Мереке

Құтқарушыларға құрмет

Құтқарушылар күні мерекесіне орай Ақтөбе қаласы әкімі Азамат Бекет бір топ азаматты кәсіби мерекемен құттықтады. Жиынға құтқарушылар, әскерилер және су тасқынында жұмыс істеген еріктілер қатысты.

Азаматтық қорғау саласы қызметкерлері үшін құтқару, көмектесу, қорғау — ең басты міндет. Осындай жауапкершілігі мол, қиын және қауіпті салада еңбек етіп жүрген қаламыздың төтенше жағдай қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халқымыздың амандығын және қауіпсіздігін сақтау — басты міндет әрі қастерлі парыз. Бұл —  ең алдымен, құтқарушы мамандарға жүктелетін зор сенім, үлкен жауапкершілік, — деп өз сөзінде айрықша атап өткен болатын.

Міне, осындай қолдаулардың негізінде 29 жылда елімізде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша тиімді жүйе құрылды. Халқымыздың игілігі мен табиғатымыздың құндылықтарын түрлі қауіп-қатерден қорғап, Отанымыздың басты құндылығы — адам өмірін сақтай отырып, біздің құтқарушылар жедел, дұрыс іс-қимылдардың арқасында 4000-ға жуық авариялық-құтқару жұмыстарына шықты. Нәтижесінде 1600-ден астам адам құтқарылып, 3550 адамды қауіпсіз жерге көшірді. Осы жерде, көктемгі су тасқыны кезінде атқарылған шараларға ерекше назар аударып өткім келеді.

Су тасқыны кезінде көптеген қиындықтар болды, бірақ құтқарушылардың жедел әрекеті мен кәсібилігінің, сондай-ақ волонтерлар мен тұрғындардың белсенді қатысуының арқасында қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік туды. Біздің қызметкерлеріміз тәулік бойы жұмыс істеп, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті,— деді қала әкімі Азамат Бекет.

Сондай-ақ Азамат Бекет төтенше жағдайлар кезінде адам өмірін арашалауды кәсібіне айналдырып, жанқиярлығымен, батылдығымен Отан алдындағы борышын адал атқарып жүрген құтқарушыларды Алғыс хатпен медальмен марапаттады. Алғысқа ие болған құтқарушының бірі — Арыстанбек Әшірбеков — Есет Көкіұлы атындағы әскери бөлімнің дирижеры.

—Мерекелік кештерді ұйымдастырамыз, әскерилердің көтеріңкі көңіл күйде жүруіне ықпал етеміз. Қажет болған жағдайда құтқарушылармен бірге шығамыз. Күн-түн демейміз, қай жерге көмек қажет болса, күрек-сайманымызды арқалап жетеміз. Ұзақ жылғы еңбегімнің еленгеніне ризамын, — деді Арыстанбек ағынан жарылып.

Іс-шара соңында жиналғандар естелік суретке түсті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button