Жаңалықтар

«Жасыл ел» жасағының ХХ еңбек маусымы қорытындыланды

Жұма күні Студенттер сарайында «Жасыл ел» жасағының ХХ еңбек маусымының жабылу салтанаты өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, «Жасыл ел» штабының өкілдері мен еңбек жасағының сарбаздары, студенттер мен колледж оқушылары қатысты.

Салтанатты іс-шара студенттік құрылыс отрядтары және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының «Жасыл ел» жасағының тарихы» атты деректі фильмінің көрсетілімінен басталды.

Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан маусымды қорытындылап, жобаның маңыздылығын атап өтті.

— Баршаңызды «Жасыл ел» еңбек маусымының аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын! «Жасыл ел» жасағы биыл да облысымыздың тазалығына, көгалдандырылуына зор үлес қосты. Елімізде ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» акциясына атсалысты. Аз уақыт ішінде «Жасыл ел» жасағы сарбаздарының бірлескен күшімен облыс аумағында 3 мыңнан астам ағаш егілді, қала және аудандарда өзен-көлдердің жағалаулары тазаланды. Жастар көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 200-ден астам тұрғынға үй-жайын тазартуға қолдау көрсетті, қарттарымызға да қол көмегін аямай келеді. 20 жыл бұрын бастау алған «Жасыл ел» жобасы осы күнге дейін облысымыздағы мыңдаған жастың басын біріктірді, туған жерді түлету, оны көркейту үшін қыруар шаруа атқарды. Сондықтан сіздерге облыс әкімі атынан ризашылығымды білдіре отырып, баршаңызға амандық, толағай табыстар мен жетістіктер тілеймін. Мерейтой құтты болсын! — деді Ж.Батырхан.

Құттықтау сөзінен кейін облыс әкімінің орынбасары үздік деп танылған мекемелер мен сарбаздарға арнайы номинациялар табыстады. Атап айтсақ, «Үздік аудандық жастар ресурстық орталығы» номинациясын Шалқар аудандық жастар ресурстық орталығы, «Жыл серпіні» номинациясын Мәртөк аудандық жастар ресурстық орталығы, «Үздік жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы» номинациясын Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжінің жастар ісі комитетінің төрағасы Гүлназ Айтқазықызы, «Үздік командир» номинациясын Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінің оқушысы Бекнұр Нұрлыбекұлы, «Үздік сарбаз» номинациясын  Нұрарыс Аманұлы, «Үздік оқу орны» номинациясын Ақтөбе гуманитарлық-техникалық колледжі және «Үздік жұмыс беруші» номинациясын «Номад Құрылыс» ЖШС иеленді.

Сондай-ақ«Жасыл ел» жобасына атсалысқан 100 жауынгер Алғыс хатпен марапатталып, Астана қаласына үш күндік саяхатқа жолдама алды.

Іс-шарада «Атамекен» студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасақтарының төрағасы Нұржан Шаңғытбаев жоба жанашырларына мерекелік төсбелгілер табыстаса, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының командирі, Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінің 2-курс оқушысы Дана Тәжіғұлова жиналғандарға жүрекжарды лебізін жолдады.

Кеш жас әнші Еркеш Хасеннің орындауындағы «Анашым» және облыстық «Жасыл ел» еңбек жасақтары штабы төрағасының орынбасары Артур Әзиевтің орындауындағы «Атамекен» әнімен аяқталды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button