Басты жаңалықтар

Батырлар мекенінің бүгіні

Батырлар мекені атанған Қобда ауылына биыл — 95 жыл. Ақтөбе уезінде құрылған ең соңғы болыс болып бекітілген мекенге бастапқыда «Қызыл ту» деп атау берілген. Кезінде мұхиттың орнын басқан жерді Қобда деп атау жергілікті халықтың өтініші болыпты. Бір қызығы, бұл атаудың мағынасы иран тілінен аударғанда «су қоймасы» дегенді білдіреді екен.

Қойнауы қазынаға, тарихы тағылымға толы, мәңгілік ерліктің өшпес өнегесіне айналған өлкенің өткеніне шолу жасап, бүгінін баяндағымыз келді.

Қобда биыл 95-ші күзін қарсы алды. 7000-нан астам тұрғыны бар үлкен ауылда 1600 отбасы тұрады. Қобда ауылдық округінің әкімі Марат Құлниязовтың айтуынша, ауылда тұрғындардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған.

Ауыл халқының тұрмысы қалалықтармен бірдей

Өзі өскен өңірде әкім болып сайланған Марат Құлниязов туған жерге қызмет істеуді парызы санайды. Туған жеріне жанашырлықпен қарайтын азамат қазір ауылдың тұрмысын одан әрі жақсартуға барын салып жүр.

— Бегалы ауылында дүниеге келдім. 2019 жылы аудан орталығына келіп, халықтың сенімін арқалап, әкім болып тағайындалдым. Бүгінде округ орталығы — Қобда ауылында 7100 адам тұрады. Ауылымызда тұрғындарға барлық жағдай жасалған. Ауызсу, газ, интернет, телефон байланысының барлық түрі бар.  Екі орта мектеп пен Исатай Тайманов атындағы гимназия, үш балабақша, көпсалалы колледж бен Мәдениет үйі де бар. Барлығы қазіргі заманға сай жабдықталған, жыл сайын жоспарлы жөндеу жүргізіліп тұрады. Сонымен қатар тұрғындарымыздың денсаулық мәселесіне жауап беретін медицина мекемесі дәрігерлермен толықты. Жастар арасында спорт бағытын дамыту мақсатында спорт, денешыныктыру кешені де ашылды, — дейді Қобда ауылдық округінің әкімі М.Құлниязов.

Ауруханалар жаңа мамандармен толықты

Қобда аудандық ауруханасының бас дәрігері Мақсат Қапашевтың айтуынша, биыл аурухана жаңа мамандармен толыққан. Ауданға қарасты бірнеше ауылда жаңа медициналық пункт ашылып, қатты отынмен жылытылатын медициналық мекемелерге газ беріліпті.

Біз аудан орталығында орналасқандықтан, келушілер көп. 1983 жылы іргесі қаланған ғимаратымыздың инфекция және шаруашылық бөлімі 2020 жылы жөндеуден өтсе, 2023 жылы әкімшілік бөліміне күрделі жөндеу жүргізілді. 2023 жылы аурухана төбесі ауыстырылды. Жалпы аумағы 5483,7 шаршы метр болатын аурухана ауласына брюсчатка мен афальт төселді. Құрылымында терапия, хирургия, қабылдау бөлімі, емхана, күндізгі стационар және 6 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, 18 медициналық пункт жұмыс істейді. «КамАЗ» жүк көлігі базасында жылжымалы медициналық кешен, флюрокешен, маммограф, цифрлық стационарлық флюоро, өкпені жасанды желдету аппараты, лор комбайн рентген аппараттар және басқа да жабдықтармен толық қамтылған. Сонымен қатар тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуге, денсаулық сақтау саласын қажетті кадрлармен қамтамасыз етуге тырысып келеміз. Аудандық ауруханада 38 дәрігер, 120 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді. Дәрігерлердің көбі — жастар. Ауданда онколог, реаниматолог, отоларинголог, офтальмолог тәрізді мамандар жетіспейтіні байқалады. Осындай олқылықтарды толықтыру мақсатында жастар арасындағы жобалармен 2 жалпы тәжірбиелі дәрігер мен хирург дәрігерін жұмысқа орналастырдық. Келесі жылы Марат Оспанов атындағы медицина университетін бітіретін отоларинголог және жалпы тәжірбиелі дәрігер жұмысқа орналасатын болады. Сонымен қоса материалдық жабдықтау бойынша «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауданға 139,2 миллион теңге қаражат бөлінген болатын.

Барлық ем-дом, ота жасау тегін. Жолдамамен келгендерді де ақысыз түрде қабылдаймыз. Ақылы қызмет түрлері де қолжетімді бағамен ұсынылады. Жыл басынан бергі  9 айда 181 нәресте дүниеге келді. Алдағы уақытта атқарылар істер де көп: жаңа айтып кеткендей, ауданымызды медициналық кадрлармен қамтамасыз ету басты орында. Аурухананың жертөлесін және кәріз жүйесін күрделі жөндеуден өткізу мәселесі де өзекті. Сондай-ақ Өтек, Жарық, Сарыбұлақ медициналық пункттерінің құрылыс жұмыстары басталатын болады. Ауруханаға қосымша медициналық көлік пен генератор сатып алынбақ, — деді бас дәрігер.

Биыл Бегалы ауылында 25 келушіге арналған медициналық пункт ғимараты пайдалануға беріледі. Сондай-ақ сұйық отынмен жылытылатын Жаңаталап, Терісаққан, Білтабан дәрігерлік амбулаториясы және қатты отын пайдаланатын Жарсай медициналық пунктіне газ жүргізіледі. Жыл соңына дейін 1 СИПАП аппараты және 3 диффибрилятор монитор сатып алынады деп жоспарланған.

«Ақтөбенің» анықтамасы:

 Қобда болысы 1868 жылы 21 қазандағы «Далалық облыстарды басқарудың Уақытша Ережесіне» сай, 1869 жылы 29 шілде күні жасақталған. Жаңа Ережеге қарсылық салдарынан Ақтөбе уезінде құрылған ең соңғы болыс болып бекітіледі.

Қобда болысы алғаш құрылған тұста қазіргі Қобда ауданының шығыс, солтүстік-шығыс бөлігін Қарақобда, Сарықобда өзендерінің басынан бастап қазіргі Алға ауданының солтүстік, солтүстік-батыс аймақтарын қамтыды.

Халықтың Хиуа өңіріне көшуіне байланысты құрылған тұста болыста бар-жоғы екі әкімшілік ауыл мен 680 шаңырақ тұрған.

(Анықтама облыстық тарихи-өлкетану музейінің Қобда бөлімінен алынды)

Жаңа көше

Биылғы су тасқыны кезінде аудан орталығындағы 250-ден астам отбасы зардап шекті. 130 отбасына жақында баспана кілттері табысталған.

Бұл жыл оңай болмады. Жалпы саны 15 мердігер компанияның қатысуымен аудан бойынша 147 үйдің құрылысы жүргізілді. Қобда ауылында 130 отбасына жаңа баспана салынып, 8 отбасы екінші деңгейлі нарықтан үй сатып алды. Қазір құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Жаңадан салынған 130 үйге көше атауын беру жұмысы жалғасып жатыр. Арнайы тізімдегі 505 есімнен біреуін ономастикалық комиссия шешімі бойынша анықтайтын болады, — деді әкім.

Кәсіп бастаймын дегенге қолдау көп

Ауылда кәсіп бастап,  жұмыс істеп жатқан тұрғындар көп. Нәтижесінде жұмыссыздардың қатары жыл сайын азайып келеді. «Осы орайда «Ауыл аманаты» жобасының маңызы зор», — дейді ауыл әкімі. Оның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы аясында биыл 101 жоба қолдау тапқан. Өңірде құс, мал шаруашылығымен, бау-бақша, жылыжай, шағын және орта кәсіппен айналысатын тұрғындар көп. Арасында тігін цехы мен макарон өндірісі үлкен ауылдың қажетіне жарап отыр.

Макарон цехын ашқысы келген кәсіпкер Қуан Жұмашев аудандық кәсіпкерлер палатасына барып, мемлекеттен берілетін грантты алуға құжаттар толтырған. Бастамасы сәтті болып, 2022 жылы қайтарымсыз грант иесі атанған. Ол аталған бағдарлама аясында былтыр 8 млн теңге көлемінде төмен пайызбен несие алып, өндірісін үлкейтуді көздепті.

Грант қаражатына макарон цехының технологиялық процестерімен танысу оқуына бардық. Қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдық. Бұл —  досым екеуміз бірігіп бастаған кәсібіміз еді. Қазір макаронның бес түрін шығарамыз. Цех атауын «Әлімжан» деп үлкен ұлымның есімімен атадым. Макарон жасау үшін қажетті шикізат ұнын «Жаңа Әлжан» жауапкершілігі шектеулі серіктесінен аламын, болашақта бизнесімізді кеңейткіміз келеді, — дейді кәсіпкер.

Ауыл тұрғындарының көңілінен шығып, жергілікті халықтан қолдау көріп келе жатқан цехта 5 адам жұмыс істейді. «Бұған дейін макарон цехы болмаған өңірде енді керектінің бәрі бар», — дейді көпбалалы әке. 4 перзентіне үлгі болып отырған кәсіпкер өнімін енді Қазақстанның өзге өңірлеріне шығаруды жоспарлап отыр. Жаңа бастамаға қолдау көрсеткен қобдалықтардың жергілікті өнімге сұранысы да жоғары.

Қобдалықтардың тұрмысының қаладан айырмашылығы жоқ. Ауыл тұрғындарына  наубайхана, шаштараз, дөңгелек жөндейтін шеберханаға, тіпті тігін цехын ашып, ауылдастарының ризашылығына бөленіп жүрген кәсіпкерлер көп. Ауылдағы жұмыссыз қыз-келіншектерді, мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмыспен қамтып, оларға тігін саласының қыр-сырын үйретіп жүрген қобдалық Разия Берекетқызының осы салада жүргеніне 10 жылдан асыпты. Жұмыспен қамту орталығы арқылы жеке кәсібін жұмысшы алуға рәсімдеп, қарамағына бүгінде 16 адамды тігін цехына орналастырған. Арасында «күміс жас» санатына жататын жұмысшылар да бар.

2013 жылы қазан айында тігін цехының жұмысын бастадым. Ашылғалы мемлекеттік бағдарламаларға мемлекеттік тапсырыс бойынша байқауларға қатысып келемін. Алғашында кәсібімді перде тігумен бастадым, қазір сахналық киім де тігемін. Қазақстан бойынша әр аймақтан тапсырыс қабылдаймын. Көбіне театр артистеріне киім тігуге сұраныс көп. Одан бөлек қыз жасауы, киімдерді қайта өңдеу тәрізді тапсырыстарды қабылдаймын. Соңғы бір жылда құлмақ салынған жастық шығаруды да қолға алдық. Сонымен қатар қайырымдылық жасаудан да қалыс қалған емеспіз. Халық игілігі үшін әрқашан еңбек етуге дайынбыз, — дейді «Разия» тігін цехының басшысы Разия Берекетқызы.

Қобда — жері құнарлы аудан. Жеміс ағаштарын егіп, жерін баққа айналдыруды ниет еткен кәсіпкерлер мен жеке қожалықтар да баршылық. Қобдада жоқ кәсіпті бастаған Жалғас Бигесінов алма ағашын егуді қолға алған.

— Бұл — енді қолға алып жатқан іс. Ағаш жеміс беруі үшін 2-3 жыл уақыт қажет. Көшеттерім үлкен баққа айналса, бір кәсіптің бастауы болары анық. Маған жеміс ағашын күтіп-баптау жат іс емес. Бұған дейін де аулаға ағаш егіп, жемісін алып отырмыз.  Әкесінің еккен ағаштарынан түскен тәтті жемістерді теріп жеп, балаларым бақ ішінде асыр салып ойнаса, бұдан асқан бақыт бола ма!? — дейді ол.

Жыл сайын егіс алқабын ұлғайтып, өнім игеруді арттырып келе жатқан қобдалық диқандар биыл 44 мың гектар жерге тұқым сепкен. Күзгі егін науқанын аяқтап, қызу тірліктен бойын жазған диқандар биылғы түсімге дән риза. Жерден берекесін жинаған шаруалар қамбаға 10877 тоннадан астам астық құйған.

Жас спортшылар футболдан топ жарып жүр

Соңғы жылдары ауыл балалары тегін үйірмелерден қалмай, футбол, бокс, күрес, жүзу тәрізді спорт түрлерімен айналысуға қызығушылығы артқан. Мәселен, Қобда ауылдық спорт мектебінде 500-ден аса бала жаттығу секцияларына барып, халықаралық додаларда топ жарып келеді. Баланың бойындағы қабілетті бірден танитын спорт мектебінің бапкерлері, жаттықтырушы Есет Төрехан балаларды кәсіби деңгейде жаттықтырып жүр.

Ауылымыз аудан орталығы болғандықтан «Ақтөбе футбол клубы» орталығының филиалы ашылған еді. Орталықта 80-ге жуық оқушы футболмен айналысады. Аталған спорт клубы спорттық құрал-жабдықтарын, спорт киімдерін берді. Жалпы футболдан жаттықтырушы болып, оқушылар дайындап жүргеніме 8 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында шәкірттерім облыстық және республикалық жарыстардың жеңімпазы атанды. Ауылда спортпен шұғылдануға барлық жағдай жасалған. Екі стадион, спорт мектебі және заманауи талаптарға сай денешынықтыру, сауықтыру кешені бар. Жылдың төрт мезгілінде үздіксіз жаттығуға болады. Осыдан екі жыл бұрын Шымкент қаласында халықаралық турнирде топ жардық. Осы жылы Жамбыл облысы Қаратау қаласында өткен ауыл спорт мектептері арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатына қатысып, жүлделі орын еншіледік. Нәтижеміз жаман емес. Алдағы уақытта әлі де дайындығымызды шыңдап, үлкен жетістіктерге жетеміз деген сенімдемін. Екі шәкіртім Ақтөбе қаласында Есет батыр атындағы мектеп-интернатында оқып, жоғары оқу орнын тәмамдады. Оқушыларымның алды жоғары оқу орнын бітіріп, ауылға қызмет етуге келіп жатыр, — деді спорт мектебінің жаттықтырушысы.

Ауыл 2014 жылы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Қобда ауылдық округінде 44 көше, 8 тұйық көше бар. Көшелер жарықтандырылған. Оның ішінде 26 көшеге асфальт төселген. Қалған көшелерге асфальт жабындысын төсеу бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр.

Айдана АЛТЫБАЕВА

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button