Студенттік клубтардың слеті өтті
Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық академиясында «Адал ұрпақ» және «Саналы ұрпақ» студенттік клубтарының слеті өтті. 400-ге жуық студент пен оқушы қатысқан басқосуда қоғам дерті саналатын сыбайлас жемқорлық мәселесі туралы талқыланды.
Іс-шараның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан әр адамның өз отбасы мен мемлекет алдындағы жауапкершілігіне ерекше тоқталды.
— МемлекетбасшысыҚасым-ЖомартТоқаевҰлттық құрылтайдың «Адаладам —Адал табыс — Адал еңбек» атты отырысында сөйлеген сөзінде осы үш негізгі ұғымды – адал адам, адал еңбек және адал табыс – елдің табысты болашағының негізгі кілті деп атады.
Қазақ халқы ешуақытта ұрпағынажамандық ойламаған. Кімнің әке-шешесі жаман болыңдар, ұрлық жасаңдар, оңай олжаға батыңдар деп ақыл айтады? Ешкімнің ата-анасы олай айтпайды. Керісінше, «балам жетімді жылатпа, кішіге қамқор бол, ала жіпті аттама» деп жатады. Ендеше, осындай ұрпақтың адалдықтың жолынан айнып кетуі мүмкін бе? Сондықтан біз барынша өз ата-бабамыздан, ата-анамыздан сіңірген қасиетті жоғалтпауға тиістіміз. Әрбір табысымызды еңбекпен, өзіміздің маңдай терімізбен табуға осы бастан әрекеттенсек, біз шын мәнінде де озық ұлтқа айналамыз.
Сендерге ата-анаң, туған-туыстарың, жалпы ел сенім артатынын ұмытпаңдар. Арам ақшадан абыройды биік қойған жан ұтады, — осылай деген облыс әкімінің орынбасары жастарды адалдыққа, әдепті болуға шақырды.
Іс-шара барысында облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының орынбасары Алмат Мырзалиев адал мінез-құлық, заңды құрметтеу туралы ойларын ортаға салды.
«Aqtobe» телеарнасының бас редакторы Бибігүл Биманова қаржылық және моральдық шығынға әкелетін құмар ойындарға тәуелділік сияқты жаман әдеттерден сақ болу керектігін айтса, стоматологиялық емхана директоры Мират Мұратұлы өзінің табысқа жету жолы туралы айтып берді.
Сондай-ақ іс-шарада оқушылар сыбайлас жемқорлық тақырыбына арнайы дайындаған көріністерін қойды. КТК кішкентай ойыншылары қоғамдағы өзекті мәселелерді әзілмен жеткізді.
— Кеш керемет өтті. Осындай іс-шаралардың жиі өткені дұрыс. Қазақстанның жарқын болашағына және өз болашағыма сенемін. Әзірге сабағымды үздік оқып жүрмін, кейін жақсы оқып, грантпен оқуға түсіп, сұраныстағы маман болсам деймін. Бұл менің сыбайлас жемқорлықпен күресудегі өз үлесім болмақ, — деді Ы.Алтынсарин атындағы гимназияның 9-сынып оқушысыӘлішер Сәрсенов.
Іс-шара сыбайлас жемқорлықпен күрес тақырыбындағы сурет және эссе байқауының жеңімпаздарын марапаттаумен аяқталды. Жеңімпаздар естелік сыйлықтар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Осылайша, кеш маңызды мәселелерді талқылау алаңы ғана емес, жастар арасында белсенді азаматтық ұстанымды дамытуға бастама болды.
Кәмшат ҚОПАЕВА.