Жаңалықтар

«Ауыл аманаты» бойынша 185 жоба қаржыландырылды

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Байғанин ауданының биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы және 2025 жылға арналған жоспарлары туралы баспасөз конференциясы өтті.

Осыдан тура бір жыл бұрын Айбек Көпенов Байғанин ауданының әкімі болып тағайындалды.Ол өз жұмысына шолу жасап,өзінің бастамасымен қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар туралы мәліметтердіБАҚ өкілдерінің назарына ұсынды.

Байғанин ауданы — ауыл шаруашылығы дамыған аймақ. Бүгінде ауданда 414 шаруа қожалығы, 19 өндірістік кооператив және 5 ЖШС кәсібін жүргізіп отыр. Ауданда 50 мың бастан астам мүйізді ірі қара, 132 мың бас ұсақ мүйізді мал, 33 мың жылқы және 4100 бас түйе бар.
Аудан әкімі Айбек Көпеновтің айтуынша, аудан шаруалары мал азығымен толықтай қамтамасыз етілген.Қажетті мал азығымен қамту мақсатында ауылдық округтерде қосалқы жер қорынан жер телімін беру жұмыстары атқарылды. 8 ауылда мал азығы жәрмеңкесі өткізілді, осының аясында 69 үйге арзандатылған бағада 146,2 тонна мал азығы түсірілді.

Аудан әкімі биыл Байғанин ауданында «Ауыл аманаты» бойынша 185 жоба қаржыландырылғанын айтты.
— Жыл басынан бері «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 185 өтінім мақұлданып, 1 миллиард 190 миллион теңгеге қаржыландырылды. Аталған жобалардың 15-і — жылыжай, 15-і құс шаруашылығы болса, 69-ы шағын бизнес ашуға және 90-ы мал шаруашылығына бағытталған, —деді Айбек Көпенов.
Байғанин ауданында барлығы 23 елді мекен бар. Оның ішінде 15 елді мекен орталықтандырылған ауызсумен, 4 ауыл су тазартудың кешенді блок-модульмен қамтамасыз етілген.

— Биыл Дияр, Жаңатаң және Қопа елді мекендері бойынша сумен қамту нысандарының құрылысына облыстық және республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, құрылыс монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қопа және Жаңатаң елді мекендерінің құрылысы аяқталды.Енді құжат қабылдау жүргізіледі. Баршақұм ауылында құрылыс жұмыстары мердігер есебінен жүргізіліп, атқарушылық парақ арқылы мердігерге қаражат аударылады.Осындай жұмыстар аяқталып, сумен қамту жүйесін іске қосқан соң аудан бойынша елді мекендердің орталықтандырылған ауызсумен қамтылуы 91,67 пайызға жететін болады.

Қазіргі таңда Байғанин ауданы бойынша халық саны 200 адамға жетпейтін 5 елді мекен бар. Оның ішінде Айрық, Шұқырши, Жыңғылдытоғай елді мекендеріне кешенді блок-модуль орнатылған, — деді  аудан әкімі Айбек Көпенов.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының тапсырысымен мердігер«КазПромСтройГрупп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қораши ауылында және ауыл ішінде газ құбырын тартып жатыр. Құрылыс монтаж жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарланған.

Байғанин ауданы 9 ауылдық округ, 23 елді мекеннен тұрады. Мұндағы халық саны 23 мыңнан асады. Ауданда 1 мұражай, 20 кітапхана, 22 мектеп, 17 балабақша, 1 аурухана, 1 халыққа қызмет көрсету орталығы, 1 емхана, 5 спорт кешені, 23 менпункт және дәрігерлік амбулатория, 16 ауылдық клуб, 3 супермаркет, 7 сауда үйі, 82 дүкен, 48 шағын орта бизнес жұмыс істейді.

— Байғанин ауданындағы 20 орта, 2 негізгімектепте барлығы 4818 оқушы білім алып жатыр. Мектеп бар, оқушы саны аз. Аудандағы орта мектептердің бесеуінде оқушы жетіспейді. Осыған байланысты көрші аймақтардан көпбалалы отбасыларды шақырып отырмыз. Биыл ауданымызға бірнеше баласы мектепке баратын екі отбасы көшіп келді. Алдағы жылы 150 орындық №2 Қарауылкелді орта мектебнің құрылысы басталады. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Сондай-ақ Оймауыт ауылындағы 150 орындық мектеп-балабақша құрылысының жобасына түзету жұмыстары жүргізілмек, — деді А.Көпенов.

Ауданда 17 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары бар, оның 5-еуі —  жекеменшік балабақша. Балабақшаларда 1059 тәрбиеленуші бар,193 педагог қызмет атқарады.Сонымен қатар 921 оқушыға қосымша білім беріп отырған Шығармашылық орталығы және Б.Тәжібаев атындағы музыка мектебі бар.

Аудандағы 1 аудандық аурухана, 7 дәрігерлік амбулатория, 16 медпунктте барлығы 46 дәрігер, 177 медбике жұмыс істейді. 11 жедел жәрдем көлігімен қамтылған.

Республикалық маңызы бар Ақтөбе-Атырау автомобиль жолының 125 шақырымы аудан аумағы арқылы өтеді. Оның 392,8 шақырымы —жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары.

— Қазіргі таңда жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайының үлесі  — 59,4 пайыз. Биыл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайының үлесін жақсарту мақсатында 7 нысан бойынша бюджеттен жалпы сомасы 5,2 миллиард теңге бөлінді. Барлығы 110,3 шақырым жергілікті маңызы бар автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланды, — деді аудан әкімі.

Жоспар орындалған кезде жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайының үлесі  87 пайызға жетпек.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button