Ақтөбе облысында мал ұрлығы төмендеді
Жыл басынан бері Ақтөбе облысы аумағында 32 мал ұрлығы тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 36 пайызға төмен, деп хабарлайды Polisia.kz.
Криминалдық полиция қызметкерлерінің мәліметінше, өңірде тіркелген мал ұрлығының 70 пайызға жуығы еркін жайылымнан болған, яғни қараусыз жүрген мал қылмыскерлерге оңай олжа болған. Жеке тұлғалардың ғана емес, шаруа қожалықтарының да қараусыз жүрген малдары ұрлыққа жиі ұшыраған. Мысалы, Хромтау ауданында шаруа қожалығының еркін жайылымнан 16 сиырдың жоғалғанына байланысты жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында полиция жануарлардың өрістен жүк көлігімен ұрланғанын анықтап, күдіктіні Ақтөбе қаласында сиырларды сойып жатқан жерінен ұстады.
Полицейлердің айтуынша, мұндай қылмыстарды ашуда азаматтардың жедел іс-әрекетінің маңызы зор. Малдарының жоғалғаны туралы иелерінің бірнеше күннен, кейде бірнеше айлардан кейін ғана хабарлауы полицияның жедел іс-қимылдарға «ізін суытпай» кірісуіне кері әсер етеді. Дегенмен, бұл іздестіру шараларының үздіксіз жалғаса беруіне кедергі емес. Мысалы, осы жылдың қараша айындаөткен «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полицейлер өткен жылы Әйтеке би ауданында шаруа қожалықтарының бірінен 8 асылтұқымды қойды ұрлаған азаматты анықтады. Ауыл тұрғыны ұрланған жануарлардың жартысын сойып алып, қалған төртеуін бүгінгі күнге дейін қорасында жасырып ұстаған.
«Мал ұрлығының алдын алу үшін, ең алдымен малды қараусыз қалдырмау қажет. Сондықтан мал иелеріне жергілікті әкімдік және бақташымен бірге үшжақты келісім жасауға кеңес береміз. Сонда бақташы әкімдіктен де жалақы алады, әрі материалдық жауапкершілік те болады. Сонымен қатар жоғалған малдарды іздеу кезінде олардың таңбаларының болуы және базада тіркелген болуы аса маңызды», – дейді Ақтөбеоблысы ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Алтынбек Жабаев.