Басты жаңалықтар

Қысқы жол қауіпсіздігі

Қаңтар айы аяқталуға жақын. Еліміздің бірқатар аймағында қыс қаһарына мініп, облыстық, республикалық маңызы бар тасжолдар жабылып, көлік қозғалысына шектеу қойылды.  Құтқарушылар ауа райы қолайсыз кезде алыс жолға шықпауға шақырады.Бұл шектеуді құлаққа ілмей жолға шыққандар бағыттан адасып, жолда қалып жатыр. Қарға малтыққан, адасқан көліктерден күн сайын қаншама адам құтқарылып жатыр.Облыстық төтенше жағдайлар департаменті дауылды ескертулер жарияланған кезде алыс сапарлардан бас тартып, сақтық шараларына назар аударуды ескертті.

Апта басынан аймақ тұрғындарына ауа райының аязды болатыны ескертіліп жатыр. Қатты боран, бұрқасын болуына байланысты Ақтөбе қаласынан Қызылорда облысының шекарасына дейінгі Самара-Шымкет тасжолы мен Ақтөбе-Орск тасжолы жабылып, көлік қатынасы уақытша тоқтатылған болатын.

Былтырғы ақ түтек боран облыс тұрғындарын әбден әбігерге салған еді. Сондай төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар кешені әкімдіктің 22 қаңтар күнгі отырысында талқыланды.Бұл туралы облыс әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар департаментінің жиынында атап өтті.

Аудан әкімдеріне жағдайды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырамын. Жолдарды қардан, оның ішінде әлеуметтік нысандар мен тұрғылықты жерлерге апаратын жолдардан үнемі тазалауды қамтамасыз ету қажет. Жолдарда көлік құралдарының жүргізушілері мен жолаушыларын эвакуациялауға дайын болу және тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету қажет. Әсіресе су тасқыны жағдайын бақылау керек. Облыс аумағында синоптиктердің болжамы бойынша жылы ауа райы күтілуде, осыған байланысты су тасқыны маусымы ерте басталуы мүмкін. Өзендердің, су қоймаларының және гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне мониторингті күшейту, сондай-ақ су басудың алдын алу шараларын қабылдау маңызды. Жауапты қызметтерге техниканы дайындауды ұйымдастыру, құрылыс материалдарының резервтерін құру және халықты ықтимал тәуекелдер мен қабылданып жатқан шаралар туралы уақытында хабардар ету тапсырылады, — деді А.Шахаров. Кеңес барасында өңір басшысы гидротехникалық құрылыстар мен жол желісінің жай-күйін қатаң бақылау қажеттігін де атап өтті. Сондай-ақ қала, аудан әкімдеріне жоспарланған барлық іс-шаралардың іске асырылуын жеке бақылауды тапсырды.

Жиында барлық қызметтің алдағы қарлы боран мен су тасқыны кезеңіне дайындығын, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарды үйлестіру шараларын, коммуналдық жүйелер мен көлік инфрақұрылымының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету жоспарлары да талқыланды. Халықты ықтимал қауіп-қатер туралы уақтылы хабардар ету және ауа райының өзгеруіне жедел ден қою мәселелеріне ерекше назар аударылды. Алдағы күндері ауа райының нашарлауына байланысты облыс әкімі қар тазалайтын техниканы алдын ала дайындап, төтенше жағдай кезінде бірден жолдарға шығу қажеттігін атап өтті.

Облыс аумағында қыс мезгілінде орын алатын төтенше жағдайларға ден қою үшін азаматтық қорғау құралымының күштері мен құралдарынан 1567 адам және 452  техника жұмылдырылған.

Ақтөбе облысының аумағы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы — 6309 шақырым. Бізде қыс мезгілінде инертті материалдар қоймаларын және жылыту пунктерін күтіп ұстауды қамтамасыз ететін мердігерлік ұйымдардың базалары мен техникаларының жай-күйіне комиссиялық қадағалау үнемі жүргізіліп тұрады.Биыл республикалық және облыстық маңызы бар трассаларда қар құрсауында қалған азаматтарға көмек көрсету үшін сыйымдылығы 11 мың адамдық 161 жылыту пункттері дайындалды. Оның ішінде 46 пункт Қобда, Хромтау, Әйтеке би және Ырғыз аудандарындағы Самара-Шымкент тасжолының бойында орналасқан. Сондай-ақ 7000-нан астам автотұрақ дайындалды.Одан бөлек 311 қар тазалау, 56 инженерлік, 40 эвакуациялық, 40 жоғары өтімді техника мен құралдар әзір. Өңірдегі ауа райының бұзылуына байланысты облыс әкімі Асхат Шахаров авариялық-құтқару қызметін жоғары дайындық режиміне ауыстыруды тапсырды, — деді Ақтөбе облысы төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығы Аслан Арзымбетов.Облыс аумағында жыл сайын ықтимал қар басатын учаскелер де анықталған.Яғни 780,6 қашықтықты қамтитын облыстық автомобиль жолында 100-ден аса қар басатын учаске бар екен. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Айбол Данағұлдың айтуынша, қарлы учаскелерде қар ұстауға арналған темірбетон қоршаулар, уақытша қалқандар орнатылған.

Республикалық және халықаралық маңызы бар 1752 шақырым автомобиль жолдарына қызмет көрсететін «КАЖсервиз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызмет көрсетеді. Құрамында 326 қызметкер бар. Жалпы, жолдарды қар мен мұздан тазарту бойынша 100-ден аса техника дайын. Оның 11-і жалға алынды. Сонымен қатар 101 елді мекенде 246 шақырым қарлы учаскелерде қар ұстауға арналған темірбетон орнатылды. Кептелісті болдырмау үшін Хромтау және Қарабұтақ аудандарында ұзындығы 34 шақырым айналма жол салынды, — деді ол.

Айта кетейік, 21 қаңтар ауа райының нашарлауына байланысты Самара-Шымкент республикалық маңызы бар тасжолының 776 шақырымынан 1240 шақырымына дейінгі жүк және қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылған болатын. Құтқарушылар жолда қалған 82 шетел азаматын эвакуациялап, қауіпсіз жерге орналастырған.

Дәл сол күні дауылды ескерту жарияланып, бірнеше республикалық маңызы бар жолдардың қозғалысы уақытша тоқтаған болатын. Аталған тасжолдан бөлек, Ақтөбе-Орск, Дөң-Бадамша-Ақтөбе-Орск, Маржанбұлақ кентінен Батыс Қазақстан облысының шекарасына дейінгі учаскелерде көлік қозғалысына шектеу қойылды. Самара-Шымкент тасжолында Шымкент қаласынан Ресей Федерациясына бара жатқан автобуста техникалық ақау пайда болып, жол қозғалысын жалғастыра алмай, құтқарушылардың көмегіне жүгінді. Төтенше жағдайлар қызметкерлері Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей жолаушыларын, оның ішінде 3 баланы Құрылыс ауылының жылыту пунктіне жеткізді. Зардап шеккендер жоқ. Сондай-ақ Әйтеке би ауданы Қарабұтақ-Комсомол-Қостанай бағытындағы республикалық маңызы бар жолдың 114 шақырымында жолаушылар автобусы бұзылып, 31 шетел азаматы, оның ішінде 2 бала эвакуацияланып, Темірбек Жүргенов ауылының жылыту пунктіне орналастырылды. Боранды күні көліктері бұзылып эвакуацияланған азаматтар медициналық көмекке жүгінген жоқ. Дауыл туралы ескертулер жарияланған кезде, әсіресе түнгі уақытта алыс сапарлардан бас тартып, сыртқа шығудан аулақ болу керек. Ауа райы мен жол қозғалысы жағдайларын тұрақты түрде бақылап, қауіпсіз болғаннан кейін ғана жолға шығуға болады. Балаларды қараусыз қалдырмаған жөн. Қатты аяз кезінде электр құрылғыларын бір уақытта қосу арқылы электр желілерін шамадан тыс жүктемей, пештерді дұрыс пайдалану қажет. Автокөлікті ашық оттың көмегімен жылыту қауіпті екенін де ескеру керек, — деді төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығы  Аслан Арзымбетов.

А.АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button