Жиырма жылдық белес
ӨНЕР МЕКТЕБІ
Ақтөбе қаласындағы Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің құрылғанына биыл 20 жыл толды. Өнер мектебінің өнерлі балалары білім ордасының атауын аз уақыт ішінде республикаға ғана емес, тіпті халықаралық деңгейде де танытып үлгерді. Өңірдегі барлық дерлік мәдени-көпшілік іс-шараларда «Қазанғаптың балалары» өнер көрсететініне көрермен де үйреніп қалған. Облыс мәдениетінің дамуына, балалардың қосымша білім алып қана қоймай, рухани дамып, эстетикалық тәрбие алуына үлесін қосып келе жатқан Қазанғап атындағы балалар өнер мектебі туралы аталған білім ордасының директоры Бибігүл Жақсыбайқызымен сұхбаттасқан едік…
Облыстағы қосымша білім беру ұйымдарының бірі Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің іргетасы 2004 жылы қаланды. Осы жылы білім ордасына қазақ халқының біртуар перзенті, дәулескер күйші Қазанғап Тілепбергенұлының есімі берілді.
— Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінде музыка, хореография, ұлт аспаптар және классикалық музыка бөлімдері, бейнелеу өнері, журналистика және театр секілді 8 бөлім жұмыс жасайды. Бүгінде балаларды шығармашылыққа баулу мақсатында мектебіміздің екі филиалы Мұхтар Арын атындағы Қарғалы орта мектебінде және №65 жалпы білім беретін орта мектебінде жұмыс істейді. 1300-ден астам дарынды оқушыға 107 білікті маман дәріс береді. Оқытушылар арасында «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері бар.
Былтыр өнер ордасының қосымша жапсарма ғимаратының құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Ғимараттағы 200 орындық мәжіліс залы, сахналық киімдер қоймасы, кең әрі жарық 3 хореография залы, 3 көркемсурет өнері және оқу кабинеттері заманауи құрылғылармен жабдықталған, — дейді мектеп директоры.
Бибігүл Жақсыбайқызының айтуынша, Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің ұжымы «Ұлы мұра» жобасы аясында ұйымдастыралатын халықаралық байқау-фестивальдерге, шеберлік сағаттарына тұрақты қатысады. Ұстаздар Түркия, Қытай, Германия, Ұлыбритания, Әзірбайжан, Түрікменстан мемлекеттерінде өткен шеберлік сағаттарында біліктілігін шыңдап, музыкант-орындаушылар өзара тәжірибе алмасып келеді.
— 2020 жылдан бері елімізде «Академиялық ұтқырлық» жобасы жүзеге асырылып келеді. Биыл да жоба аясында кешенді іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. «Академиялық ұтқырлық» республикалық жобасының мақсаты — қосымша білім беру ұйымдарының, атап айтқанда, балалар музыка мектептері мен өнер мектептерінің білім беру бағдарламаларын іске асырудағы белсенділіктерін, өзара іс-қимылын қамтамасыз ету, қосымша білім беру саласындағы озық әдістермен және тәжірибелермен алмасу. Осы жылы семинар-практикумды Қазанғап атындағы балалар өнер мектебі өткізеді. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған педагогтер қатысады. Бұл семинар-практикум қаламызда үшінші мәрте өткізілгелі жатыр, — дейді ол.
Таңдаулы секциялар
Өнер ордасындағы педагогтердің дені — жоғары білімді мамандар, өз ісінің кәсіби шеберлері. Солардың бірі — ұлт аспаптар бөліміндегі қобыз класының мұғалімі Айгүл Аманжолова.
— Қобыз класында төрт мұғалім 30-ға жуық оқушыға дәріс береді. Оқушылардың дені — облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде өткен жарыстардың жүлдегерлері. Ұлт аспаптар бөлімінде балалар домбыра, қобыз, жетіген, қыл қобыз, саз сырнай сияқты аспаптарды үйренумен қатар, музыканы теориялық жағынан терең меңгереді. Қазіргі уақытта жас музыканттар байқауының облыстық кезеңіне дайындалып жатырмыз. Байқаудан үздік шыққандар республикалық байқауда бақ сынайды. Мақтан тұтарлық оқушыларым баршылық. Солардың бірі, мектеп түлегі Гүлсезім Аманғос балабақшада жүрген кезінен бастап қолына қобыз ұстады. Дарынды оқушым өнер мектебінде оқып жүргенде 2012 жылы Алматы қаласында өткен ХХХХVІ республикалық жас музыканттар байқауының ІІІ дәрежелі лауреаты атанды. Биыл Гүлсезім Астанада өткен ХХVІІ «Шабыт» халықаралық жастар фестивалінде қобыз-прима номинациясы бойынша өнер көрсетіп, жүлделі 1-орынды жеңіп алды. Қазір ол Қазақ ұлттық өнер университетінде оқып жатыр. Ал биыл өнер мектебінің оқушысы Альбина Бердібай Қырғызстанда өткен халықаралық байқауда топ жарып, 1-орын алды. Оқушыларымыздың әлі талай белестерді бағындыратынына сенемін, — дейді қобыз класының мұғалімі.
Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің домбырашы-ұстазы, педагог- зерттеуші ұстазы Ақтоты Төремұратова қазақтың төл өнерін насихаттап, оқушыларға домбыра тартуды үйретіп жүр. Оның айтуынша, домбыра аспабын үйренемін деген балалардың қатары жылдан-жылға артып келеді.
— Мұхтар Әуезов айтқандай, «әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу, өмірге ғашық болып келеді». Қазір балаларын домбыра үйірмесіне әкелетін ата-аналар көп. Тіпті бестегі баласына домбыра ұстатқысы келетіндер көп. Негізі, мектепке балалар 7-8 жастан бастап бейімділігіне қарай қабылданады. Қабілетіне қарай оқушыларға домбыра аспабын ұстауды теория жүзінде көрсетіп, қолы шыныққаннан кейін қазақтың күйлерін тартуды үйрете бастаймыз. Бүгінде домбыра класындағы 190 оқушыға 15 мұғалім дәріс береді. Қазақтың қоңыр үнді домбырасын жанына серік еткен бала жаман болмайды. Олар домбыра үйреніп қана қоймай, ұлттық өнерді дәріптейді.
Биыл өнер мектебінің ұстаздары мектеп қабырғасында семинар-практикумға қатысуға мүмкіндік алып отыр. Осы «Академиялық ұтқырлық» жобасы аясында өтетін семинардың модераторы ретінде іс-шараға тыңғылықты дайындалып жатырмыз. Аталған іс-шара аясында шеберлік сағаттары өткізіліп, мұғалімдер өзара тәжірибе алмасады, — дейді А.Төремұратова.
Дәстүрлі ән бөлімінің мұғалімі Лаура Қалжанова Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінде 2008 жылдан бері жұмыс істейді. Ол Батыс өлкесінің кәсіби ән мектебін насихаттап, оқушыларғады дәстүрлі әндерді орындауды үйретіп жүр.
— Дәстүрлі ән өнеріне балаларды ерте жастан дайындаған жөн. Олар кез келген әнді жылдам қағып алып, тез меңгеріп кетеді. Мәселен, биыл мектепке Бексұлтан Дінмұхаммед деген оқушы ағасымен бірге келді. Ол небәрі 5 жаста болғанымен, өнерге деген ынтасы жоғары. Бүгінде дәстүрлі ән бөлімінде 50-ге жуық оқушы тәлім алып жатыр.
Жалпы, дәстүрлі ән өнерінде Жетісу, Батыс, Арқа, Сыр, Алтай-Тарбағатай өлкелерінің бес кәсіби ән мектебі бар. Олардың әрқайсысының өзіндік бояуы, болмысы бар. Батыс өлкесінің кәсіби ән мектебі әндерінің ырғағы ширақ, жүрдек орындалады, дикциясы бөлек келеді. Арқа мектебі әндері кербездеу айтылса, біздің әндерде мінезді стиль бар. Осындай ән орындау ерекшелігін мектебімізге қабылданған оқушыларға үйретеміз, — дейді ол.
Мектеп мақтаныштары
Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінде мақтанышпен ауыз толтырып айтатын жас өнерпаз көп. Солардың бірі — «Бақытты бала-2018» халықаралық байқауының жеңімпазы Нарқыз Жанұзақова. Ол мектептегі вокал класының оқушысы. Нарқыз әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергенмен бірге Лондон қаласында өткен турнеде ән салды.
Вокал класының тағы бір оқушысы Жанерке Әбдірахманова — «Бақытты бала-2022» халықаралық байқауының жеңімпазы, Дубай елінде өткен «Golden palma» халықаралық байқауының супер бас жүлде иегері, «Қазақстан дауысы. Балалар» мегажобасының финалисі. Ал дәстүрлі ән класында оқитын Бибінұр Байбатша — Түркия елінде өткен «Мен де жұлдыз боламын» конкурсының жеңімпазы. Академиялық вокал класының оқушысы Аяна Байзулла — «Жас толқын» байқауының жеңімпазы. Бибінұр мен Аяна — «Қазақстан дауысы. Балалар» мегажобасының жартылай финалистері.
Өнер мектебінің дарынды оқушыларын да әңгімеге тартқан едік… Олар мәдени мұрамызды ұлықтап, шетелге танымал етуді көздейді.
— Өнер мектебіне 7 жасымда келдім. Ата-анамның, ұстаздарымның қолдауымен биік белестерді бағындырып келемін. Былтыр «Қазақстан дауысы. Балалар» мегажобасының жартылай финалисі атандым. Белгілі әнші Мархаба Сәбидің тобында өнер көрсетіп, дарынды балалармен таныстым. Бұл жарыста жеңіске жетпесем де, көптеген республикалық додаларда үздіктер қатарынан көріндім. Мәселен, «Дала сазы», «Мен де жұлдыз боламын» және басқа да байқаударда гран-при жүлдесін иелендім. Ұстазым Лаура Қалжановаға айтар алғысым шексіз. Осындай білікті ұстаздарымның арқасында өнерімді шыңдап, өзімнің кәсіби шеберлігімді арттырып келемін, — дейді Б.Байбатша.
Өнер ордасының тағы бір оқушысы Альбина Бердібай Қырғызстанда өткен халықаралық байқауда топ жарып, үздік атанды.
— Жасым — 14-те. Қобыз класына 7 жасымда келдім. Мектепке қабылданғанымды естіп, ата-анам қатты қуанды. Себебі олар менің өнер адамы болғанымды қалайды. Ұстазым Айгүл Аманжолованың шеберлігінің арқасында қобыз аспабында ойнауды тез меңгердім. Жуырда ата-анамның үмітін ақтап, Қырғызстанда өткен халықаралық жарыста 1-орынды жеңіп алдым. Дүбірлі додада «Абай әндеріне жазылған фантазия» шығармасы мен шетел әндерінен поппури орындадым. Алдағы уақытта Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжіне оқуға түсіп, білімді жалғастырғым келеді, — дейді А.Бердібай.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.