Жаңалықтар

Дүние дидарындағы Димаш

Көрме

Республика күніне орай Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде Халық артисі Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған «Дүние дидарындағы Димаш» көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Мәдени іс-шараға облыс әкімі Асхат Шахаров, зиялы қоғам өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

12 қыркүйек пен 13 қазан аралығында Астана қаласының Ұлттық музейінен бастау алған көрме, бүгін Ақтөбеде жалғасын тапты.

Миллиондаған көрерменді өнерімен тәнті еткен Димаш — Ақтөбе облысының құрметті азаматы. Сондықтан өнер иесінің шығармашылығына арналған көрмеге келушілер көп болары анық. Көпшілік назарына ұсынылып отырған көрме Димаштың өмірі мен өнердегі жетістіктерінен жасақталып отыр. Осы орайда көрменің Астанадан кейін туған жерінде ұйымдастырылуына септігін тигізген Димашқа және ата-анасына шынайы алғысымызды білдіреміз, — деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.

Көрме Димаш Құдайбергеннің шығармашылық жолы мен жетістіктерінтаныстыратын төрт бөлімнен тұрады. Әншінің өмірбаяны, өскен ортасы, балалық шағы мен шығармашылық жолын көрсететін «Шабыт көздері» бұрышы, кәсіби білім жолында алған дипломдары, республикалық, халықаралық байқауларда иеленген марапаттары қойылған «Даңққа апарар жол» бұрышы,жанкүйерлері тарту еткен сыйлықтар тізілген «Жанкүйерлер махаббаты» және әлемдік аренада ұлттық мәдениет пен брендтің танылуына ықпал ететін аспаптар менұлттық костюмдері бар «Ұлт мәдениетінің жаршысы»  бұрышы келушілердің назарын аударды.

Көрменің ашылуына қатысқан  Димаштың ата-анасы Қанат және Светлана Айтбаевтар, әншінің ұстазы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов те сөз сөйлеп, көрменің Димаш туған өлкеде ұйымдастастырылуының маңыздылығы туралы айтты.

Іс-шарада өнер иесінің орындауындағы халық әні «Дайдидау» әнін өзі білім алған А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің оқушылары орындады.

Шашу шашылып ашылған көрмеде алтыоктава мен үш тонды қамтитын вокал диапазонымен танымал қазақ әншісі туралы жазылған қабырға деректері де, өзінің бейнесін көрсетіп тұрған 3Д форматындағы лазерлі бұрыш та ерекше.  Облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Медет Құлмұқановтың айтуынша, көрме жұмысы 24 желтоқсанға дейін жалғасады. Әлемдік деңгейдегі өнер иесінің көрмесін тамашалауға келетін туристерге де арнайы көрме залы жасақталыпты. Экскурсия өткізетін арнайы мамандар да дайындалған.

 

Айдана АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button