Қазақтың қайраткер қызы
Сара Мыңжасарованың туғанына — 100 жыл
Жазушы, аудармашы, қазақтың қайраткер қызы Сара Мыңжасарованың туғанына 100 жыл толуына орай С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен «Өмірдің бұралаң жолдары» атты конференция өтті.
Облыстық конференцияға оқырмандар мен кітапхана қызметкерлері, қаламгерлер, жазушының туыстары, студент жастар және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында қазақ қыздарының арасынан бірінші болып роман жазған Сара Мыңжасарованың мұрасы, қайраткерлік тұлғасы ғана емес, оның тағдыры жөнінде де сөз болды. Прозада да, журналистикада да қалам тербеп, өз заманындағы «еңбек, өнер адамдарының галереясын жасаған» (М.Қожахметова), әдебиет сыншыларының, қалың оқырманның жылы лебізіне ие болған, әлі де зерттеушілер назарында жүрген Сара Мыңжасарованың есімі туған жерінде де, орталық қалаларда да көше, мәдениет пен білім ошақтарына берілмеген.
Шалқар ауданы Кішіқұм ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, білім саласының ардагері Аққайыр Оразбаев өз сөзінде жазушының өмір жолы, шығармашылығына кеңінен тоқтала келе, оның 70 жылдық мерейтойына орай туған жеріне сапары жөнінде естелік айтты:
— Үлкен және Кіші Борсық құмдары туралы көзі ашық әр адам біледі. Сараның туған жері — Кіші құмда орналасқан Қарашоқат ауылы. Ол кезде Қарашоқат сол маңдағы ірі елді мекендердің бірі болған. Сара теміржолшының отбасында дүниеге келген. Естеліктерге сүйенсек, мінезі сұсты, өте қайсар, өзінің күшіне сенуді ғана білген, тура сөйлейтін адам болған. 1994 жылы 70 жасқа толуына байланысты туған жерінде мерейтойлық іс-шаралар ұйымдастырылатын болды. Соның ішінде мен еңбек ететін Тоғыз орта мектебінде де кездесу өтті. Сара апайға Алматыдан Жазушылар одағының екінші хатшысы Бейбіт Қойшыбаев бастаған; ал Шалқардан сол кездегі аудан басшысы Кеңес Абдуллин бастаған топ еріп келді. Жүріс-тұрысы қарапайым, шын пейілімен қуана білетін жан екен. Оқушылар шағармаларынан үзінді оқып, мұғалімдер көрініс қойған сәттерде қуанып, мәз болып отырды. Кездесуден кейін Қарашоқатқа жүріп кетті, — деді ол.
Аққайыр аға әңгімесін жазушының тағдырына қатысты ойлармен жалғады:
— Өткен ғасырдың 20-жылдарында туған ұрпақтың көрмеген қиындығы жоқ десек болады: аштық; тап күресі, басқа да саяси дүрбелеңдер; соғыс… Сара Мыңжасарова солардың бәрінен шыңдалып шықты. Алайда жеке өмірінде де қиындықтар көп болған. Сұм ажал жолдасы мен жалғыз ұлынан ерте айырған. Сара апай — өзіне тән қайсарлықпен, қайда жүрсе де халқына адал қызмет етуге тырысқан жан. Мысалы, 70-жылдары республиканың Байланыс министрлігінде баспасөзді тарату бөлімінің басшысы қызметінде болған кезінде қазақ кадрларын жұмысқа тартуға, қазақ тіліндегі газет-журналдардың таралымын көбейтуге өте зор үлес қосқан. Халқына перзенттік борышын осылай өтеген қайраткер қызын елі де ескерусіз қалдырмай, көше, мектептерге атын беріп, ұлықтауы керек, — деді.
Жазушының туыстары атынан сөз сөйлеген Райымбай Ақтай да өзін осы мәселе толғандыратынын жеткізді:
— Мыңжасар мен Кенжеғұл — бір әкеден туған адамдар. Сара апа — Мыңжасардың, мен Кенжеғұлдың ұрпағымын. Біз ХХ ғасыр басындағы теміржолшылар әулетінен тараймыз. Өкінішке қарай, жазушы туралы естеліктерде «ата-анасы ажырасып кеткен» деген қате дерек жүр. Жоқ, Рахман атамыз бен Лайық әжеміз өз еркімен ажырасқан адамдар емес. Олар — сол кездегі саяси қуғын-сүргіннің құрбаны. Білімді, ауылда мұғалім болып істеп жүрген Лайықтың үстінен НКВД-ға «үйінде Құран ұстайды екен» деген арыз түскен. Сөйтіп, НКВД-ның қырына ілігетін болған соң, ауылға алыстан қудаланып келген, көзі ашық бір азаматтың қапелімде тапқан амалы: « Бұл кісіні Мәскеуге, Крупскаямен кездесуге шақырып жатыр» — дейді. Крупскаяның атын естіген НКВД бірден ұстап әкете алмайды. Сол сәтті пайдаланып, Лайық пойызбен Мәскеуге аттанып кетеді де, жаладан аман қалады. Отбасына «зияным тимесін» деп, күйеуімен заң жүзінде ажырасуға мәжбүр болады. Алайда отбасылық қарым-қатынасын үзбеген. Қиын заманда осындай тағдырлар болған ғой… Сара апамыздың өмірбаяны туралы айтылғанда, осы жайт ескерілсе деймін. Екіншіден, ауданның Төрежан Мәндібай, Зәпен Жұмабаева бастаған азаматтары Сара Мыңжасарова есімін есте қалдыру мақсатымен көше, мектеп, кітапханаға атын беруді сұрап еді. Өкінішке қарай, ол республикалық арнайы тізімге енгізілмеген болып шықты, — деді қынжылып.
Біздіңше, қазақтың тұңғыш романист қызы ретінде тарихтан өшпейтін есім бұл тізімге де еш кедергісіз енуге тиіс. Сондықтан бастамашы топ мәселені аяқсыз қалдырмайды деп үміттенеміз.
Жиында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зияш Телеуова, педагогика ғылымдарының магистрі Жайнагүл Бекнияз, журналист Айсын Байтақовалар жазушының шығармашылығына тоқталып, оның барлық дерлік туындылары қазақ әйелінің тағдырына арналғанын атап өтті.
С.Бәйішев атындағы кітапхананың директоры Сұлушаш Хәкімова конференция қонақтарына алғысын айтты. Сондай-ақ:
— Биыл «Өлке» баспасынан Сара Мыңжасарованың «Әйел бақыты» және «Өмір көріністері» кітаптары жарыққа шығып, кітапханамыздың қоры жазушының жаңа кітаптарымен толықты. Біз үшін бұл — үлкен рухани олжа, — деп қуанышты хабармен бөлісті.
Конференцияда жазушы шығармаларынан үзінділер оқылып, оқырмандар сауалына жауап берілді. Сонымен бірге «Прозаның алғашқы аруы» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды. Үлкен экраннан белгілі адамдардың Сара Мыңжасарова туралы естеліктері, пікірлері берілді.
Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.