Мәдениет

Бір машина шөп

Қажиғали Мұқанбетқалиұлы

Қазақ әдебиетіне ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары біреу көріп, біреу назар аудара қоймаған «Жөке атай» атты әңгімесімен қосылған жазушы Қажығали Мұқанбетқалиұлы ХХІ ғасырдың кеше ғана аяқталған 2011 жылы, желтоқсанның соңғы күндері «Сырым батыр» романының нүктесін қойды.

Аяғын аңдап басқан алғашқы әңгіме мен қазақ тарихының ең даулы тұстарының бірін тірілткен қалың роман дүниеге келіп жатқан аралықта Қажыағаң көрнекті жазушы болып қалыптасты.

«Жұлдызды түндер», «Тоғай сыбдыры», «Жаңғырық», «Қайдасың сен, махаббат?», «Сынық терезе», «Жалғыз жиен» атты әңгімелер мен повестер жинақтары оқыла-оқыла мұқабасы ақжемге айналған кітаптардың санын толықтырды. Ал Алматыдан 2010 жылы жарық көрген «Тоғысар арнамыз бір толғанғанда…» деп аталатын әдеби сын-мақалалар, зерттеулер, ой-толғаныстар кітабы қаламгердің ұстанымы қай кезде де адалдық пен әділдік, біліктілік пен парасаттылық екенін және қайтадан бір танытты.

Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін 1965 жылы үздік бітіргеннен кейінгі алғашқы еңбек қадамын Ақтөбе облыстық телерадиокомитеті мен облыстық «Коммунизм жолы» («Ақтөбе») газетінде бастаған, кейін «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты хатшысы, «Жаңа фильм» журналының бас редакторы болған, ең бастысы, Байғанин өңірінде дүниеге келгеніне биылғы желтоқсанда 70 жыл толғалы отырған туысымыз, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қажығали Мұқанбетқалиұлы сүйсінуге жарайтын ұл.

Биылғы мерейлі жылы басталар шақта оқырмандарымыздың назарына жазушының танымал туындыларының бірі — «Бір машина шөпті» ұсынып отырмыз.

Үй іргесінде мизамның майда шуағына маңдай төсеп, әр қиялға бір беріліп отырған Әліш қарт аула сыртына кеп тоқтай қалған жеңіл машинаға самарқау бір бұрылып қарағаны болмаса, пәлендей назар аударған жоқ. «Е, шаруасы болса, келіп жолығар» деп, қиқарланып орнынан да тұрмаған-ды.

— Ассалаумағалейкум, ата! — деген дауысты естігенде ғана ошарыла бұрылып, тамырланған жұмыртқадай қызыл ала көзін қарсы кеп қалған балаң жігіттің жүзіне қадады.

— Әликмүссалам! Бұ қайсың?

— Мен ғой… Мұратпын, ата! Бірдеңеге ренжіп отырған секілдісіз ғой, өзіңіз..

— Е-е, несін айтасың, шырағым!

— Иә, не боп қалды? — Жас жігіт жымиып қойды. «Ал енді ақыр заман соғады,— деп ойлады іштей… — Апырай, осы кісілерге де не жетпейді екен?»

— Не болғанын несін сұрайсың? Қуаты қайтқан кәріге не болса сол уайым, шырағым. Жүріп-тұру уайым, кемпірің тіліңді алмаса — уайым; ата сақалың аузыңа түскенде әркімге жалтақтағаның — уайым; бәрінен де — аппақ басыңмен бара қалғаныңда сөзің жерде қалса, онан өткен жамандық, сірә, жоқ екен…

— Қайда, кімге барып едіңіз? — «Таусылып отырсыз ғой, тегі» демекші еді, тілін тістей қойды.

— Кімге дерің бар ма? Ит тірліктің қамымен осы перменің бас көтергеніне түгел кіріп шықтым, шырағым! Қолымда бір-екі қара, оншақты жандығым бар еді, соған бірер машина шөп алсам деп… Анада бір келгенде деректірдің өзіне де жолыққам. Өпірап — әлгі жаман Әжібайдың баласы ғой, соған да бардым бүгін.

— Иә, ол не дейді?

Қарт төмен қарап біраз уақ үнсіз отырып қалды. Сонсоң бұтақтарын шауып-шауып тастап, безін түрпімен тегістеп алған жуан таяғымен жерді нұқып-нұқып қойды. Құдды, осылай етсе мына сауалдың жауабы түрткілеген жерінен шыға келетін секілді.

— Е-е… шырағым-ай,— деді әлден уақытта. — Не десін ол? Алдындағы асын алып іше алмайтын жамән Әжібайдан жөн білетін жөндем ұл туды деп пе ең?! Ол шіркін білікті болса, әкесіндей кісі алдына барғанда дұрыстап сөйлеспей ме. «Кісі қартайғанда қайтадән бала болады» депті бұрынғылар. Біздің де бала болған кезіміз ғой бұл… Ең болмаса, былай… алдап-сулап дегендей, шығарып салмай ма!? Соған да ырзамыз ғой біз.— Қарт тағы да таяғымен жерді түйгіштеп қойды.— Әй, құдай… Осы қазақ: «Жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз» дейді. Айтшы өзің, қайда сол!? Ондайды көрсем, көзім шықсын!

Алды-артын орап тастаған мынау сөзге уәж таппай, әрі қарттың мінезін білетін болғандықтан бірдеңе деуді ыңғайсыз көрген жас жігіт, бар болғаны ыржалаңдап төмен қарай берді. Бір есептен қарияның сөз ләміне күлкісі келсе, қай жағынан шығып қалам деп қысылып та барады.

Отырып-отырып:

— Апырай, Әлеке, бүгін ашулы екенсіз… Бас аманда тезірек кеткенім дұрыс-ау,— деді әйтеуір бірдеңе деу үшін.

Өтірік күлІп орнынан тұра берген. Таяғымен жасқап қарт оны қайта отырғызды.

— Жә, немене, от алып орманға қашып… Шаруаңды айтпаймысың?

— Ой, әшейін… Қандай шаруа болушы ед, құдай! Орталыққа Алматыдан ақын-жазушылар келген екен. Соларды бүгін осында әкелесің деген соң, кетіп бара жатыр ем. Шешемнің қымыранынан жұтып шығайыншы деп…

— Е, ендеше үйге кір!

— Ә, кірейін. Кірейін, ата! Айтпақшы, қонақтармен бірге директор да келеді дейді. Жолығып қалмайсыз ба тағы?..

— Іһмм, анық келе ме екен? Рас болса, солар келгесін зыр еткізіп мені апара қойшы, шырағым! Үйден сірә шықпаспын бүгін. Күтейін сені.

— Жақсы!

— Сөйт, шырағым.

 

***

Ауық-ауық сыртқа шығып, күнұзақ қара жолдың үстін аңдумен болған қарт, әрі күтіп, бері күтіп, қарайған ештеңе көре алмаған соң қажиын деді.

Бесін уағы да болып қалыпты,

«Қой, бүйтіп жүргенде намазым қаза болар»,— деп, қайтадан ішке кірді де, зілдей қара құманды алып, әдеттегісінша аула сыртына беттеді.

Өткен жылдан қалған азғантай шірінді шөп бар еді. Соның ығына кеп, жуынып-шайынып, ұзақ отырды. Ара-тұра, екі білегіне алма-кезек су жүгірткен сайын «біссімілла, біссімілла» деп қойып, ең болмаса мінәжат етерде бір намаздан басқаны мүлде есінен шығарғысы келіп, ынты-шынтымен ұйып-ақ еді. Неге екені белгісіз, әлдебір зіл жан-жүрегін езіп, осындайда көкірегіне рахман нұрын ұялатар: сабыр-тақатқа, тәубе-шүкіршілікке біржола ден қоя алмады.

«Иә, алла, абыройыңды бере гөр…— деді қарт терең күрсініп. Көкірегінен жалын шыққандай болды.— Әй, біліксіз неме-ай… аппақ сақалымды сыйламады-ау! Әкесіндей емес пе ем, мен».

Әлекең «жаман Әжібайдың» өпірап баласын тілдеп отырғанын осы сәтте ғана аңғарды. Манағы бір сөз кәрі көңілге қара шеңгедей-ақ қадалған екен. Сол есіне түскенде жүрегі тағы да сыздап кетті.

…Бар шаруасы — бір машина шөп сұрау-тұғын. Анада деректір бала да уағда қылған соң, соны арқаланып кеп:

— Иә, балалар, аман-сау бәрмысыңдар, шырақтарым!—деп өзімсіне, емін-еркін кіріп еді кеңсеге.

«Өпірап бала» қатты кетті.

— Ақсақал, біз бір тығыз шаруа жайын сөйлесіп отыр едік. Кейін келіңіз, кейін…— деді есендеспестен.— Қазір уақыт жоқ! Естіп отырсыз ба, уақыт жоқ!

Тымағының бір құлағын қайырып, сөз тыңдауға дайындалған қарт күмілжіп қалды.

— Апырай, шырағым-ай… ә! Кәрі кісіге әрлі-берлі жүру де оңай емес. Келіп қалғансын шаруамды тындырып жібере ме деп ем…

— Айтып отырмын ғой, уақыт жоқ деп… Түу-у, бұ жұртта түсінік деген болсайшы! Мінеки, өлмелі шалға дейін осында келеді. Асарын асап, жасарын жасаған соң, жатпай ма екен үйлерінде. Дүние-малды өзіммен бірге әкетем дей ме екен осы…

Қарт қарсы алдындағылардың қайсысы сөйлеп отырғанын білгісі келгендей, екеуіне алма-кезек қарады. Сонсоң екі беті быттиып, үлкен үстел басында төбедей боп отырған «жаман Әжібайдың» дүр қара баласында қадала қалып:

— Ә, балам,— деді әкенің қатқыл үнімен, — о не дегенің?! Әкең «жаман» атанғанмен, осындағы бір тайпа елге сені бас қойғасын, жөн білетін жігіт шығар деп келіп ем. Әлі шала екенсің ғой, шырағым. Бұрынғылар: «Түстік өмірің болса, күндік мал жина» деген. Өзіңмен көрге бірге әкетесің деп емес, ажал жеткен күні «өлім бардың дәулетін шашады, жоқтың артын ашады» деп айтқан. Сенің әкең Әжібай өлсе, артында  мына өзің барсың, мен кіміме сенем?! Өзіммен бірге қисая кеткелі тұрған кемпірге ме?! Ойбу, шырағым-ай… «Сенген серкем сен болсаң күйсегеніңді ұрайын» дегеннің кері болды ғой мынауың.

— Жә-жі, ақсақал! Сенімдірек біреуді тауып аларсыз ендеше! Сізбен тәжікелесіп тұруға уақытым жоқ. Барыңызшы, барыңыз… бар…

— Е, енді кеңседен қумақпысың? — Шал да осы кезде шорт кетті. — Әлде әкең Әжібайдың салып берген кеңсесі бар ма еді? Осы сапқозда бәлен жыл еңбек етіп, арқа етіміз арша, борбай етіміз борша болғанда, естиік дегеніміз осындай сөз бе? Келіп мұғдамызды айтпаймыз ба енді, шырағым-ау! Мына төңіректегі жұрттың бәрі отынын-суын, малының жем-шөбін қара күзден қамдап алып, шырт-шырт түкіріп отыр. Біздің жүрісіміз болса, мынау…

— Жұртта неңіз бар, ақсақал. Әлі ешкімге шөп берілген жоқ. Әуелі совхоздың малын қамтамасыз етіп алмай берілмейді де.

— Е, ендеше анау ақпарларың не, беріп жүрген? «Сапхоздың пішен жоспарын орындадық, қыстақтар жем-шөппен қамтамасыз етілді» деп кәзетке жазғандарың баяғыда емес пе еді?! Сосын келіп отырмын. Оны былай қойғанда, осы кәнтордың айналасындағылардың үйі жаққа көзіңді салшы. Мына өзіңнен бастап, бәріңнің аулаң толып тұрған жоқ па?

— Онда сіздің шаруаңыз болмасын. Осы совхоздың отымен кіріп, күлімен шығып жүрсе, неге бермеске оларға?!

— Біз күймеппіз бе ыстығына? Суығына тоңбаппыз ба? Сапқозыңды былай қоғанда, осы жерге колхоз күнінен ащы терін төккен  біз емес пе едік?! Әлде… ішіндегісін шегіп тауысқасын, әлдеқайда лақтырып тастайын алдыңдағы темекінің қорабы болдық па біз?

— Әй, қарт, жұмыс істетесің бе, жоқ па? Сенсіз де шаруа бастан асып жатыр. Құдай үшін, кеңсені босатыңызшы! Шөп мәселесін мен шешпеймін, директордың өзінен сұраңдар дедім ғой енді, өзінен! Өзінен… Барыңызшы!

— Ә, жақсы! Оныңды да көрерміз.

Қарт орнынан сүйретіле тұрды да, тақтай     еденді таяғымен тық-тық түйгіштеп, шығып жүре берді.

…Ендігі отырысы мынау. «Қап әттегене…— Әлекең тағы күрсінді.— Бекер-ақ барған екем.  Жас жетпістен асқанда жас баладан нақақ сөз естірттің-ау, құдая!!!— деді налып. — Барға қанағат, жоққа салауат деп, жайыма неге жатпадым!? Өлмесе — өмірам қапсын оншақты жандық пен бір-екі қара! Ата сақалым аузыма түскенде, сүйегіме бітпеген сұрамсақтық немді алып еді менің?»— Қарт өз ойына өзі мүдірді.

«Жоқ! — деді сол сәтте ішкі бір дауыс әлсіз ғана.— Кім алмай жатқан бір машина шөп ол?! Гәп сонда деймісің?! Аппақ басыңмен бара қалғаныңда, ұялса да, сыйласа да, былай… ең болмаса, жас адам болып ізет көрсете қойса нетуші еді?! Онанда кісілігінің болмағаны дағы десейші».

— Сап, сап!— деді қарт өзіне-өзі кәдімгідей күбір етіп.— Қайтесің… Білігінің жеткен жері сол шығар, бәтшағардың!

Құманын қолына алып, буын-буыны сықырлай, орнынан тұра бергені сол еді, әлдеқайдан дүр етіп шыға келген машина үй алдына тоқтай қалды.

«Ә-ә… Әлгілер келген болды-ау?»

Бағанағыдай емес, қарт самарқау бір күйде сылбыр басып қақпаға беттеді.

— Келді, ата! Директор қонақтармен бірге кеңседе отыр. Тезірек барып жолығып қалыңыз!— деді алдынан шыққан Мұрат елпілдеп.

Әлекең әлденеге күмілжи берді:

— Ә, жарар! Келсе, қайда кетер дейсің! Барамыздағы.

— Ойбай-ау, кісілерді ертіп бір үйге қонаққа кетіп қалса, тағы күтіп жүресіз бе?! Үстіне бару ыңғайсыз болады ғой.

…Кежегесі кейін тартып тұрғанмен, енді мына балаға не себеп айтарын білмеген қарт, амалсыздан киіне бастады. Ұзақ күйбеңдеп бірдеңесі ұмыт болған кісідей біраз уақыт тағы айналшықтап, машинаға да әрең отырды. Онымен қоймай, жүрерде:

— Әй, жайырақ жүргіз!— деп қойды Мұратқа.

 

***

Әлекең соңғы жылдары ғана сәл еңкіш тартқаны болмаса, қақиған ұзын кісі еді.

Бүгінде қуаты кеміп, жүріс-тұрысы әбден ауырлағанмен, сырт көзге сыр бермей, ит кәрілікке де сол қақиған күйі жеткен-тұғын. Бағана «баладан» сөз естігеніне жасыды ма, әлде сол жерде өмірі істемеген әдетін істеп өзінің де әлденеге сұрамсақтана қалғанына өкінді ме, бәлкім «енді бармаспын» деген жеріне тағдырдың талшыбығы тағы да айдап келе жатқанына іштей қарсылық білдіргені шығар, әйтеуір машина кеңсенің қасына кеп тоқтай қалғанда түскісі келмей, тағы да ұзақ күйбеңдеді. Мұнысы — жетпістің желкелегенін желеу етіп, әшейін Мұратқа көз қылғаны еді; кенет «қарап тұрған сырт көз де болуы мүмкін-ау» деген ой келгенде, сүйеуіші жоқ болған соң сүйретіліп өзі келген кәрі екенін шынымен-ақ көрсеткісі келіп кетті.

Қарт бір аяғын есіктен шығарып, өп-өтірік еңкең-еңкең етіп қойды.

Соның арасынша машинаның алдын орай жүгіріп кеп, жас жігіт қолтығынан алған. Күткені де осы еді: қарт оның иығына алдымен иығын артып, сонсоң бүкіл салмағын сала (арасында әдейі естіртіп аллалап та қойып), түсе берді… «Түсе берді» емес-ау, топ етіп оп-оңай түсе қалғаны! («Алда, бар болғыр-ай!») Құмдауыт майда топыраққа табаны былқ ете қалғанда, шошып кетті. Ұялғанынан шошыды. Алланың атын аузына алып, қара аспанды қапылдырғандағы өзінің мына ісі — шолжың өскен дардай баланың ата-анасына әдейі жасайтын жосықсыз еркелегі секілді ерсі көрініп, ұяттан өртеніп кете жаздады. «Ой, алла-ай, кісі қартайғанда қайтадан бала болады деген рас екен-ау!» деді ішінен. Сасқанынан жадағайының етегін қаққыштап, өп-өтірік жөтеліп, жасаурап тұрған ештеңесі болмаса да, қызыл ала көзін қайта-қайта сүрткіштей берді.

Біреу таяғын ұстатқан. Мұрат екен. Қарт әлгі екпінімен бір-екі жөткірініп, енді өзі тілеп алған өлмелі кәрінің бейнесінде кеңсеге қарай амалсыз қозғала берді. Жан-жағына да осы сәтте ғана назар салған. Тірі пенде жоқ екен. Ешкім көзіне түспеді. Манадан бергі ісінің бәрі айдалаға кетіпті…

Қарт бұған қуанбаса, ренжіген жоқ. Әлгі жасанды, жалған пердесін лезде жұлып тастап, елге белгілі Әліш қалпына — кәдімгі әрі қиқар, әрі тентек қарт кейпіне қайта түсті.

Сол-ақ екен, құдды осы жерге біреу жалынып-жалпайып ертіп келгендей-ақ:

— Әй, Мұрат! — деді шофер балаға өктем де айбарлы дауыстап. — Әлгі деректір бала қай бөлмеде отыр. Көрсетіп жібер!

— Ферма бастықтың! Қабестің кабинетінде, ата… Жүріңіз!

Келе жатқанымда кеңседегілер білсін дегендей, коридордың тақтай еденін таяғымен қаттырақ дүңкілдетіп, ол аздық еткендей тіпті қолтықтап келе жатқан Мұратпен қасақана самбырлай сөйлесіп, қарт бағана келіп кеткен бөлмеге тақала берді. Онымен де қоймай, есіктің тап алдына келген жерде:

— Әй, Мұрат, осы ма еді әлгі жаман Әжібайдың баласының кеңсесі? — деді қыршаңқыланып. Іштегілер де естісін деп, даусын әдейі қатайтыңқырап айтты.

Мұрат мұндайды күткен жоқ-ты. Ә дегенде не дерін білмей, абдырап қалды. Қарттың қияңқылықпен сұрап тұрғанын біраздан соң барып түсініп:

— Осы! Осы, ата… — деді де, сөзінің аяғы ым мен сыбырға айнала беріп, сыртқа ата жөнелді.

— Ия, алла-а-а! — Әлекең қоңырқай тартып тұрған күңгірттеу бөлмеге сиыршылап сүйкене-мүйкене енді. Жиналып отырғандар жалт-жалт қарасып, мынаның тегін қарт емес екенін білгендей, қадала қалысты. — Иә, балалар, амансыңдар? — деді шал кірген бетте жан-жағына түксие қарап. — Есен-сау жүрсіңдер ме, шырақтарым?

Қонақтар дабырлай сәлем берісті; қарт ешқайсысының бет-жүзіне дұрыстап қараған жоқ, әйтеуі олар қолдарын ұсынып жатты, бұл ала берді.

Ақыры, есендесіп болып, мұнартқан қызыл ала көзімен отыратын жер іздеп, жан-жағына түйіле қараған.

— Ақсақал! — деді үстел басында отырған «жаман Әжібайдың баласы» тыныштықты бұзып. — Ақсақал… бұ кісілер алыстан келіп жатқан қадірлі қонақтар еді, шаруаңыз болса, кейін-ақ келерсіз. Ауыл арасы емес пе, бүгінсіз де уақыт жетеді ғой, осы!..

Әлденеге шыбын-шіркей боп, қипаңдай айтқанын отырғандардың бәрі де анық сезді. Бірақ қонақтың жолы — қыздың жолындай жіңішкелікке бағып, ешқайсысы әдептен озбады.

Қарт естімеді ме, әлде естісе де естімеген болды ма, кім білсін! Түртінектеп жүріп анадай жерде тұрған орындыққа барды да, жалп етіп отыра кетті.

Тым-тырыс тыныштық.

Терезеге соққан шала-жансар шыбынның тырс етіп барып ұшып кеткен ызыңы жетті.

— Іһмм…— Қарт ыңыранып жан-жағына қарады.

Құдайға шүкір, құлағы әзірге жақсы еститін. Әлгі сөзді де анық шалды. Әсіресе, «жаман Әжібайдың» әкім баласының даусы шырқырай шыққанда тіпті жақсы естілді. «Қап, бәлем… — деген ішінен. Кәрі жынын қоздырғанда бәтшағардың сол шырқырағаны…. — Шөбіңді бермесең, басыңа шайнап жақ! Өзімсініп келгенде көрсеткенің манағы ғой… Сен аппақ сақалымды сыйламағанда мен неме қысыламын?! Бір машина шөп алмағанда өлем бе алдарқату болса да бір ауыз жылы сөзің емес пе еді естігім келгені… Енді кеп «ақсақал, ақсақал…» деп, сақал сыйлағыш бола қалуын мұның!».

Тентек шал төңірегін тінте қарап шықты.

«Қадірлі қонақтар» деген соң, расында ыңғайсыз боп жүрмес пе екен деп қарағаны еді. Айналасындағылардың бәрі де ашық жүзді, маңдайлары жазық жап-жас жігіттер екен. Қысылатындай еш бөтендік аңдай алмады. — Іһмм, — деп қойды тағы.

Сонсоң үстел иесінің сұрағына, әлде қонақтартарға айтқаны белгісіз: — Әлгі деректір бала көрінбейді ғой?— деді түксиіп.

— Директор шығып кетті… Ақсақал, бұ кісілер — сонау Алматыдан келіп жатыр. Естіп отырсыз ба, Алматыдан келіп жатқан, кәдімгі бәріміз сүйіп оқитын ақын-жазушы деген жолдастар осылар болады. Көргіңіз кеп келген болсаңыз, кешке мына өздеріңізбен, біздің екінші ферме еңбеккерлерімен кездесу өткізеді, сонда көресіз ғой!— Үстел иесінің қабарған қара сұр жүзінде «енді де кетпейсіз бе?» дегендей, жалыныш пайда болды.

Шал қыңбады.

— Еһ!— деді қайта өзіне кейіп,— ақын-жазушы болса, бұлар да біздің бір-бір шалдан дүреген шығар. Оның несін айтасың?! Әкелері жоқ деймісің, әлде… шал көрмеп пе! Шипаңдап тұрғаның сол екен ғой. Шайырлардың сөзінен шайпаулар өлердей қорқады, әрине. Ондайды сенсіз де талай көргем, маған таң емес. Таңертең «бір машина шөп сұрадың» деп, тіліңе ие бола алмап ең… Дәу де болса соныңнан қипақтап тұрсың ғой. Теріс ісіңді те-егіс ел естісін! Мына балалардың құлағына тигені тәуір болғанын көрдің бе?

Шал әлі талай нәрсе айтар ма еді, кім білсін, осы сәтте есік айқара ашылып, әлгінде бір шаруаларымен шығып кеткен директор кіріп келді.

— Ау, Әлеке, ассалаумағалайкум! — деді елпілдеп.— Қайдан жүрсіз, қария?

Қарт қажыған жүзбен:

— Жә, бір ұсақ-түйек әңгімемен…— дей салды. Қайтадан қазбалағысы келген жоқ.

Айтпауға қонақтардан ұялды ма, әлде «естір жұрт сірә естіді ғой» деді ме, ферма бастық қызарақтап:

— Шөп сұрап мазалайтын кез ғой. Бұл кісі де бұл шаруамен… — деп күмілжіді.

— Әлекеңе әлі шөп түсіріп бермеп пе едіңдер? Ең алдымен осындай кісілерге көмектесіңдер дегенім қайда? Жолдас Әжібаев, сіз… — Директордың жүзі күреңітіп, біресе ферма  бастыққа, біресе қонақтарға қарап тұттыға сөйледі.— Сіз неғып ескермегенсіз!? Ылғи ұмытасыздар да жүресіздер осы… Ертеңнен қалдырмай бұйрықты орындайтын болыңыз!  Ал, Әлеке…— ендің қартқа бұрылды,— ертең ең бірінші сіздің үйге түсіріледі шөп! Қазір құр бекерге қиналмай, қайта беріңіз. Қанеки, машинамен жеткіздіріп тастайын. Жүріңіз! Жүріңіз қане, қария…

Үйде қонақ отырғанда, тентектік жасаған баласының қолына бір-екі арзан кәмпит беріп алдап-сулап далаға шығарып жіберетін болушы еді. Директор мұны да соған ұқсатып, сыртқа жетектеп шығарғандай етті.

Қарт мұны түсінді-ау! Бірақ кежегесі қаншама кейін тартып тұрса да, ісінің пәтуасыздық боларын ұққандықтан, амалсыз шықты. Қыж-қыж қайнаған ішінде айтылмаған сөзі, ызалы өкініші бірге кетті.

«Қап, мыналарды-ай! — деді машинамен үйіне келе жатқанда ғана күйіне сөйлеп,— бірінен соң бірі қақпақылдады-ау, бәтшағарлар. Кісінің көзінше өзімді «ала дорбасы алдына түскен» алжыған еткендерін көрдің бе! Қап! Жап-жас болып су жұқпас судырақтықты қашан үйренген бұлар? Бірінен бірі өтеді-ай… Түу! Аузымды ашырмай тастағанын! Неге айтып-айтып кетпедім, осы! Мықтаса бір машина шөбін бермес. Қап!!!».

 

***

Келесі күні ыңыранта тиелген нән машина шөп үйінің қасына түсіріліп, кемпірі есі шыға қуанып, пішеншілер абыр-сабыр болып жатқанда, Әлекең анадай жерде іші әлем-жәлем боп жүдеп тұр еді.

Неге екенін кім білсін, қартайғандағы қадірінің ендігі құны — осы бір машина шөп секілді көрінді.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button