Жаңалықтар

Аналар «Алтын алқа» тақты

Бүгінде Ақтөбе қаласында 1242 «Алтын алқа» иегері, 2205 «Күміс алқа» иегері және 14302 көпбалалы отбасы бар.Республика күні қарсаңында қала әкімдігінде тағы бір топ ана «Алтын алқа» марапатына ие болды.

Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп, көпбалалы аналардың қоғамдағы және ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды рөлін атап өтті.

— Кез келген мемлекеттің болашағы — саналы ұрпақ. Бүгінгі бала — ертеңгі ел азаматы. Көпбалалы ана — мемлекеттің алтын діңгегі. Балаға ананың қамқорлығын, жылуы мен мейірімін ешбір адам бере алмайды. Кеуделеріңізге таққан алтын, күміс алқа құтты болсын. Отбасының алтын діңгегі болып, тағылымды тәрбие, ізгі дәстүрлер сабақтастығын жалғап жүре беріңіздер, — деді Азамат Бекет әр шаңыраққа татулық, береке және ырыс-ынтымақ тілеп. Сондай-ақ қала әкімі елімізде көпбалалы аналарға көрсетіліп жатқан қамқорлықтың жылдан-жылға артып келе жатқанын, бұл іс-шараның отбасылық тұрақтылық пен дәстүрді нығайтуға бағытталғанын атап өтті.

Бұл күні «Алтын алқа» иеленгендердің бірі — Ақтөбе қаласының тұрғыны Әлия Әбікеева. 8 баланың анасы.

— Бұған дейін «Күміс алқа» тақтым. Үлкеніміз — 21 жаста. Кенжеміз — 5 айлық. Балалар жыл сайын өсіп жатыр, оларға тамақ пен киім алудың өзі оңай емес, алдымыз — қыс, әрқайсысына сырт киім алу керек, жеткізбейді. Алайда мемлекет көпбалалы аналарды назардан тыс қалдырмайды. Алғысымыз шексіз, — деп ризашылығын білдірді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button