Сыбайлас жеморлыққа қарсы күрес — ортақ міндет
Азамат БЕКЕТ,
Ақтөбе қаласының әкімі.
Қоғам дерті
Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін атап өткен болатын.
Ақтөбе қаласы әкімдігі өз құзыреті шегінде және «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы» негізінде қоғам дертіне қарсы іс-қимыл шараларын жүзеге асырып келеді.
Әкімдіктегі қалалық комиссия — консультативтік-кеңесші органның жоспарлы отырыстарын тұрақты түрде өткізіп, қала әкімдігіне бағынысты барлық атқарушы органдардың есептерін тыңдаймыз. Нәтижесінде хаттамалық тапсырмалар беріліп, уәкілетті органдар тарапынан тиісті шаралар қабылданады.
Жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдаудың нәтижесі бойынша жер қатынастары, тұрғын үй қатынастары, әлеуметтік саласында нормативтік-құқықтық актілерде тәуекелдер анықталды.
Оларды жою үшін іс-шаралар жоспары әзірленіп, жоғары тұрған органдарға тиісті ұсынымдар енгізілді.
Тұрғындар тарапынан жер телімдерін беру тәртібіне қатысты сұрақтар бізге жиі түседі. Осыны ескеріп, өткен жылдың қазан айынан бастап жерге тиісті құқықтар беруді цифрлық ақпаратты көрсететін жария кадастрлық картамен «Электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы жүзеге асыратындай мүмкіндік енгізіп қойдық.
Жер учаскесіне құқық беру процестерін автоматтандыруға байланысты жер комиссиясы институты алынып тасталды.
Сол сияқты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында мемлекеттік қызметтерді электронды форматта алуды кең насихаттаудың да маңызы жоғары. Көрсетілетін қызметті мемлекеттік мекемеге келмей, тұрғындарға электронды форматта алу бойынша қала әкімдігінің ресми сайтында, БАҚ, әлеуметтік желілерде, қала аумағындағы LED-экрандарда ақпараттандырып келеді.
Сыбайлас жемқорлық тақырыбында тұрғындар, жастар, мемлекеттік қызметшілер, мекемелер ұжымдары арасында насихат жұмыстарын кеңінен жүргізу өзімізге де тиімді. Бұл ретте біздің мамандар кездесулер, семинар-кеңестер өткізумен ғана шектеліп қалмай, әлеуметтік желідегі ақпарат алаңдарын да ұтымды пайдаланып келеді. Біз әр азамат ар-ұятының алдында өзінің жауапкершілігін сезінетіндей деңгейде насихаттық жұмыстар жүргізуге талпынып келеміз. Бұл орайда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде жұмыстар қоғамның санасында түпкілікті әсер бергенше әлі де жалғаса беретін болады.