Спорт

Ғарышбек — қола жүлдегер

Ұлттық спорт

Астанада асық атудан өткен «Respublica» ашық турнирінен жерлесіміз Ғарышбек Құлыбек жеңіспен оралды. «Respublica» партиясының ұйымдастырумен өткен дүбірлі додада еліміздің 20 аймағынан іріктелген 40 ойыншы бақ сынады. Мақсат — ұлттық спорттың дамуына үлес қосу.

Мұндай ауқымды жарыс елімізде алғаш рет ұйымдастырылды. Жиналған жанкүйерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сайыс басталғаннан аяқталғанша тасталған әр асықтан көз алмай, спортшыларды жігерлендіріп тұрды.

Асық ату турнирінің жүлдегері Ғарышбек Құлыбек Ақтөбедегі мұнай және мұнай өндіру басқармасында 6 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Ол түрлі додаларда нәтижелі ойын көрсетіп, ел мерейін асқақтатып жүр.

Финалға қатысушылар еліміздің 20 аймағынан 2 мыңға жуық ойыншының ішінен іріктеліп келді. Турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен келген мықты ойыншылар қатысты. Дүбірлі додада үздіктер қатарынан көрініп, 3-орын алдым. Ендігі мақсатым — Әлем чемпионатына жолдама алу. Ол үшін республикалық жарыстарда үздік нәтиже көрсетуіміз керек. Сонда ғана ұлттық құрама сапында өнер көрсете аламын, — дейді Ғ.Құлыбек.

Қатысушылар қатарында көшпенділер ойындарының жеңімпаздары, халықаралық турнир жүлдегерлері болды. Салтанатты іс-шарада «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров асық ату спортының дамуына өз атынан 5 млн теңге бөлетіндігін айтты.

Турнир жеңімпазы Әнуарбек Нұржігіт JAC темір тұлпарын тізгіндесе, күміс жүлдегер Нұрлан Жомарт 1 млн теңге сыйақы алды. Ал қола жүлдегер Ғарышбек Құлыбек 500 мың теңге сыйақымен марапатталды. Жеңіске деген жігері үшін Жетісу облысының ойыншысы Қастай Манасқа арнайы кубок табысталды.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button