Ақтөбеліктер көмегі
Өңір тұрғындары Ақтауда болған әуе апатынан зардап шеккендерге көмек ретінде қан тапсыруға жиналды. Ақтөбе облыстық қан орталығында кезекте тұрғандар көп. Арасында студенттер, ұстаздар, ассамблея және этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қала тұрғындары бар.
Облыстық қан орталығының директоры Алтай Оразбағамбетовтың айтуынша, қан тапсыруға ниет білдіруші қала тұрғындарының белсенділігі жоғары. Сондықтан орталық шұғыл түрде қан сақтауға арналған арнайы контейнерлерді алдыртқан.
— Биыл жыл басынан бері облыста 10 мыңға жуық донор қан тапсырды. Олардың көмегі арқылы дәрігерлер мыңдаған науқастың өмірін сақтап қалды.
Бүгін 100-ден аса қала тұрғыны ерікті түрде қан тапсырды. Донорлар алдымен медициналық сауалнама толтырды. Соның қорытындысы бойынша ғана қан тапсыруға рұқсат алды. Жалпы Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасына сәйкес барлық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Ақтаудағы әріптестердің сұрауы бойынша қажетті дәрі-дәрмектер, медициналық заттар тасымалданып жатыр. Бүгін тапсырған қанды залалсыздандырылған контейнерлерге мұздатқан күйде ұшақпен жеткізу жоспарланды.
Жалпы донорлардың тапсырған қаны 4-5 айға дейін жарамды. Ол қан сақтау орындарында сақталып, науқастарға құйылар кезде тағы бір тексерістен өтеді, — деді А.Оразбағамбетов. Облыстық қан орталығының мамандары тапсырылған қан көлемі мен оның мінсіз сапасына баса назар аударады.Бұл акцияға әзірбайжан, татар, сыған этномәдени бірлестігінің өкілдері де қатысты.
— Әуе апатынан зардап шеккен Әзірбайжан еліне көңіл білдіреміз. Қолымыздан келген барлық көмекті беруге тырысамыз. Қан тапсыру орталығына әр түрлі ұлт өкілдерінің этномәдени бірлестіктері де атсалысып жатыр. Қиын сәтте қолдау көрсетіп жатқан барша қазақстандықтарға алғыстан басқа айтарым жоқ, — деді облыстық Әзірбайжан диаспорасы төрағасының орынбасары ВидадиФарзалиев.
Сауапты іске үн қосқан жүз донордың арасында қала тұрғындары да бар.
— Бұл менің алғаш рет қан тапсыруым емес. Жарты жылда бір рет қан орталығына келу өмір салтыма айналды.Қиын сәтте қанға мұқтаж адамдарға көмек көрсеткенім дұрыс деп ойлаймын. Ең бастысы, донор өз денсаулығын тексертіп, қан тапсыру арқылы өзге жанның өмірін сақтап қалады, — дейді қала тұрғыны Алтынбек Басенов.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.