Мәдениет

Амантай ақынның «Талтүсі»

Дүйсенбі күні Ақтөбедегі Достық үйінде ақын Амантай Өтегеновтің 60 жасқа толуына орай «Камер-юнкер безбрежных степей» атты поэзия кеші өтті. Кешті ақын Мейірхан Ақдәулетұлы жүргізді.
Дегдар Жұматай Жақыпбаевтың Олжас Сүлейменовке арнаған өлеңі былай басталады:
Қалай деп ағам қарадым аспанға кілең,
Бағасын жұлдыз көрсетті бас бармағымен.
Қасоққа әкеп береді балық пен суын,
Іле өзені Қытайда басталғанымен.
…Орыс тілінде жазғанымен, Амантай да, ең алдымен, қазақтың ақыны. Ол орыс поэзиясына қазақтың жанын, болмысын, дүниетанымын ала келді.
Тамыры терең, талғамы қалыптасқан оқырманы бар әрі аз ұлттардың ақын-жазушыларына сәл «жоғарыдан» қарайтын орыс әдебиетінің өкілдері өз тілдерінде жазған далалықты бірден қабылдай қоймайтыны белгілі. Ақынның біздің өткен аптадағы номерімізге берген сұхбатында айтқандай, олар мойындау үшін тек мойны озық дүние жазуың керек. Амантай сондай шығармалар жаза алды. Кеште баяндама жасаған Александр Дунаенко, міне, осы мәселені терең қамтып өтті.
Кеңес өкіметінің кезінде де, одан бертінде де орыс, әлем әдебиетінің жауһарлары қазақ тіліне аударылып келеді. Дүниені орыс тілі арқылы таныған және оны біршама меңгерген қазақ ақын-жазушылары аудармаларының бәрі бірдей сәтті деуге келмес, әрине. Бірақ түпнұсқадан  асып түсетін дүниелер де бар. Қалай дегенде де қазақ тәржіманы меңгерді.
Ал қазақ тілінен орыс тіліне аударылған дүниелер туралы олай айта алмайсыз. Себебі орыс аудармашылары көбіне жолма-жол аудармаға сүйенді. Әрине, бұл — әлемдік тәжірибеде кең қолданылған әдіс. Бірақ жолма-жол аударма ұлттың болмысын, дүниетанымын «айта бермейді». Сондықтан кейде ең жақсы аударманың өзінің бір шикілігі шығып тұрады.
Бұл тұрғыда Амантай аудармаларының өресі биік. Өйткені ол екі тілді де жетік біледі. Сөз зергері Тахаңның, кіді Қалтай Мұхамеджанов пен кірпияз Әбдіжәмілдің Алматыдан «адам таппай», бір түкпірде жатқан Амантайды іздеуінде осындай гәп бар. Абай мен Махамбетті орыс тілінде «сөйлеткен» Өтегеновті қалай мақтаса да жарасады.
Ал енді Амантай өлеңдерінің қазақшаға аударылуы қалай?
«Орыс» Өтегеновті қазаққа Мұхтар Құрманалин, Ертай Ашықбаев, Бауыржан Құрманқұлов секілді сөз қадірін білетін  ақындар «таныстырды». Сондықтан да қазақ оқырманы оны жылы қабылдады.
Осы кеште Амантайдың үзеңгілес інісі,  ақын Ертай Ашықбаев оның ақындық, аудармашылық қырлары һәм ақынның қазақшаға аударылған өлеңдері туралы баяндамаға бергісіз әдемі әңгіме айтты. Қазір Амантайдың қазақшаға аударылған өлеңдерінің өзі қалың бір кітап болады екен. Тек оны шығару керек…
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің  ықыласын жеткізген облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Зәпен Жұмабаеваның ақынның өлеңін оқып бергені де әдемі шықты. Ақтөбе қаласының  әкімі Нұрмұханбет Әбдібековтің құттықтауын қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Ералы Нұрғалиев жеткізді.
«Адам сүйетін қылығы жоқ» (Мейірхан Ақдәулетұлының әзілі — Б.Б) Амантайдың өлеңдерін жатқа оқитындар көп екен. Әсіресе Ә. Молдағұлова атындағы Ақтөбе гуманитарлық колледжінің оқушылары өте әсерлі жеткізді. Ал өз өлеңдерін жатқа оқитын Амантайдың күркірегенін тек көру керек.
Ақтөбенің қадірлі азаматтарының бірі Мәлік Жекеев ақынға асыл тұқымды ат мінгізді. Өз сөзімен айтқанда, «көзі тірісінде-ақ музейге көшіп алған» Амантайға алғалық өлеңсүйер қарындастары арнайы Хиуада тоқылған кілемше — ақынның өз бейнесін сыйға тартты.
Амантайдың журналистігі — бөлек әңгіме. Ардагер журналист Идош Асқардың сөзімен айтсақ: «Актюбинский вестникте» қазақтың исін шығарған — Амантай Өтегенов.
Әбекең журналистикадан әлі қол үзген жоқ. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры қызметіне қоса «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-ында  аудармашы болып еңбек етеді. Сондықтан да ақын тойын ұйымдастырудың бір жағында «Шамшырақ-Ақтөбе» жүрді. Кеште облыстық «Ақтөбе» және «Актюбиский  вестник» газетінің бас редакторлары Бауыржан Өтеулиев  пен Айгүл Нұркеевалар ақынды әріптестерінің атынан құттықтап, бағалы сыйлық тапсырды.
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button