Мереке

Рухани келісім — татулық кепілі

 Руханият

18 қазан — Рухани келісім күніне орай облыстық дін істері басқармасы мен «Жарық» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Бейбітшілік қанаты — рухани келісім» атты конференция өтті.

Конференция барысында жергілікті діни бірлестік өкілдерінің жыл бойы атқарған жұмысы қорытындыланды. Конфессияаралық қатынасты нығайтуға бағытталған іс-шараға облыстық мәслихат депутаты Айгүл Дүйсенова, облыстың бас имамы Амантай Садиев және діни бірлестіктердің басшылары мен өкілдері қатысты.

Елімізде әртүрлі діни конфессиялар мен этностар өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатыр. Бірлік пен татулық  — барлық дінде көрсетілген негізгі ұстаным. Кез келген ұлттың діні мен дәстүріне сыйластықпен қарау керек. Бүгінде мәдениетаралық және дінаралық қақтығыстарды болдырмау күн тәртібіндегі  өзекті мәселе. Осы орайда облыста түрлі әлеуметтік салада жүрген діни бірлестіктерді қоса алғанда 60-қа жуық мекеме жұмыс істейді. Олардың басты мақсаты — қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау, толеранттылықты насихаттау, — деді А.Садиев.

Ал облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының президенті Арман Елдесовтың айтуынша, дін өкілдерінің қатысуымен жыл басынан бері бірнеше ауқымды іс-шаралар атқарылған. Ұйымдастырылған сенбіліктер, спорттық-интеллектуалды жарыстар, діни-мерекелік іс-шаралардың барлығы рухани келісім аясында жүзеге асырылған.

— 32 жыл бұрын Дүниежүзілік рухани келісім конгресінің бірінші сессиясында манифест қабылданып, Рухани келісім күні жарияланған болатын. Бұл — әрбір адам үшін маңызды ұғым. Өйткені дәстүр, дін, адамгершілік құндылықтар әрбір адамды рухани байытып, мейірімді етеді. Діни бірлестік өкілдерінің міндеті — халықты бейбітшілік пеп тұрақтылыққа шақыру,— деді ол.

Мерекелік басқосуда өңірдің рухани-мәдени саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар маманға төсбелгі мен арнайы сыйлықтар табысталды.

 Айдана АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button