Мәдениет

Мәдениет: 12 жаңалық

Әбубәкір Кердеріге Алғада ескерткіш қойылды
«Тыңдаған азаматқа сөзім дәрі» деп артына әдеби мол мұра қалдырған қазақтың  дүлдүл ақыны Әбубәкір Кердерінің 150 жылдық мерейтойы ақынның өскен, өмірден өткен жері Алға қаласында аталып өтті. Әбубәкір Шоқанұлының мерейтойына орайластырылған республикалық ақындар айтысы өткізілді, белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева қазылар алқасының төрайымы болды. Алға қаласында Әбубәкір Кердеріге ескерткіш қойылды. Ескерткіш авторы —  Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Жәдігер Кенбай. Сондай-ақ облыстық мәдениет басқармасы ақынның  «Алаштап қырға шық та, ұран шақыр» атты кітабын жарыққа шығарды.
Халықаралық «Plein  Air Aktobe»  кескіндеме фестивалі
Ақтөбеде тамыз айының  12-22 жұлдызы аралығында  мұндай фестиваль алғаш рет өткізілді. Фестивальдің  жабылу салтанатында  ұйымдастырылған көрмеден көргеніміздей, алыс-жақын шетелден және республикамыздың  қалаларынан келген  қылқалам шеберлерімен бірге ақтөбелік суретшілер облыстық көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер музейінің қорына 100 жаңа туынды  тарту еткені белгілі  болды. Шараға Қырғызстаннан, Ресейдің Нижний Тагил және Орынбор, Қазақстанның  Астана, Алматы, Шымкент, Павлодар, Қостанай қалаларынан және ақтөбелік 25 суретші қатысты.
Джаз музыкасының дәстүрлі мерекесі
Ақтөбеде  Халықаралық «Aktobe-jazz-2011» джаз музыкасы  фестивалі  өтті.
Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда    өткен фестиваль аясында Америка Құрама Штаттарынан келген  әйгілі музыкант Пол Беодримен кездесу және  Нидерландыдан келген  Майк  дель Ферроның фортепианоға арналған концерті болды. Астана, Алматы, Нью-Йорк, Мәскеу, Уфа, Мәскеу, Бішкек, Ташкент қалаларынан келген және ақтөбелік  фестиваль қатысушыларының  өнері көпшілік назарына ұсынылды.  Ресейдің Тольятти қаласынан  келген фестиваль қонағы — «Jazz Exspress Orehestra» джаз тобы  концерт берді.  Оның көркемдік жетекшісі — Ярослав  Сапожинский.
Қазылар алқасының  төрағалығына Ресей Федерациясының еңбек сіңірген артисі, Гнесин атындағы  Ресей музыка академиясының «Аспаптық джаз орындаушылығы» кафедрасының профессоры Александр Осейчук шақырылды. Қазылар арасында  Өзбекстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, профессор Баходир Муртазаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Майра Дәулетбақтар бар.

Мейірхан Ақдәулетұлы — 60
Қыркүйек айында Ақтөбеде белгілі ақын, көсемсөз шебері Мейірхан Ақдәулетұлының 60 жылдық мерейтойына  арналған «Жалғыз досым — жүрегім» атты жыр кеші өтті. Оған  Алматы мен Астанадан  ақын-жазушылар арнайы  ат арытып келді. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Фариза Оңғарсынова,  сықақшы Үмбетбай Уайдин, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қажығали Мұқанбетқалиұлы, белгілі ақын Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы,  «Түркістан» газетінің бас редакторы Шамшиддин Паттеев, жазушы, күйші, «Біржан сал» фильмінің сценарий авторы Таласбек Әсемқұлов, қазақтың ақын әрі сазгер қызы Елена Әбдіхалықовалар қатысты.
Ақтөбенің жезтаңдай әншісі Марат Әйтімов Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алды.
Белгілі әнші, сазгер,  облыстық Достық үйінің директоры Қанат Айтбаев  «Жыл адамы — 2011» атағына ие болды.
Биыл облыстық шығармашылық үйіне — 50 жыл
Шығармашылық үйінде бүгінде  халықтық «Жазира» ұлт аспаптар және «Назерке» би ансамбльдері жұмыс жасайды. «Әдеп» триосы, «Фрески» балет мектебі, «Інжу» қыздар вокалдық тобы, «Бипыл» вокалды-аспапты ансамблі бар.
Онда республикалық деңгейде  Нұрсұлу Тапалова атындағы би ұжымдары мен жеке орындаушылардың, «Әлия» патриоттық ән орындаушылардың, «Арқалы жырау жырласын» атты жыршы-жыраулардың байқауларын, ақындар айтысын өткізу дәстүрге айналған. Сондай-ақ облыстық «Балдәурен» балалар шығармашылығына арналған байқауы, театр фестивалі, «Жас дәурен» жастар мен студенттер фестивалі жыл сайын өткізіліп тұрады.

Амантай Өтегенов — 60
Қазақстан Жазушылар одағының, Халықаралық «Пен-клубтың» мүшесі, ақын, журналист, аудармашы Амантай Өтегеновтің 60 жылдық мерейтойына арналған кеші «Камер-юнкер безбрежных степей» деп аталды. Амантай Өтегенов биыл облыс әкімінің сыйлығымен марапатталды.
Мешіт жанындағы мұражай
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай орталық «Нұр Ғасыр» мешінің бірінші қабатында «Руханият» атты мұражай ашылды.  Қазақ халқының этномәдениетін, тарихи мұрасын, дәстүрі мен салттарын сақтай отырып, оларды дінмен сабақтастыра  көрсетуді , әлемдік және дәстүрлі діндер татулығы мен келісімін қолдауды мақсат еткен мұражай ішінде Құран кітаптар, Қағбаның макеті, тағы да басқа жәдігерлер тұр.
Чернобыль қатысушыларына арналған ескерткіш
1986-1990 жылдары  Чернобыл АЭС-і апатын залалсыздандыру жұмыстарына қатысқан ақтөбеліктерге арнап ескерткіш белгі қойылды. Ескерткіш авторы — жерлесіміз, мүсінші Жеңіс Жұбанқосов. Ол — Ақтөбе қаласындағы Әйтеке би ескерткішінің авторы. Болат Әбішевтің басшылығымен  Ақтөбе қаласындағы  «Әлия» мемориалдық кешенін және Атырау қаласындағы Исатай мен Махамбетке қойылған ескерткіштерді орнатуға атсалысқан.

«Еуразия тарихы мен мәдениеті аясындағы Арал-Каспий аймағы»
атты  ІІ халықаралық ғылыми конференция өтті.  «Мәдени мұра» Ұлттық Жобасына сәйкес Ақтөбе әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Конференцияның мақсаты — Ресей, Өзбекстан, Венгрия, Әзірбайжан елдерінен келген этноархеологтармен, өнертанушылармен  бірлесе отырып, Арал-Каспий аймағының Еуразия тарихы мен мәдениетіндегі ерекше маңызын жан-жақты зеттеулер арқылы жарқырата көрсету, сондай-ақ далалық экспедициялардың, «Хан моласына» қатысты зерттеулердің соңғы нәтижелерімен таныстыру.
Конференция соңында Әйтеке би ауданындағы «Хан моласынан» алынған сүйектерді қайта жерлеу рәсімі өткізілді.
Т.Ахтанов атындағы театр актрисасының бенефисі
Т.Ахтанов атындағы драма театрдың қазақ труппасының актрисасы, «Құрмет» орденінің» иегері, ҚР мәдениет қайраткері Шалқия Бақытжанова «Сахнам — сезім, серігім» атты бенефисін өткізді.  Осы театрдың көркемдік жетекшісі Мағзом Бақытжанов пен Шалқияның жас кезін, актрисаның театрда сомдаған рольдерін жас әріптестері  қайталап көрсетті. Шараға Жамбыл облыстық драма театрындағы әріптес достары, ҚР халық артисі  Мәкен Рақымжанова, Қызылорда облыстық драма театрының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Хүсейін Әмір-Темір қатысты.

«Қанатты әйел — 4» — Ақтөбеде!
Республикалық «Қанатты әйел»— 4»  идеялар мен тауарлар жәрмеңкесі қазан айында Ақтөбеде өтті
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен  Ақтөбе облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы ұйымдастырып отырған  жәрмеңкенің негізгі мақсаты — қоғамдағы гендерлік мәселелерге  жұртшылық назарын аудару.
Республикамыздың түкпір-түкпіріндегі қолынан іс келетін  талантты әйелдерді тауып, олардың іскерлік қасиеттерін көрсетуді, олардың интеллектуалдық, шығармашылық және көшбасшылық мүмкіндіктерін ілгерілетуді, жаңа тауарлар мен идеялардың тұсаукесерін өткізуді, сол сияқты желілік ынтымақтастықты кеңейтуді көздейтін   жәрмеңке «Нұр Отан»  ХДП ғимаратында болды. Жәрмеңкеде кісі қызығарлықтай көрмелер көп болды.
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button