Тікұшақ апаты
Қайғылы жағдаймен аяқталған оқыс оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр
9 қараша күні таңғы сағат 11:40-та Мәртөк ауданы Сарыжар ауылының маңында Әуе қорғанысы күштері әскери институтының МИ-8 тікұшағы оқу-жаттығу ұшуларын орындау кезінде апатқа ұшырап, отын багы өртенді.
Оқиға орнына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 23 адам мен 5 техника барып, құтқарушылар өртті сөндірді. Алайда тікұшақта болған үш адамның екеуі жарақат алып, бір адам көз жұмды.
Қазір екі әскери қызметкерге қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Олар дер кезінде облыстық ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта зардап шеккендер жансақтау бөлімінде жатыр.
Көп салалы облыстық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Азамат Турушевтің айтуынша,
Екі науқастың жағдайы орташа, екеуі де жарақат алған, біреуінің мойын омыртқасы сынған, пневмотораксы бар, екі қолын І дәрежелі күйік шалған. Дегенмен екеуі де ес-түсін біледі.
Өңір басшысының тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан көпсалалы облыстық ауруханаға барып, зардап шеккен азаматтардың жағдайын білді.
— Болған жағдайға байланысты марқұм болған азаматтың ата-анасына, ағайын-туысына, жақындарына көңіл айтамыз. Жаңа ғана марқұмның отбасына барып, көңілімізді білдірдік. Облыс әкімдігі тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетіндігін жеткіздік. Аталған мәселе бойынша іс қозғалып, тиісті шешімдер қабылданады, — деді ол.
Алдын ала болжамға сәйкес, апатты оқиғаның басты себебі — техникалық ақаудың болуы. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
ҚР ІІМ ӘТД Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының мәліметіне сүйенсек, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оқиға орнында тергеу органдары жұмыс істеп жатыр.
Сенбі күні осы оқиғаға байланысты облысқа Қорғаныс министрінің орынбасары – Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов басқаратын арнайы комиссия келді.
Белгілі болғандай, бұл тікұшаққа соңғы күрделі жөндеу 2023 жылы Алматы қаласындағы «405 авиациялық-жөндеу зауыты» базасында жасалған. Барлық регламенттік жұмыстар, оның ішінде ұшу алдындағы дайындық нормативтерге сәйкес орындалған. Қазіргі таңда авиациялық апаттың алдын ала себебі техникалық ақаулық деп қарастырылуда. Алайда түпкілікті қорытынды тергеу іс-шаралары жүргізілгеннен кейін жасалатын болады.
Зардап шеккен экипаж мүшелері қажетті медициналық көмекпен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген және мамандардың бақылауында. Ал көз жұмған әскери қызметшінің туыстарына материалдық төлемдер және барлық қажетті қолдау көрсетіледі.
Қорғаныс министрлігінің ресми мәлімдемесіне сүйенсек, облыстағы оқу-жаттығу ұшуы кезінде болған авиациялық апат салдарынан көз жұмған азамат — Әуе қорғанысы күштері әскери институты авиациялық эскадрильясының офицер-нұсқаушысы, майор Батыр Оразымбетов. Ол 1988 жылы туған. Әуе қорғанысы күштері әскери институтын 2009 жылы «Ұшақтар, тік ұшақтар және авиациялық қозғалтқыштар» мамандығы бойынша бітірген.
Қызмет барысында Әуе қорғанысы күштерінде түрлі лауазымдардан өткен. МИ-8 тікұшағын пайдалануда үлкен тәжірибесі бар, жалпы ұшу уақыты 500 сағаттан асады. Қызмет барысында жоғары кәсібилік пен адалдық танытқан офицер биылғы су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді түрде атсалысқан. Үйленген, артында екі баласы қалды.
Кеше Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында қаза тапқан ұшқышпен қоштасу рәсімі өтті.Оған Әуе қорғанысы күштерінің басшылығы, әскери оқу орнының ұжымы, қайғылы жағдайда қаза тапқан Батыр Қайратұлы Оразымбетовтың туыстары мен жақындары қатысты.Әскери борышын орындау кезінде қаза тапқан ұшқыштың есімі оның туыстары мен әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталады.
Ал жарақат алып ауруханада жатқан әскерилер — әскери институт авиациялық эскадрильясының командирі, майор Бибарыс Ибраев пен оқу-жаттығу авиациялық орталығының аға ұшқыш-нұсқаушысы, аға лейтенант Рүстем Нығметов.
Қарулы күштердің басшылығы мен Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшылығы, сондай-ақ облыс әкімдігі қаза тапқан әскери қызметшінің туыстары мен жақындарына көңіл айтады.
Д.АЙДАР.