көмек көрсетпес бұрын сақтық шараларын сақтаған дұрыс. Ашық жарақаттар инфекцияға бейім болғандықтан, жедел жәрдем келгенше жарақат алған бөлікті қатырма қағаз арқылы иммобилизациялау қажет, бұл сынықтың ұлғаюының алдын алады дейді дәрігер.
— Көпшілігіміз көшеде құлап жатқан адамды көрсек, көмек беруге асығып жатамыз. Сынған сүйекті қозғалту сүйекке жақын орналасқан тіндерге зақым келтіруі мүмкін. Сондықтан жедел жәрдем келем дегенше науқасты қозғалыссыз ұстаңыз. Зардап шеккен адамның шок күйде емес екеніне көз жеткізіп, шұғыл медициналық көмек келем дегенше сүйекті иммобилизациялау үшін шинаны қолданыңыз. Ал қолыңызда ештеңе болмаған жағдайда қатырма қағазды екіге бүктеп, жарақат алған бөлікті оқшаулаңыз. Ашық жарақат болса, таза шүберекпен немесе таңғышпен жабыңыз, бұл инфекция түсудің алдын алады. Науқастың дене бөлігін неғұрлым жоғары ұстаңыз, бұл ішке қан кетуді және ісінуді азайтуға септігін тигізеді. Ал жұлын, омыртқа жарақатын алған адамды тақтайшаға жатқызып, арнайы бригада келгенше орнынан қозғалтпаған дұрыс, — дейді ол.
Травматологтің айтуынша, бөлімшеде күн сайын оннан астам күрделі оталар жасалады. Әр отаның алдында профессорлық құрам жиналыс жасап, ауруханадағы емделушілердің жай-күйін талқылайды.
— Травматологтің әр күні қарбаласпен өтеді. Жұмыс уақыты 8.30-да басталып, 16.30-ға дейін жалғасады. Кезекшілікті қабылдап алған дәрігер таңға дейін науқастарды бақылайды. Әр палатаның емдеуші дәрігері күн сайын науқастарды тексеріп, ем-дом шараларын жүргізеді. Емделушілер ота алдында толық диагностикадан өтеді. Ашық жарақат алған адамға міндетті түрде сіреспеге қарсы екпе салынады. Омыртқа жотасының сынықтары кезінде аяқ-қолдың сезімталдығы төмендеуі немесе ештеңені сезбеуі мүмкін. Мұндай жағдайда науқас нейрохирургия бөліне ауыстырылады. Бүгінде травматология бөлімінде жағдайы орташа ауыр 10 науқас ем қабылдап жатыр. Тромбоэмболияның алдын алу мақсатында оларға қан сұйылтатын препараттар тағайындалады. Сынықтың күрделілігіне байланысты ота 3-5 сағатқа созылуы мүмкін. Отадан кейінгі науқастың күтіміне әр емдеуші дәрігер жауапты. Сондықтан науқастар дәрігердің нұсқаулығы бойынша ем қабылдаса, жарақаты тез қалпына келеді, — дейді А.Жылгелді.
НАУҚАСТАР НЕ ДЕЙДІ?
Салтанат БИСЕНОВА, қала тұрғыны:
— Жасым 36-да. Облыстық көпсалалы ауруханаға келіп түскеніме бір аптадан асты. Мұнда науқастарға сапалы медициналық көмек көрсетіледі. Өзім Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласында жұмыс жасаймын. 14 қаңтар күні киім ауыстыратын бөлмеде аяғыма шалынып, тобығымды сындырып алдым. Отаны Ақсай қаласында жасатудан бас тартып, Ақтөбеге «Тальго» пойызымен келдім. Үйге келе сала жедел жәрдем бригадасын шақырып, ауруханаға шұғыл жеткізілдім. Ота сәтті өтті. Травматология бөлімінің меңгерушісі Ерғали Мерғалиұлына, травматолог Айдын Арманұлына және басқа да ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз. Тұрғындарға айтарым, жарақат алсаңыз, дереу дәрігер көмегіне жүгініңіз.
Елена СМАГИНА,
Әйтеке би ауданы:
— Былтыр қыс айында Ақтөбеге азық-түлік алуға келген едім. Сол күні ерекше көктайғақ болып, мертіккендер көп болған-ды. Мен де қалай құлап түскенімді білмей қалдым. Бір қарасам, аяғым таңулы палатада жатырмын. Емдеуші дәрігерім тобығымның сынғанын айтты. Сол кезде травматолог мамандар маған ота жасап, бекітпе құрал орнатқан болатын. Биыл жоспарлы медициналық қызмет көмегіне жүгініп, сол бекітпені алдыртып тастадым. Қазір жағдайым жақсы. Бірер күнде үйіме қайтамын.
Роза ҚАЛАБАЕВА, қала тұрғыны:
— Қытымыр қыста абайсызда құлап жатқандар көп. Мен 2023 жылы емханадан ем-дом қабылдап келе жатқанымда құлап, иығым мен шынтағымды шығарып алдым. Маған шұғыл ота жасалды. Тамыз айында жол апатына түстім. Тағы да сүйектеріме зақым келді. Өзім онкологиялық есепте тұрамын. Сынықтың көбі асығыстықтан болып жатады. Сондықтан тұрғындарға асықпай, сақ жүріңіздер дегім келеді.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.