Уфада Қазақстан мен Ресейдің жас көшбасшыларының форумы өтті
26-27 қараша күндері Башқұртстан астанасы Уфа қаласында Қазақстан мен Ресейдің ХХ өңіраралық ынтымақтастық форумы басталды.
Шараның алғашқы күнінде «Ресей мен Қазақстандағы жастар кәсіпкерлігі: тәжірибе алмасу және серіктестік келешегі» атты жас көшбасшылар форумы өтті. Оған әр өңірден 3700-ден астам адам қатысты. Басқосуда екі елдің жас көшбасшылары тәжірибе алмасып, ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
«Уфада өтіп жатқан өңіраралық форум аясындағы жастар форумына Қазақстанның түкпір-түкпірінен 30-ға жуық делегат болып келдік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен іске асырылған әртүрлі бастамаларды, Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясаты аясындағы қолдау шараларын әріптестерімізге, жастарға түсіндіріп, тәжірибе алмастық», – деді Ақтөбе облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Мирхан Ермағанбетов.
Жалпы, екі күн бойы екі елдің өңіраралық байланыстары мен өнеркәсіптік кооперация мүмкіндіктерін кеңейту тақырыбында талқылаулар өтеді. Сондай-ақ, екі елдің экономикасына тиімді жобаларға қол қойылып, құжаттар бекітілмек.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ.