Мәдениет үйі мен спорт кешені
Жұмыс сапары
Хромтауда әлеуметтік нысандар салынып жатыр
Хромтау қаласында көптен күткен Мәдениет үйі бой көтерді. Жаңадан денешынықтыру сауықтыру кешені салынып жатыр. Облыс әкімі Асхат Шахаров ауданға жұмыс сапары барысында осындай әлеуметтік нысандардың құрылыс басында болып, мердігерлермен сөйлесіп, аяқталу мерзімдерін нақтылады. Өңір басшысы кенді өлкенің тіршілігін көзбен көріп, аудан басшылығымен бірге өзге де мәселелердіпысықтады.
ERG компаниялар тобы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Хромтаудағы Мәдениет үйінің құрылысын 2023 жылы бастаған.
— Бүгінде Мәдениет үйінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Жоба құны — 1 миллиард 800 миллион теңге. Келісімшарт бойынша жоба келесі жылдың наурыз айында аяқталуға тиіс. Алайдамердігер «Санжар» құрылыс мекемесі әрлеу жұмыстарының қарқынын үдетіп, құрылысты жыл соңына дейін толығымен аяқтауды жоспарлап отыр, — деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев.
Өңір басшысы әрлеу жұмыстары жалғасып жатқан кабинеттер мен залдарды аралап көрді.Мәдениет үйінің бірінші қабатында сахнасы бар 400 орындық көрермен залы, кітапхана, шеберханалар мен студиялар, киім-кешек бөлмесі, киім ауыстыратын бөлме және буфет орны бар. Екінші қабатта театр ұжымдары мен ансамбльдерге арналған кеңсе бөлмелері, би залы және дайындық бөлмелері орналаспақ. Сондай-ақ дәрістер мен семинарларға арналған бөлмелер де қарастырылған. Облыс әкімі мердігерге әлеуметтік нысан құрылысын мерзімінде аяқтау міндетін қойды.
Өңір басшысы Асхат Шахаров Хромтаудағы құрылысы ұзаққа созылған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде де болды.
— Хромтау қаласындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 2019 жылы басталды. Алайда пандемия кезінде құрылыс материалдарының қымбаттауына байланыстымердігер «Бабек-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жобалық сметаны түзетуге өтінім берді. Жоба түзетіліп, өзгерістер бекітілгеннен кейін құрылысқайта жалғасты. Жоба құны — 1 миллиард 600 миллион теңге.Келісімшарт бойынша нысан алдағы жылдың ақпан айында тапсырылуға тиіс. Екі қабаттан тұратын ғимаратта футбол, волейбол, баскетбол ойнауға арналған үш арнайы залы бар, бокс және гимнастикаға арналған бөлмелер қарастырылған, — деді Ержан Мұздыбаев. Облыс әкімі Асхат Шахаров мердігерге жобаның аяқталуын кешіктірмеуді тапсырды.
Бұдан кейін облыс басшысы Дөң тау-кен байыту комбинатының балансындағы қаладағы орталық қазандықтың жұмысын қарады. Асхат Шахаров нысан басшылығымен қазандық жұмысының сенімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған жөндеу жұмыстарының барысын талқылады.Қаланы үздіксіз жылумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын былтырқазандықтарды күрделі жөндеуден өткізсе, биыл 1,2 шақырым жылу желілерін жөндеп алған.
Нысанды аралаған өңір басшысы қаланы жылумен қамтуға жауапты мамандарға қазандық жұмысын бақылауда ұстау және орын алуы мүмкін ақауларды жедел жою міндетін қойды. Мұндағы қызметкерлердің зейнет жасына таяған адамдар екенін көрген облыс әкімі: «Мұндай жерлерде көбіне аға буын жұмыс істейді. Білгендеріңізді жас буынға үйретіңіздер, тәжірибелеріңізбен бөлісіңіздер. Жастарды тарту керек», — деді.
Бұдан кейін Асхат Шахаров Хромтау қаласындағы өрт сөндіру бекетінде болды. Жеке құраммен кездесіп, жағдайларын сұрады.
— Бұл — Хромтау қаласындағы жалғыз өрт сөндіру бөлімшесі. Бөлімшеде 5 техника бар: өрт сөндіру машиналары, оның екеуі — апаттық-құтқару жұмыстарына арналған көмекші көліктер. Бөлімше ғимараты былтыр аудан әкімдігінің балансына берілген. 1977 жылы салынған нысанға күрделі жөндеу қажет.Күрделі жөндеу жұмыстары келесі жылы басталады деп жоспарланған, сметалық-жобалық құжаттама дайын, — деді Ақтөбе облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы Асылбек Сәдуов.
Облыс әкімі Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратовқа ғимаратты жөндеуге қаржы бөлу мәселесін қарастыруды тапсырды.
— Мемлекет басшысы жылыту маусымына дайындық пен оны өткізуге ерекше көңіл бөліп отыр. Осы тапсырмалар аясында Хромтау қаласының орталық қазандығының жұмысы тексерілді. Биыл жазда қалада бес шақырымнан астам жылу желісі ауыстырылды. Қазіргі уақытта жылыту маусымы қалыпты түрде өтіп жатыр, бірақ жаңғырту мәселесі — өзекті.
Инфрақұрылымды дамытуға, оның ішінде халықаралық маңызы бар жолдарды салуға, жол қызметін дамытуға тиісті көңіл бөлініп отыр, бұл Хромтау ауданында шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік береді.
Биыл Индустриалды аймақ құрылысының жобасын әзірлеуді аяқтаймыз, келер жылы оны жүзеге асыруға кірісеміз. Индустриалды аймақ ірі кәсіпорындарды оқшаулауға, инвесторларды тартуға жағдай жасайды. Сонымен қатар аудандағы әлеуметтік нысандар жөнделіп, жаңа ғимараттар бой көтеріп келеді. Осы мақсатқа жыл сайын бюджеттен қажетті қаражат бөлінеді.
Жалпы ауданның әлеуеті зор, сондықтан біз өзекті мәселелерді шешіп, жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыра отырып, одан әрі дамытатын боламыз, —деді облыс әкімі Асхат Шахаров жұмыс сапарын түйіндеп.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.