Әділдік пен ашықтық — жемқорлықсыз қоғамның негізі
Жемқорлыққа қарсы күрес
Еліміз даму стратегиясының негізгі бағыттарының бірі — сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және ашық қоғам құру. Әділдік пен ашықтық қағидаттарын ұстану — жемқорлықты жоюдың және тұрақты дамудың негізі.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу баршаның міндеті екенін атап өтті. Хромтау ауданында бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.
Мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтардың өтініштерін уақтылы әрі сапалы қарау және мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру — жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған негізгі шаралар.
2015 жылы қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз етуге және сыбайлас жемқорлыққа бейім салалардағы тәуекелдерді азайтуға бағытталған. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы мемлекеттің тұрақты дамуына негізделген шараларды қамтиды. Хромтау ауданы әкімдігі осы стратегияны іске асыру шеңберінде мынадай маңызды қадамдарды жүзеге асырып жатыр:
* Қоғамдық бақылау тетіктерін нығайту. Мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында ашықтық пен жариялылық қамтамасыз етіліп, тұрғындардың барлық өтінішін заңнамаға сәйкес уақтылы қарау.
* Цифрлық трансформация. Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру арқылы адами факторды азайтып, жемқорлық тәуекелдерін төмендету.
* Халықпен кері байланыс жүйесін жетілдіру. Әлеуметтік желілер, қоғамдық қабылдаулар және халықпен тікелей кездесулер арқылы тұрғындардың мәселелері тыңдалып, жедел шешімдер қабылдау.
Аудан әкімдігінің сайтында тоқсан сайын бюджет қаражатын жоспарлау және игеру жөнінде ақпараттар жаңартылып, жарияланып отырады.
Биыл аудан бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі қызметтер бойынша «ЖАС КЕН» қоғамдық қорымен арада жалпы сомасы 803 571, 43 теңгеге келісімшарт жасалды. Мемлекеттік тапсырыс аясында «Халық заңгері» жобасы шеңберінде аудан халқы үшін заң кеңесін ұйымдастыру, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдеріне қоғамдық бақылау мәселелері бойынша сараптамалық семинар өткізу жоспарланған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыруға бағытталған бейне және аудиороликтер әзірленіп, әлеуметтік желілерде жарияланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мазмұндағы билбордтарды Хромтау қаласы Көктау және Дөң ауылында орнатты. Сонымен қатар 100 дана үлестірме материал дайындалды.
Аудан әкімдігі мен мүдделі мемлекеттік мекемелердің әлеуметтік желілердегі парақшалары мен Хромтау қаласының орталығында орналасқан LED экранда 27 бейнесюжет көрсетiлiп, қала тұрғындары арасында заңға бағынушылық мiнез-құлықты насихаттау мақсатында буклеттер мен жадынамалар таратылады.
Жергілікті «Хромтау» газетінде былтыр 12 тақырыптық мақала жарық көрсе, биыл бұл бағытта 4 мақала оқырман назарына ұсынылды.
Аудан әкімдігі ғимаратында «Азаматтарды қабылдау орталығы» қызметі жолға қойылған.
Бюджет қаражатының игерілуінде ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында барлық мемлекеттік мекеме қаражаты «Ашық бюджет», жергілікті әкімдік сайттарында жарияланып, әр ай сайын қаражат қозғалысы көрсетіліп отырады. Жүргізіліп жатқан жұмыстар нәтижесінде биыл сыбайлас жемқорлық жағдайлары тіркелген жоқ.
Әділдік пен заңдылық — мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде басшылыққа алынуға тиіс басты қағидат. Хромтау ауданы әкімдігі әділдікті қамтамасыз ету арқылы тұрғындардың сенімін арттыруға және олардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына жағдай жасауды мақсат етеді. Аудан тұрғындары арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында үгіт-насихат жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі.
Мемлекеттік қызметшілердің де әдебі мен жауапкершілігі — қоғамдағы сенімді арттырудың маңызды факторы. Мемлекеттік қызметкердің негізгі ұстанымы адалдық, әділдік және заңға бағынушылық болуы қажет. Осы қағидаттарды ұстану мемлекеттік аппараттың беделін нығайтып, қоғамда оң көзқарас қалыптастырады.
Жемқорлықпен күрес — мемлекеттік органдардың ғана емес, қоғамның барлық саласының ортақ міндеті. Хромтау ауданының тұрғындарын әділдік пен адалдық қағидаттарын ұстануға, қоғамдағы кез келген жемқорлық әрекеттерге төзбеушілік танытуға шақырамын. Біз тек бірлесе әрекет еткенде ғана сыбайлас жемқорлықтан ада, ашық және әділетті қоғам құра аламыз.
Нұрхан ТІЛЕУМҰРАТОВ,
Хромтау ауданының әкімі.