Басты жаңалықтар

Жаңа орталық пен жайлы мектеп

Жұмыс сапары

Мұғалжар ауданы — облысымыздағы әлеуметтік-экономикалық бағытта қарқынды дамып келе жатқан өңір. Кенді ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Асхан Шахаров ауданның әлеуметтік дамуымен танысып, жаңадан ашылған нысандарды аралады. Жергілікті тұрғындармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сондай-ақ ауданда алдағы уақытта іске асырылар жобалар мен міндеттерді бағамдады.

Ауруханада орталық ашылады

Мұғалжар аудандық ауруханасында жүрек-қан тамырлары ауруларын емдейтін орталық ашу жоспарланып отыр.

Соңғы бес жылда ауданның медициналық мекемесі жаңа жабдықтармен толықтырылды, бұл медициналық қызметтердің сапасына айтарлықтай әсер етті.

Өңір басшысы ауданға жұмыс сапары барысында аудандық аурухананың жұмысымен, алдағы жобаларымен және көрсетілетін қызметтердің сапасымен танысты.

Аурухананың бас дәрігері Сәбит Кеулімжаев медициналық мекеменің 1989 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын айтты. Штатта 74 медицина қызметкері бар. Күніне 600-ге жуық адамға қызмет көрсетіледі. Аурухана 100 кереуетке шақталған, сонымен қатар 30 орындық күндізгі стационар жұмыс істейді.

Соңғы бес жылда ауруханаға он арнайы көлік, оның ішінде төрт реанимобиль сатып алынды. Жыл басында ауруларды диагностикалаудың дәлдігін айтарлықтай арттыратын заманауи цифрлық маммограф алынды.

Пациенттер мен мейірбике қызметкерлерінің жағдайын жақсартуға көп көңіл бөлінеді. Былтыр аурухана аумағын абаттандыру жұмыстары басталды. Жобаны іске асыруға жергілікті бюджеттен 129 млнтеңге қаржы бөлінген. Жұмыстар жазға дейін аяқталады.

Сондай-ақ ауруханаға қосымша құрылыс салу жобасы әзірленіп жатыр, онда жаңадан ашылатын тері арқылы коронарлық араласу орталығы орналаспақ. Бұл науқастарды облыс орталығына жібермей, жүрек-қан тамырлары ауруларын тиімді емдеуге мүмкіндік береді.

Асхат Шахаров жаңа жабдықтарды қарап шықты, психологиялық көмек кабинетіне барып, дәрігерлердің қабылдауына келген аудан тұрғындарымен әңгімелесті. Ауыл тұрғындары елдімекенде денсаулық сақтауды дамыту және медициналық қызмет көрсету жағдайларын жақсартуға көңіл бөлініп жатқанына алғыстарын білдірді.

— «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауылдарда жаңа амбулаториялар салынып жатыр, заманауи жабдықтар сатып алынып,  дәрігерлер мен пациенттер үшін жағдайлар жақсарып келеді. Қазір облыста ауылдық амбулаториялар салуға бағытталған бес жоба жүзеге асырылып жатыр. Нысандар іске қосылса, халыққа медициналық қызмет көрсету қолжетімді болады. Бұл — ауыл тұрғындары тұрғылықты жерінде ем ала алады деген сөз. Сонымен қатар біз аудандық ауруханаларды заманауи цифрлық жабдықтармен жарақтандырамыз, осылайша халық үшін медициналық қызметтердің жоғары сапасын қамтамасыз етеміз. Инфаркт пен инсультке шалдыққан науқастарға көмек көрсету орталығын ашу жоспарланып отыр. Осы шаралардың барлығы сапалы медициналық қызмет алу жағдайларын жақсартуға және облыс тұрғындары үшін диагностиканың қолжетімділігін арттыруға бағытталған, — деді облыс әкімі.

Өңір басшысы ауруханаға жапсарлас құрылыс жобасын дайындауды жеделдетуді тапсырды және мердігерлерді аурухана аумағын абаттандыру жұмыстарын сапалы және мерзімінде аяқтауға шақырды.

Кешіккен құрылыс биыл аяқталуға тиіс

Ауданға жұмыс сапары барысында облыс әкімі Асхат Шахаров екі мектеп пен балабақшаны аралап, балалардың оқу жағдайымен танысты.

Қандыағаштағы «Жайлы мектепті» тапсыру мерзімі жосықсыз мердігерлердің кесірінен бірнеше рет ұзартылған. Ауданға сапарында Асхат Шахаров мердігерлермен сөйлесіп, мекеменің құрылысын қадағалауына алды.

Білім ошағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында «Samruk-Kazyna Construction»қаражатына салынып жатыр. Ол 600 орынға есептелген. «Antarium Group» ЖШС мердігерлік ұйымы нысанды осы жылдың қыркүйек айына дейін тапсыруды жоспарлап отыр. Мектеп ашылғанда Қандыағашта оқушы орындарының тапшылығы мәселесі ішінара шешіледі. Бүгінде қалада бес мектеп бар және бәрінде де оқушы саны көп. Жаңа мектеп заманауи жабдықтармен және инновациялық білім беру технологияларымен жабдықталады.

Мектеп құрылысының барысын бағамдап шыққан Асхат Шахаров мердігерге жұмысты мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Одан кейін өңір басшысы Қандыағаштағы «Күншуақ» балабақшасына барды, онда күрделі жөндеу жүргізіліп, «Қазақойл-Ақтөбе»ЖШС қаражатына жабдықтары толығымен жаңартылған. Ыдыс-аяқ, кілемдер, кереуеттер, музыкалық және спорттық жабдықтар, асүй техникасы, интерактивті тақта мен ойын жабдықтары сатып алынған. Мектепке дейінгі мекеме 320 балаға арналған.

Теміркөпір мектебі және тұрғындар тілегі

Асхат Шахаров Еңбек ауылдық округінің Теміркөпір ауылында ашылған жаңа мектепке де барды. Мектеп заманауи стандарттарға сай салынған және химия, биология, физика және еңбек сабақтарына арналған арнайы кабинеттермен, зертханалармен жабдықталған. Оның құрылысына 680 млн теңге бағытталды.

— Президент мемлекеттік бағдарламалар арқылы ауылдық және қалалық мектептердегі балаларға тең жағдай жасау міндетін қойды. Біздің облыста биыл 11,1 мың орындық 13 жайлы мектепті ұлттық жоба аясында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жалпы биыл аймақта үш ауысымды және екі апатты мектептің мәселесін шешу үшін 25 жаңа мектеп салынады.

Жаңа мектептерде әртүрлі пәндергеарналған мамандандырылған кабинеттер мен зертханаларды қоса алғанда, заманауи білім беру инфрақұрылымы енгізіледі, бұл оқушыларға заманауи талаптарға сәйкес сапалы білім мен дағдыларды алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақмектептерде оқытушыларға тиімді жұмыс істеуге және оқушылардың әлеуетін дамытуға қолайлы жағдай жасауға көңіл бөлінетін болады, — деді облыс әкімі.

Мектепті аралап шыққаннан кейін облыс әкімі ауыл тұрғындарымен кездесті.

— Біздің жағдайымыз жақсы: ауылға апаратын жол, жақын жерде аялдама бар. Пойыздар үнемі жүреді. Міне, балаларға жаңа мектеп ашылды. Енді бізге медициналық пункт пен балабақша қажет, — деді жергілікті тұрғын Разия Қожантаева.

Еңбек ауылдық округінің әкімі Аманбай Қаюпов облыс әкіміне жергілікті тұрғындардың Сағашилідегі амбулаторияға баратынын жеткізді. Көрші ауыл Теміркөпірден үш шақырым жерде орналасқан. Ал мектеп жасына дейінгі 27 бала балабақшаның жоқтығына байланысты үйлерінде.

— Биыл өңірде балабақшалар салуға 30 миллиард теңге бөлінді. Жағабұлақ ауылындабір балабақша мен Көтібар ауылында 60 орындық мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Жобалар әзірленіп жатыр. Барлық балалар балабақшаларда орындармен қамтамасыз етілуге тиіс және біз оларды ерте жастан толыққанды тәрбиелеу мен дамыту үшін қажетті жағдайлар жасауға бар күшімізді саламыз,— деді өңір басшысы.

Асхат Шахаров ескі мектеп ғимаратында балабақшаны орналастыру мәселесін қарастыруды және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Теміркөпірде медициналық пункт салу мәселесін енгізуді тапсырды.

Өрт бөлімінің жұмысымен танысты

Мұғалжар ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Қандыағаштағы №8 өрт сөндіру бөліміне барды.

Мұғалжар ауданының ТЖ бөлімінің бастығы Мақсат Рятов әкімге өрт сөндіру бөлімінің ғимараты 1982 жылы салынғанын айтты. Соңғы рет 2013 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бүгінде ғимаратта аудандық ТЖ бөлімі мен өрт сөндіру бөлімі орналасқан. Жеке құрамда 6 офицер, 24 сержант — жалпы 30 адам бар. Өрт сөндіру бөлімінің балансында 9 техника, оның ішінде 3 өрт сөндіру көлігі, 1 автосаты бар.

Облыс әкімі техникалар мен жабдықтарды қарап, құтқарушылар жұмысының маңызын атап өтіп, жеке құраммен әңгімелесті.

— Құтқарушылардың жұмысы өте маңызды, өйткені сіздер күн сайын адамдардың қауіпсіздігі үшін өз өмірлеріңізді қатерге тігесіздер. Құтқарушы мамандығы — тек еңбек қана емес, батылдықты, жанқиярлықты және жоғары жауапкершілікті талап ететін нағыз ерлік, — деп атап өтті әкім.

Эдуардтың құлпынайы

Аудан тұрғыны Эдуард Саламат былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға ниет білдіріп, несиеге 16 миллион теңге рәсімдеп, голландиялық құлпынай сортын өсіретін «Nazberry» жылыжай кешенін ашты. Бір маусымда ол 0,8 тонна жидекжинаған. Қазір бүкіл отбасымен жылыжай жұмысын жүргізіп отыр.

— Барлық уақытымды жылыжайды дамыту ісіне арнаймын. Мұнда суару жүйесі автоматтандырылған. Жидектерге сұраныс көп. Біз өнімдінегізінен Қандыағашта сатамыз, бірақ кейде Ақтөбеге де тасымалдаймыз. Болашақта кеңейтуді жоспарлап отырмын. «Ауыл аманаты» бағдарламасы — өз бизнесіңді ашуға жақсымүмкіндік. Ең бастысы, өз ісіңнен пайда алу үшін аянбайжұмыс істеу керек, —  деді облыс әкіміне жылыжай иесі.

Өңір басшысы бағдарламаға қатысушының кәсібімен танысып, сәттілік тіледі.

— «Ауыл аманаты» бағдарламасы — аудан тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік. Бұл бағдарлама ауыл тұрғындарын қолдауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және елді мекендерде өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған. Біз ауданда тұру үшінқолайлы жағдай жасай отырып, ауылдарда инфрақұрылымды жақсарту және тұрғын үй салу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеміз. Ауыл тұрғындарының осы мүмкіндіктерді пайдаланып, туған өлкенің дамуы мен өркендеуіне өз үлестерін қосуы маңызды,—  деді әкім.

Ауыл жастары және «Таза Қазақстан»

Облыс әкімі Асхат Шахаровпен кездесуде Мұғалжар ауданының жастары өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту және абаттандыруға бағытталған республикалық акцияның өткізілуін талқылады.

Жастар жыл бойы сенбіліктерге және жасыл желектерді отырғызуға белсене атсалысты.

— Біз «Таза Қазақстан» акциясын қолдаймыз, себебі соның арқасында ауыл таза әрі әдемі күйге енді. Барлығы қоршаған ортаға қамқорлық жасауы керек және жастардың осындай іс-шараларға белсенді қатысуы маңызды. Осындай бастамалармен біз экожүйені жақсартып, өмір сүруге қолайлы жағдай жасай аламыз. Сондай-ақ жастардытабиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға тәрбиелейміз. Тазалық пен тәртіп әрқайсысымыздан басталады, — деді аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Дәулет Серікбаев.

Облыс әкімі жас ауыл тұрғындарына белсенді азаматтық ұстанымдары үшін алғысын білдірді.

— «Таза Қазақстан» акциясы — жай ғана бастама емес, ол біздің өмір сүру үшін таза және жайлы орта құруға қосқан ортақ үлесіміз. Президент еліміздің әрбір өңірі өз аумақтарының экологиясын жақсартуға және абаттандыруға қатысу керек деген міндет қойды. Жастардың осы өзгерістердің алдыңғы қатарында болуы маңызды, өйткені сіздер – еліміздің болашағысыздар. Сенбіліктер мен көгалдандыру шараларына қатысып қана қоймай, сонымен қатар қоқыстарды бөлек жинау, жасыл аймақтарды құру және қоғамдық кеңістіктерді жақсарту бастамаларына белсенді қатысу қажет.

Өзіміздің және басқа да тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілік сезімін ояту маңызды, өйткені балаларымыздың болашағы бізге байланысты. Осындай жобаларға қатысу арқылы сіздер өзгелерге үлгі көрсетер нағыз көшбасшы боласыздар. Сіздердің көмектеріңізбен біз өңірімізді және елімізді таза әрі әдемі ететінімізге сенімдімін, —  деп атап өтті облыс әкімі.

М.РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button