Мәдениет

Байланыс саласының құрметті ардагері

Байланыс саласының адам өмірі үшін мәні ерекше. Ыбырай Алтынсарин атамыз айтпақшы, «Айшылық алыс жерлерден, көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызды» дейтін заман қазір келді. Бұрын айлап-апталап, екі көздері төрт болып, зарыға хат-хабар күтіп отыратын халық қазір  тіпті шетелде жүрген баласының жайын  мобильді телефон, тағы да басқа заманауи құрылғылар  арқылы табан астында біле алады.

Осы салада жарты  ғасырға жуық қызмет жасап келе жатқан байырғы байланысшы Жолдыбай Түменов халыққа  өз ісінің майталман маманы ретінде танылды.  «ҚР Құрметті байланысшысы», ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атақтарының, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, еңбек ардагері «Жолдыбай Аққожаұлы туралы ой толғаудың орайы келген-сынды.

Шалқар ауданындағы №7 ауылда 1938 жылы дүние есігін ашқан Жолдыбай Түменов те, оның замандастары да балалық шағын ойын қуып өткізген жоқ, олар соғыстан кейінгі қоңторғай тірлік кешкен ауылда жасынан еңбекке бейімделіп, тезірек адам қатарына қосылуды ойлады. Әкесі соғысқа кеткенде ағасы Баймырза 11 жаста, ал Жолдыбай небәрі 3 жаста еді. Отан қорғау жолында опат болған әкесінің бет-бейнесі есінде жоқ, тіпті суреті де сақталмапты. Әкесінің орнын жоқтатпай Баймырза буыны бекімей жатып теміржолда жұмыс істеп, анасы мен інісін асырауға жарады. Анасы Жанби мал бағып, екі баланы қатарынан кем қылмай өсірді.

Жолдыбай Аққожаұлы жасында теміржол бойында түтіні шұбатылып кетіп бара жатқан паровозды көргенде қызығатын. Шойын жолды төңіректеп, нәпақасын сол жерден тауып жүрген ауыл адамдарын көретін. Әкесі Аққожаның да теміржолшы болғанын естіп-білді, содан тиімді мамандық жоқ деп түсінді. Бала Жолдыбай теміржолшы  болсам деп те армандады. Ауыл ортасындағы сымдар тартылған  бөрененің басына ілулі тұрған репродуктордан шырқалған ән мен күйлер де жанына жағымды әсер ететін,  осы бір сиқырлы сезім оны небір армандарға жетелейтін. Ауылдастарының аузынан естіген «Тәшкендегі теміржолшының, байланысшының оқуы жақсы, болашағы бар» деген сөздері оның көкейінен шықпайтын.

Жасы кәмелетке толған соң, 1956 жылы Тәшкенді бетке алып, ондағы электротехникалық байланыс институтына  құжат тапсырып еді. Бірден жолы бола қоймады. Жасыл желек жамылған көңілді қаланы, тілі майда өзбектердің шайханасы мен ыстық палауын қимай-қимай, еліне қайтқаны есінде.

Жас жігіт оқуға түспедім деп  жасыған жоқ, алдына қойған мақсатына қайтсе де жетуді ойлады. Ақтөбе қаласына келіп, «Большевик» деп аталатын зауытқа (қазіргі «Сельмаш») жұмысқа кірді, темір-терсек сақтайтын қоймада жүкші болды. Екі-үш жыл зауытта жұмыс істеп ысылып, есейді, жақсы-жаманды таныды. Алдына қойған мақсатынан айнымай, жоғары білім алуды көздеп, Тәшкендегі байланыс институтына тағы да баруға  бел байлады. Сол жылы жолы болып, Жолдыбай Аққожаұлы Тәшкен байланыс институтының радиобайланыс, радиоторабы және телевидение факультетіне қабылданды. Ол уақтағы жастар оқысам-тоқысам, болашақта елге пайдамды тигізсем деуші еді. Сондықтан болар, Жолдыбай Түменов студент кезінде білімге құштар, ізденімпаз болды, институтты жақсы бітірді. Бала күнінен спортты жаны сүйетін Жолдыбай аға студент кезінде еркін күреспен айналысып, институттың мерейін өсіріп жүрді.

Жоғары білімді маман  ретінде қызметін  Ақтөбедегі телемұнарадан бастады. Радиоинженер Жолдыбай Аққожаұлы облыстың байланыс саласындағы өзгеріс-жаңалықтардың бәрінің басы-қасында жүріп, іске қызу араласты. Сол жылдары Байғанин ауданының орталығы Жарқамыстан Қарауылкелді селосына көшіріліп жатқанда, облыс радиоторабы орталығының инженері Жолдыбай ағамыз да өз қолғабысын тигізіп, қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткерді.

1965 жылы Шалқар қаласында Қазақ ССР Байланыс министрлігінің Жарлығымен Шалқар, Ырғыз. Мұғалжар, Октябрь аудандарының еншісіндегі байланыс жүйесін бақылайтын, оған  өзгертулер енгізетін техникалық пайдалану торабы ашылады. Соған Жолдыбай Түменов басшылыққа тағайындалады. Осы қызмет арқылы Жолдыбай аға байланыс саласының ыстық-суығына көне жүріп, оның қыр-сырына қанығады, байыпты басшы ретінде ел алдында, ұжымында үлкен беделге ие болады.

Бүгінде «көк жәшік» кез келген үйде бар, ол ешкімге таңсық емес. Ал алғаш елге теледидар келгенде,  халықтың төбесі көкке жеткендей болып еді. Әлем жаңалықтарынан хабардар болып, концерттерді, фильмдерді тамашалауға құмар еді. Кәнігі маман Жолдыбай Аққожаұлы —  Шалқар қаласына теледидар көрсететін мұнараны, басқа да құрал-жабдықтарды өзі орнатып, ел қуанышын еселей түсіп еді. Ол уақытта Қазақстанның 19 облысының 10-ы ғана теледидар көру мүмкіндігіне қол жеткізген-тұғын. Шалқар қаласында бұл шаруаның іске асуына Қазақ ССР Байланыс министрі Әбдіразақ Елубаев пен Шалқар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ ССР жоғарғы Кеңесінің депутаты Төлеу Алдияров тікелей ықпал етті.

Шалқарда Жолдыбай аға бас болып тындырылған істер аз емес. Мысалы, 1967 жылы Шалқар қаласына 500 нөмірлі автоматты телефон стансасы орнатылды. Шалқар мен Ырғыздың арасындағы   Қызылкөл, Сарысай, Талдысай бекеттеріне биіктігі  50 метрлік мұнаралар тұрғызылып, ауыл халқының теледидар көруге мүмкіндік алған еді.

Жолдыбай Аққожаұлы байланыс саласының кәсіби маманы әрі іскер басшысы ретінде лауазымы әрдайым жоғарылап отырды.

1978 жылдың 18 тамызында КСРО Байланыс министрлігінің Жарлығымен Ақтөбе қаласында енді ашылғалы жатқан электробайланыс техникумының алғашқы директоры болып тағайындалды.

Техникумның оқу ғимараты, жатақханалар  жаңадан салынып жатты, қаңқасы тұрғызылғаны болмаса, әлі де атқарылар шаруа шаш-етектен болатын. Әрдайым жауапкершілікті терең сезінетін Жолдбай Аққожаұлы  жұмыстың аужайын байқап көрді. Сосын Ақтөбе облыстық өндірістік-техникалық байланыс басқармасының бастығы Михаил Васильевич Ендовицкийге барып, мән-жайды түсіндіріп, құрылыс жұмыстарын аяқтауға көмек сұрады. Өйткені сабақ басталатын уақыт та таяу болатын. Іскер де ыждағатты басшы М.Ендовицкий күніне әрлеу жұмыстарына 200 байланысшыдан жіберіп, құрылысты уақытында аяқтауға жәрдемдескен еді.

Жолдыбай Түменов техникумды 20 жылдай басқарды. Бастапқы кезде техникумға сабақ беретін мамандар тапшы болды, Мәскеуден, Самарадан, Тәшкеннен мамандар шақырылды. Олар 2-3 жылдан әріге тұрақтай қоймады. Жас мамандарды пәтермен қамтамасыз ету мәселесі де оңай емес еді, соған қарамастан Жолдыбай Аққожаұлы жас мамандар үшін жылына 2-3 пәтерге қол жеткізудің жолдарын тапты. Оқу орнын басқару да оңай шаруа емес. Мәселе жас ұрпаққа тыңғылықты білім берумен шектелмесе керек, техникумның оқу ғимараттары, жатақхананы күтіп ұстау, олардың айналасын көркейту де кейінге қалдыруды күттірмейтін шаруалар. Ал ата-анасынан жырақта жүрген жастардың тәрбиесіне мән бермесе тағы болмайды. Осының бәріне бірдей бас ауыртты. Техникум 14 жыл бойы Мәскеуге қарады.

90-жылдардағы қоғам өміріндегі өзгерістер білім саласына да әсер етпей қалмады. 1997 жылы  Жолдыбай ағай басқарған техникум Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университеттің қарамағына беріліп, оқу орнының берекесі кетті. Өз қолымен тұрғызған техникумның тоз-тозының шыққаны Жолдыбай ағаның жанына батты, бірақ сыртқа сыр бермеді, шыдап бақты. Дегенмен бұл мәселенің де ақ-қарасы анықталып, байланыс колледжі болып қайта орнына келтірілген оқу орнында Жолдыбай Түменов әлі күнге қызмет істейді.

«Шәкіртсіз ұстаз — тұл» демей ме, Ақтөбедегі байланысшылардың көбі — Жолдыбай ағаның шәкірттері.

— Байланыс саласында тапжылмай жарты ғасырдай уақыт еңбек етіппін. Өзімнің сүйген кәсібімнен әлі күнге қол үзген емеспін. Осы оқу орнында шәкірттердің үш буынын тәрбиелеген екенбіз. Техникум ашылғанда әкесін, кейін баласын оқытсақ, қазір немересі алдымыздан өтіп жатыр. Ұстаз үшін бұл — үлкен мәртебе. Қазіргі колледж оқушыларына оқимын десе барлық мүмкіндік бар.  Байланыс саласына мамандар даярлайтын республикамыздағы екі оқу орнының бірі саналатын  Ақтөбе мемлекеттік  байланыс колледжіне оқуға түскісі келетіндер көп.  Қазіргі оқушыларға қарап отырғанда, жас кезім есіме түседі.

Баяғыда біздер оқығанда мұғалімдерден қорқатынбыз, алдынан кесе өтпей  сыйлайтынбыз, оны қорыққандық емес, тіпті сыйластық, адамгершілік, ұялу деген де дұрыс шығар, — дейді Жолдыбай Түменов.

Телефон келгенше, 1963 жылдары ауылдармен радиостанса арқылы байланыс жасалатын. Алыстағы  Матайқұм, Аяққұм сияқты  мал ауылдарға радиожелісі арқылы хабарласатын, сол кезді көрген Жолдыбай аға қазіргі байланыс саласының мүмкіндіктерінің молайып, дамып кеткеніне қуанады. Облыстық радиоторабы мекемесі бастығының орынбасары,  облыстық телекоммуникациялар дирекциясында инженер болып еңбек еткен Жолдыбай Түменовті әріптестері құрмет тұтады.

— «Қазақтелеком»  компаниясының Ақтөбе телекоммуникациялық дирекциясының директоры  Сәулебек Тәнекеновке, барлық әріптестеріме алғысым шексіз. Байланыс саласының ардагерлерін әрдайым назарда ұстап, мерекелерде құрмет көрсетіп жатады, — деп ризашылығын білдірді.

Көп жыл отасқан зайыбы, марқұм Жақан апай екеуі 5 бала тәрбиелеп өсірді. 11 немере, 4 шөбере сүйіп отырған қадірменді ата Жолдыбай Түменовтің немерелерінің бірі  Абай Түменов  күй тартудан байқаулардың алдын бермей жүрсе, ал Абай Түменов — бильярдтан жасөспірімдер  арасында үш дүркін  Қазақстан чемпионы.

Достыққа берік Жолдыбай Аққожаұлының 66 жыл бойы  жұптары жазылмай  келе жатқан құрдастары бар. Олар — мектепте бірге оқыған, қызметті қатар жасаған азаматтар, достық-жолдастық, сыйластық дегеннің қандай болатынын кейінгіге өнеге  етіп көрсетіп жүрген абзал ағалар. Ардагер теміржолшы Орынбай Дәрібаев, ардагер ұстаз Жексенбай Шүйтенов сияқты құрдастарының қатарында дүниеден ерте кеткен достары журналист Әкімжан Оралбаев та бар еді. Қазір Әкімжанның жары Қапиза апай да осы азаматтар бас қосқан жерден табылады.

Ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдық тойына жеткеніне тәубе дейді.

— Тәуелсіз ел   болғанымыздың өзі бақыт емес пе? Жиырма жылда ел  танымастай өзгерді. Қай салада да ауыз толтырып айтарлықтай жақсылықтар бар. Қазір кім еңбек етсе, сол адам жерде қалмайды. Жұмыс іздеген адам табады.   Басқалармен салыстырғанда байланыс саласы көп ілгерілеп кетті. Осыдан 20 жыл бұрынғы байланыс саласының арасы жер мен көктей. Оны халықтың өзі де көріп-біліп отыр.Тек ел аман, жұрт тыныш болсын, — деп тілейді Жолдыбай Аққожаұлы.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button