Басты жаңалықтар

Ғалым мұрасын зерделеу — баршаға ортақ парыз

Құдайберген Жұбанов — 125

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде тіл білімі саласындағы алғашқы қазақ профессоры, түркітанушы, педагог Құдайберген Жұбановтың 125 жылдығына арналған «Жұбанов тағылымы» тақырыбында ХІ халықаралық ғылыми конференция өтті. Конференцияға облыс әкімі Асхат Шахаров, Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Әділет Тойбаев, университет ректоры Лаура Қарабасова, сондай-ақ филолог ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, ғалымның туыстары қатысты.

Жастар сарайының  «Мәңгілік ел» конференц-залында өткен пленарлық отырысқа

облыс әкімі Асхат Шахаров қатысып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Онда: «Құдайберген Жұбанов — қазақ лингвистикасының теориялық негізін қалауға атсалысқан ғұлама ғалым. Ол тіл білімін терең зерделеп, ғылыми қауымдастық бірауыздан мойындаған іргелі еңбектер жазды. Түркологияның өзекті мәселелерін жан-жақты зерттеді. Сонымен қатар түрлі жауапты қызметті абыроймен атқарып, туған халқының игілігі үшін аянбай тер төкті. Ағартушы-ғалымның ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Оның мол мұрасын жан-жақты зерделеп, есімін ел жадында жаңғырту — баршаға ортақ парыз. Осы орайда бұл басқосудың тағылымдық мән-маңызы зор. Төл тарихымызда айрықша орны бар тұғырлы тұлғаның өмірі мен шығармашылық жолы жас ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге болады деп сенемін», — делінген құттықтауда.

Өз сөзінде өңір басшысы ағартушы-педагогті еске алуға арналған іс-шараның маңыздылығын атап өтті.

Президент атап өткендей, Құдайберген Жұбановтың қазақ тіл білімі мен әдебиеттану саласындағы зерттеулері терең мағыналы, оның идеялары мен еңбектерінің қазіргі қазақ қоғамы мен білім беру жүйесінде алар орны зор. Оған талай зерттеуші-ғалымдардың да берген жоғары бағасы дәлел. Біз осындай іс-шараларды өткізе отырып, Құдайберген Жұбановтың жарқын тұлғасын жаңа қырынан тануға жол ашамыз, — деді облыс әкімі.

Іс-шарада ғалымдар мен зерттеушілер Құдайберген Жұбановтың ғылыми және мәдени мұрасы, оның ғылым мен қоғамға қосқан үлесі туралы тақырыптық  баяндамаларын оқыды.

Осымен он бірінші рет өткізіліп отырған дәстүрлі конференция аясында университет аумағындағы Құдайберген Жұбанов ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, Жастар сарайында фотокөрме ашылды, «Құдайберген Жұбанов: тұлға және уақыт. Фотомұрағат» кітабының тұсаукесері өтті.

(Материалдың толық нұсқасын газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар).

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button