Жаңалықтар

Форум

Республика күніне орай Amanat партиясы облыстық филиалы ғимаратында дарынды және талантты жастарды мемлекеттік қызметке шақыру, ұрпақ сабақтастығын орнату мақсатында «Елімнің ертеңі — жалынды жастар!» атты жастар форумы өтті.

Мемлекеттік қызмет істері өңірлік департаменті облыс әкімдігімен бірлесе ұйымдастырылған ауқымды жиынға облыс әкімі аппаратының басшысы Досхан Әмір, облыстық ақсақалдар кеңесінің, өңірлік тәлімгерлер кеңесінің мүшелері мен студенттер қатысты.

Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес мемлекеттік грант негізінде оқуын жақсы аяқтаған түлектерге мемлекеттік қызметке кіру тетіктері жеңілдетілген болатын. Осы орайда облыста 40-қа жуық жас маман қызметке орналасқан. Ақтөбе облысының мемлекеттік қызмет саласындағы жастардың үлесі 39,5 пайызды көрсетіп тұр. Жиында сөз сөйлеген аппарат басшысы мерекемен құттықтап, жас мамандарға сәттілік тіледі.

Мемлекеттік қызметке ресми түрде қабылданған әр азамат бірінші кезекте өз қызметіне деген адалдығын айқындау үшін ел алдында ант қабылдайды. Соған сай, бүгін сіздер жұртшылық алдында ант қабылдап, халыққа қызмет ету жолында үлкен жауапкершілікті аласыздар. Мемлекеттік қызмет — жүгі мол, үнемі дамуды қажет ететін жұмыс. Басты мақсат — халықтың оң бағасын алып, елге адал қызмет ету, — деді Д.Әмір.

Форум аясында мемлекеттік қызметке орналасқан жас мамандар сапқа тізіліп, заң талаптарын,  азаматтардың құқығын сақтауға және адал еңбек етуге ант қабылдады. Өңір дамуына үлес қосып, ұзақ жыл абыройлы қызмет еткен аға буын өкілінің батасын алды.

Сондай-ақ салтанатты рәсімде бірқатар сала мамандарына облыс әкімінің Алғыс хаты, «Ақтөбе қаласына 155 жыл» мерейтойлық төсбелгісі және облыстық департамент басшысының Алғыс хаты табысталды.

 А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button