Хромтауда биыл Мәдениет үйі, келер жылы спорт кешені пайдалануға беріледі
Облыс әкімі Асхат Шахаров Хромтау ауданына барған жұмыс сапарында әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты.
ERG компаниялар тобы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Хромтаудағы Мәдениет үйінің құрылысын 2023 жылы бастаған. Бүгінде мердігер ұйым «Санжар» ЖШС әрлеу жұмыстарын аяқтап жатыр. Нысан биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Өңір басшысы әрлеу жұмыстары жалғасып жатқан кабинеттер мен залдарды аралап көрді.
Мәдениет үйінің бірінші қабатында сахнасы бар 400 орындық көрермен залы, кітапхана, шеберханалар мен студиялар, киім-кешек бөлмесі, киім ауыстыратын бөлме және буфет болады. Екінші қабатта театр ұжымдары мен ансамбльдерге арналған кеңсе бөлмелері, би залы және дайындық бөлмелері орналасады. Сондай-ақ дәрістер мен семинарларға арналған бөлмелер де бар. Мәдени нысанның құрылысы 1,8 млрд теңгені құрады.
Облыс әкімі мердігерге әлеуметтік нысан құрылысын мерзімінде аяқтау міндетін қойды. Жаңа Мәдениет үйінің ашылуы тұрғындардың мәдени-әлеуметтік дамуына жағдай жасап, қала үшін маңызды нысанға айналмақ.
Облыс әкімі Хромтаудағы құрылысы жүріп жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде де болды.
Хромтау қаласында әкімдік жанынан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 2019 жылы басталып, 2023 жылы аяқталуы тиіс еді. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты мердігер «Бабек-Құрылыс» ЖШС жобалық сметаны түзетуге өтінім берді. Өзгерістер бекітілгеннен кейін ЖШС 2023 жылы құрылысты жалғастырды. Нысанның жаңа аяқталу мерзімі 2025 жылға белгіленген.
Асхат Шахаров мердігерге жобаның аяқталуын кешіктірмеуді тапсырды.
Бұдан кейін облыс әкімі Дөң тау-кен байыту комбинатының балансындағы қаладағы орталық қазандықтың жұмысын қарады. Асхат Шахаров жабдықтың қазіргі жағдайын сұрап, нысан басшылығымен қазандық жұмысының сенімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған жөндеу жұмыстарының барысын талқылады.
Қаланы үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін кәсіпорын 2023 жылы қазандықтарды күрделі жөндеуден өткізіп, биылғы жылы 1,2 шақырым жылу желілерін жөндеуден өткізген.
Нысанды аралаған өңір басшысы қаланы жылумен қамтуға жауапты мамандарға қазандық жұмысын бақылауда ұстау және орын алуы мүмкін ақауларды жедел жою міндетін қойды.
Бұдан кейін Асхат Шахаров Хромтау қаласындағы өрт сөндіру бекетінде болды.
Бекет әкімшілік ғимараттан, 4 жатақханаға арналған гараждан тұрады. Мұнда 12 төтенше жағдай қызметкері отбасымен тұрады. 1977 жылы салынған нысанға күрделі жөндеу қажет.
Асхат Шахаров аудан әкіміне ғимаратты жөндеуге қаржы бөлу мәселесін қарастыруды тапсырды.
«Мемлекет басшысы жылыту маусымына дайындық пен оны өткізуге ерекше көңіл бөлуде және осы тапсырмалар аясында Хромтау қаласының орталық қазандығының жұмысы тексерілді. Биылғы жазда қалада бес шақырымнан астам жылу желілері ауыстырылды. Қазіргі уақытта жылыту маусымы қалыпты түрде өтуде, бірақ жаңғырту мәселесі өзекті болып қала береді.
Инфрақұрылымды дамытуға, оның ішінде халықаралық маңызы бар жолдарды салуға, жол қызметін дамытуға тиісті көңіл бөлінуде, бұл Хромтау ауданында шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік береді.
Биыл Индустриалды аймақ құрылысының жобасын әзірлеуді аяқтау жоспарланып отыр, келер жылы оны жүзеге асыруға кірісеміз. Индустриалды аймақ ірі кәсіпорындарды оқшаулауға, инвесторларды тартуға жағдай жасайды. Сонымен қатар аудандағы әлеуметтік нысандар жөнделіп, жаңа ғимараттар салынуда. Осы мақсатқа жыл сайын бюджеттен қажетті қаражат бөлінеді.
Жалпы, ауданның әлеуеті зор, сондықтан біз өзекті мәселелерді шешіп, жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыра отырып, одан әрі дамытатын боламыз», – деді облыс әкімі.
Д.АЙДАР.