Жаңа сквер, жайлы орын
Мәслихат
Сәрсенбі күні Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 30 жылдығына және Ақтөбе қаласының 155 жылдығына орай 11-шағын аудандағы №14 тұрғын үй маңындағы алаңда сквер ашылды.
Сквердің ашылу салтанатына облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, қалалық мәслихат төрағасы Анар Даржанова, Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Ербол Данағұлов, сондай-ақбарлық шақырылымдағы облыстық және қалалық мәслихат депутаттары мен ардагерлер қатысты.
Шарада І-ІІІ шақырылымдарда депутат болған ардагерлер сөз сөйлеп, жиналғандарға жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Бұдан кейін ардагерлер мен депутаттар скверге қылқан жапырақты ағаштар отырғызды.
Бұл ағаштар жергілікті, яғни Ойыл ауданындағы орман тәлімбағынан алынған.
Ағаш егу рәсіміне «Жасыл ел» жастар отрядының 20 сарбазы арнайы келіп қатысты.
Демалыс орны облыстық мәслихаттың бірнеше шақырылымының депутаты Талғат Салфиковтің демеушілік көмегімен салынды.
Шағын ауданға ерекше сән беріп тұрған жаңа скверде енді қала тұрғындары демалып, тынығатын болады.
— Биыл барлық деңгейдегі мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толды. Осы орайда өңірімізде түрлі іс-шаралар өткізіліп жатыр. Соның бірі — бүгінгі жаңа сквердің ашылуы. Бұл шараның біз үшін маңызы зор. Жалпы, отыз жыл ішінде облыстық мәслихат депутаттары ел дамуына сүбелі үлес қосып, өңірімізді өркендету жолында жемісті еңбек етті. Сондықтан барша әріптестерімді мерейтоймен құттықтаймын, — деді облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева.
Д.АЙДАР.