Жаңалықтар

Зиялы қауым өкілдерімен кездесті

Кездесу

Облыс әкімі Асхат Шахаровпен кездесуге өңірдің және жалпы еліміздің мәдениетін дамытуға елеулі үлес қосып жүрген әдебиет, мәдениет және өнер адамдары шақырылды.

Өңір басшысы зиялы қауымның жастарды адамгершілікке тәрбиелеуде, жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастыруда және өнер мен әдебиетті дәріптеуде маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, жиналғандарға Қазақстан мәдениетіне қосқан үлестері үшін шын жүректен алғысын айтты.

— Мәдениет пен әдебиет — халықтың рухани дүниесімен біте қайнасып жатқан, күнделікті тұрмыс-тіршілігінде маңызды рөл атқаратын құндылығы жоғары салалардың бірі. Жыл бойы біздің өнер иелері түрлі байқауларда бақ сынап, жүлделі марапаттарды иелену арқылы өңіріміздің мәдениет саласының халықаралық деңгейге көтеріліп, қарқынды дамып жатқандығын дәлелдей түсті. Еңбек жолын мәдениет пен әдебиетке арнаған ардақты азаматтар елеулі үлестері үшін арнайы төсбелгілермен марапатталып жатыр. Бұл — жеке сіздердің ғана емес, облысымыздың ортақ қуанышы мен жетістігі. Сіздердің өңіріміздің дамуы мен өркендеуіне әлі де талай үлес қосып, мәдениетімізді халықаралық биік деңгейге көтеретіндігіңізге  сенім білдіремін, —  деген облыс әкімі салтанатты жағдайда аталған саланың бірқатар өкілдеріне наградалар табыстады.

Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мейірхан Ақдәулетұлы түркі мәдениетін нығайтуға қосқан зор үлесі үшін «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының төсбелгісіне ие болды. Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актрисасы Айнагүл Өлмесекова театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның «Қазақ камералық хор» ұжымы жетекшісі Мербол Құспанов «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Оның басшылығымен хор ұжымы бірнеше рет республикалық және халықаралық байқауларда жеңіске жетті. Мұрағат ісінің ардагері Гүлназ Терекова мен Мәншүк Төребаева «Мұрағат саласының үздігі» төсбелгілерін алды.

Кездесу соңында Асхат Шахаров 2025 жылы облыс көлемінде жоспарланған маңызды іс-шараларды тілге тиек етті: Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы, жазушы Қуандық Шаңғытбаевтың 100 жылдығы және Мөңке бидің 350 жылдығы.

Өңір басшысы келер жылы «Әдебиет. Рух. Қоғам» халықаралық әдеби байқауын, Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына республикалық айтыс өткізуді, ерекше форматтағы «Сыбаға» фестивалін дәстүрлі түрде ұйымдастыруды жауаптыларға тапсырды. Облыс әкімі бұл оқиғалар біздің мұрамызды насихаттауға және аймақтың мәдени-рухани саласының дамуына айтарлықтай үлес қосатынына сенім білдірді.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button