Экономика

Жаңару бағытымен

Жаңа заңның қабылдануымен ұлттық экономиканың барлық субъектілері қолдаудың көп қырлы механизмін пайдалану мүмкіндігін алады
Тәуелсіздіктің 20 жылдығы ішінде ұмтылыстардың күрделі жағдайында Қазақстан қоғамы ұтымды экономика құрылымдап, өз азаматтарының лайықты әлеуметтік игіліктерін қамтамасыз ете алды. Бұл нәтижелерге көп ретте Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұдайы уақыт тынысымен өзектес, біз өмірге енгізіп жатқан және болашаққа есептелген сындарлы саяси бағыты арқылы қол жеткізілді.
Тәуелсіздікті мерекелеу кезіндегі осы күндері біздің еліміз өзінің дамуының жаңа кезеңіне — «Қазақстан – 2020» Стратегиясында баяндалған бағдарламалық ұстанымдар, жеделдетілген модернизациялаудың он жылдығына қадам басты. Бұл — мәні жағынан негізгі міндеті ел дамуын модернизациялау, халықтың игілігі, инновациялар мен интеграция болып табылатын үшінші кезең. Жаңа бағдардың мақсаты — Қазақстанды әлемнің гүлденген елдері деңгейіне көтеру.

Жаңа міндеттерге жетудің қозғаушысы ретінде инновациялық экономикаға бағыттайтын жол таңдалғандықтан да, бұл мақсатты ұстанымдардың жүзеге асатындығына өз басым еш күмәнданбаймын. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, шетелдік үлгілерге арқа сүйемей, өз дамуыңның дұрыс векторын таңдай білу тиімді. Біздің жағдайымызда нақ өнеркәсіптік секторда инновацияға табан тіреу ақталған және объективті негізделген болып табылады. Қазақстандағы мемлекеттік құрылыста өнеркәсіптік дамуға және экономиканың инновациялық бағдарламасына ылғи да бірінші кезекте назар аударылып келгенін атап өтуіміз қажет.
Бұл міндеттерді біздің тәуелсіздігіміздің алғашқы он жылдығында шешудің қаншалықты күрделі болғандығына тоқталудың қажеті бола қоймас. Дегенмен, 1997 жылы олар Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясында көрініс тауып, практикалық қолданымға енді, сондай-ақ бүгінгі күні ұзақ мерзімге арналған базалық жалпыұлттық бағдарлама болып табылады. Ол ұлттық экономикаға тұрақты дамудың қалыпты базасын қамтамасыз етіп, өзін ақтады. Соның нәтижесінде, 2003 жылдан бастап республикада инновациялық дамуға бағдарды жүзеге асыру есебінен экономикалық модернизациялауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен әр түрлі стратегиялар бірізділікпен жүзеге асырылуда.
Солардың алғашқысы Елбасы белгілеген Индустриялық-инновациялық даму стратегиясы болды. Ақтөбе облысының әкімі ретінде маған аймақтың инвестициялық жобаларын жүзеге асыруға мейлінше тікелей араласуға тура келді. Сол кездері аймақтың өнеркәсібін модернизациялау жұмыстары жүргізілді, сөйтіп инновация ел экономикасына белсенді түрде қызмет ете бастады. Ақтөбе облысының өзі көп ұзамай ұлттық экономиканың мойындалған көшбасшыларының біріне айналды, өнеркәсіптің өңдеуші секторы қазіргі уақытқа дейін серпінді қарқынмен дамуда. Өзге де аймақтардағыдай, ақтөбелік ұмтылыс мемлекеттің қуатты қолдауы нәтижесінде жүзеге асты. Нақ сол кезеңде республиканың инновациялық дамуы үшін заңдылық базасы қалыптасты. Ұлттық және аймақтық инновациялық жүйелердің қалыптасу негіздері қаланды, алғашқы технопарктер құрылды, Ұлттық инновациялық қор және инновациялық қызметті мемлекеттік қолдаудың басқа да институттары ұйымдастырылды.
Қазіргі уақытта инновациялық даму бағдары өзінің одан арғы жалғасын тапты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша көп мақсатты бағдарламалық құжаттар жүзеге асырылуда. Бірқатар бағдарламаларды жасау үшін 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы базаға айналды. Сонымен бір мезгілде 2010-2014 жылдарға арналған екі деңгейді (ұлттық және аймақтық) біріктіретін елді индустрияландыру картасы бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы – 2020», «2015 жылға дейінгі өндірістік қуаттарды тиімді орналастыру схемасы» және «Өнімділік – 2020» бағдарламалары орындалуда.
Аталған бағдарламаларды жүзеге асыру аясында аймақта бес жылдық мерзімге дамудың кешенді аумақтық бағдарламасы бекітілді. Салалық деңгейде ұлттық экономиканың басымдықтағы салаларын дамытудың 22 мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Осы және басқа құжаттар елдің жаңа технологиялық дамуына және экономиканы одан әрі жаңғыртуға бағытталды. Бағдарламалардың барлығы да әлемдік экономиканың ауқымды қаржылық дағдарысы жағдайында жасалып, қабылданғанын ұмытпауымыз қажет. Қазақстанда олар республиканың дағдарыстан кейінгі дамудың тиімді құралы ретінде қарастырылады.
Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуы басталысымен отандық экономиканың әлеуеті елеулі түрде өсе түскенін атап өтуіміз қажет. 2010 жылы жалпы ішкі өнім алдындағы жылмен салыстырғанда 7 пайызға ұлғайды. Бұл көрсеткіш ТМД елдеріндегі үздіктердің бірі болып саналады. Осы кезеңде өнеркәсіп өндірісі өсімі 10 пайыз құрады. Бұл ретте 18,4 пайызға өсімді игерген өңдеуші салалардың өзіндік үлесі қомақты.
Сонымен ірге Мемлекет басшысы Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың маңыздылығын атап көрсетті. «Бұл міндеттің күрделілігін мемлекет құ¬ры¬лысымен теңестіруге болады. Ке¬ден одағына кіргеннен ке¬йін Қазақстан КСРО кезінде ши¬кізаттық ел болып келгені, Бе¬ла¬рус – өндіріс бөлшектерін шы¬ға¬ра¬тын ел болғаны, Ресейдің ғана то¬лыққанды өнеркәсібі болғаны бел¬гілі болды, бірақ та Ресей Фе¬дерациясының өзі Еуропадан едә¬уір артта қалып отыр. Қан¬ша адам¬ның жұмыс істеуі ма¬ңыз¬ды емес, бірақ еңбектің өнім¬ді¬лігі бірінші орында. Ең¬бек өнім¬ділігі техникалық прог¬рес¬ті алға сүйрейді», — деді Елбасы.
Сондықтан да еңбек өнімділігін көтеру қазіргі кезеңде Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының басты міндеттерінің бірі болып табылады.
ҚР Парламенті Жоғарғы палатасының депутаттары Үкіметте дайындалған «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» жаңа Заң жобасын алғаннан кейін де осы мәселеге назар аударды. Заңның қабылдануымен бірге бірқатар мәселелердің тұтасынан шешілуі жақсаратын болады. Бұлар — отандық өнімдердің бәсекеге төменгі қабілеттілігі және халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес болмауы; тауарлық дайындықтың жоғары дәрежесімен өнімді өндіруден шығаруға дейінгі өндірістің толық желісімен интеграцияланған кешеннің болмауы; өнімнің жоғары энергия, еңбек және материал жұмсалуын қажет ететіні; білікті кадрлардың жетіспеуі; бәсекелестіктің болмауы және сервис деңгейінің төмендігі; салалардың қажетті инфрақұрылымдармен жеткіліксіз қамтылуы; ішкі рыноктың аз сыйымдылығы және шашыраңқылығы. Бұлардан басқа, жаңа заң жобасын дайындаумен байланысты «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы» тағы бір заңды қабылдау қажет.
Негізгі заң жобасында концептуалдық тұрғыда индустриялық-инновациялық қызметті реттейтін нормалар, технологиялық даму, экспорт пен жергілікті құрамды дамыту бойынша ұлттық институттар қызметі жеке бөлім ретінде қарастырылды. Заң жобасында бұрын құрылған инновациялық қызметті қолдау құралдары жаңасымен жарасымды үйлесім тапты. Технологиялық даму бойынша ұлттық институттың құрылуымен Қазақстан Республикасы инновациялық жүйесін дамытудың негізгі субъектісі ретінде оның функциясы мен өкілеттіктері нақтыланды.
Заң жобасында салалық орталықтарды, конструкторлық бюроны, коммерцияландыру орталықтарын, технопарктерді құру және қызмет етуі мәселелері көрсетілді. Кедендік одақтың жұмысы басталуымен байланысты Қазақстан Республикасы заң актілерінде  «қазақстандық құрам» ұғымын «жергілікті құрам» сөзімен ауыстыру ұсынылды. Заң жобасында тікелей қаржылық мемлекеттік қолдау; лизингтік қаржыландыру, индустриялық-инновациялық жобаларды бірлесіп қаржыландыруды қосқанда, қаржыландыру; заем бойынша кепілдік және кепілдік міндеттемелерін ұсыну; қаржы институттары арқылы несиелендіру; несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін қаржыландыру; жарғылық қорға инвестицияларды жүзеге асыру шаралары күшейтілді.
Ел Президентінің тапсырмасы бойынша жаңа заңда Финляндияның және басқа дамыған елдердің тәжірибесіне негізделген еңбек өнімділігін көтеру, қосымша құнмен дайын өнімді кластерлік шығаруды енгізу бойынша нақты шаралар көрініс табуы тиіс. «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» заң жобасының мақсаты өнеркәсіптің басымдықтағы секторларын дамытуды ынталандыру негізінде ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін көтеру және инновациялық қызмет субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну болып табылады. Аталған заң жобаларын тыңғылықты және кешенді түрде қарау үшін Экономикалық даму және кәсіпкерлік жөніндегі комитетте арнаулы жұмысшы тобы құрылды. Оның құрамына Сенат аппараты қызметкерлері, ғалымдар, жоғары білікті мамандар мен ғылыми қызметкерлер, мемлекеттік органдардың, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, тәуелсіз сарапшылар енді.
Заң жобасында негізінен инновациялық қызметпен байланысты ұғымдарға нақты анықтама беру керек болды. Үкіметтің және инновациялық қызметке қолдауды жүзеге асырушы басқа да мемлекеттік органдардың құзіретін, сондай-ақ инновациялық гранттарды беру тәртібі, тағы да басқа көптеген жайларды айқындау қажет. Жұмысшы тобының мәжілістерінде аталған мәселелер бойынша барлығы 300-ден астам әр түрлі ұсыныстар мен түзетулер қаралды. Осы ретте «инновация», «инновациялық кластер», «сынақты технология» жаңа ұғымдары енгізіледі.
Үкіметтің құзіреті бойынша  индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау және оны жүзеге асыруды ұйымдастыру саласында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын жасау; индустриялық-инновациялық қызмет саласында мемлекеттік бағдарламаларды жасау; дамудың бастапқы кезеңінде жоғары технологиялық өнімдер өндірісі бойынша қызметті қолдау, шетелдерде және (немесе) аймақтық патенттік ұйымдарда патенттеу бойынша функцияларға қосымшалар енгізілді. Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды жүзеге асыратын  индустриялық-инновациялық жүйе субъектілері; облигациялар бойынша купондық сыйақы мен қаржы институттары беретін несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін қаржыландыру; кепілдендірілген тапсырыстар, отандық өңделген тауарлар, қызметтер экспортын дамыту, өрістету бойынша нормалар нақтыланды. Қазақстан Респубикасының  индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы заңдылығын бұзғаны үшін жауапкершілік қарастыратын жаңа бап енгізілді.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы» Заң жобасымен 3 кодекс пен 11 заңға өзгерістер енгізіледі. Қазақстан Республикасының Жер кодексіне индустриалды-инновациялық жобаларды жүзеге асыру үшін уақытша жер пайдалану құқығында жер учаскелерін бөлу бойынша норма ұсынылады. ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексіне ғылыми-зерттеу және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық деп танылған жұмыстарды орындауға жұмсалған шығындардан тиісті салық кезеңінде 50% мөлшерінде салық салынатын табысты азайту, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңға жер қойнауын пайдалану міндеттерін белгілеу бөлігінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды келісімшарттық қызмет бойынша жиынтық жылдық табыстың бір пайызы мөлшерінде қаржыландыруды жүзеге  асыру көзделуде.
Жалғас заң жобаларына елеулі түзетулер енгізілді. Бұл — салық заңдылығындағы инновациялық және инвестициялық қызметті ынталандыруға және дамытуға бағытталған өзгерістер. Яғни, Үкімет бекіткен инвестициялық стратегиялық жобалар тізіміне кіретін және қызметтің басым түрлері бойынша инвестициялық келісімшарт жасаған компанияларды инвестициялар үшін арнаулы режим аясында жер және мүліктік салықтан босату белгіленді. Мемлекеттің қатысу үлесі 25% құрайтын венчурлық қорлар төлейтін дивидендтерді салық салудан босату қарастырылды. Бүгінгі күні барлық басқа заңды тұлғалардың дивидендтері салық салудан босатылып үлгерілді.
Аталған норма венчурлық қорларда инвестициялауға жеке капиталды тарту мақсатын көздейді. Технопарктерді жер және мүлік салығынан 0,1% коэффициентін қолданумен салықтан босату да қарастырылды. Сонымен бірге салық заңдылығына ҚР Ұлттық банкіне Қазақстан Республикасы резиденттері тазаланған құнды металдар, алтын мен платина өткізгенде салық салудан босату бөлігінде салық заңдылығына түзетулер енгізу де ұсынылды. Бұл норма елдің алтын-валюталық активін толықтыру үшін мемлекеттің құймада тазаланған алтынды басымдықпен сатып алу құқығы енгізілуімен байланысты қарастырылды.
Жаңа заңның қабылдануымен ұлттық экономиканың барлық субъектілері өздерінің инновациялық қызметтерінде неғұрлым ауқымды мақсатты қолдауға есептеп қана қоймай, сонымен бірге оны жүзеге асырудың көп қырлы механизмін пайдалану мүмкіндігіне де ие болады. Осының барлығы, сайып келгенде, Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыруға жол ашпақшы.
Елеусін САҒЫНДЫҚОВ,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты,
жұмысшы тобының төрағасы.
«Казахстанская правда», 22 желтоқсан 2011 жыл.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button