Мереке

Ел алғысына бөленген психолог 

Құтқарушылар күні

Азаматтық қорғау саласында көп жылдан бері абыройлы еңбек етіп келе жатқан ТЖМ Апаттар медицинасы орталығы Ақтөбе облысы бойынша филиалының психологіГүлсезім Дәулетованың жеткен жетістігі жетерлік.

Гүлсезім — өз ісіне мығым, жұмысына адал, ұжымда беделді, үнемі біліктілігін жетілдіріп отыратын маман. Төтенше жағдай кезінде ол оқиға орнында зардап шеккен азаматтарға, балаларға шұғыл психологиялық көмек көрсетіп, қолдау танытады. Осы салада 12 жылдық еңбек өтілі бар Гүлсезім бригада құрамында 3 мыңнан астам шақыртуға шығып, мыңдаған адамға көмек көрсетті. Оның ішінде ауа райының қолайсыздығына байланысты  «қауырт желі» телефонынан қоңыраулар қабылдап, Орск тасжолындағы ірі жол-көлік оқиғасында, Самара-Шымкент тасжолындағы ірі өрт оқиғасында зардап шеккен, қайтыс болған азаматтардың туысқандарымен, қызметкерлермен жұмыс жасап, психологиялық көмек көрсете білді. Сонымен бірге Ақтөбе қаласындағы террористік акт кезінде де өз жұмысын абыроймен атқарды. «Қазқұтқару-2013», «Теңіз-2018» халықаралық оқу- жаттығуларына белсене атсалысты.

Қашанда қоғамдық жұмыстарға да белсене араласатын Гүлсезімнің еңбегі еленіп, бүгінге дейін Төтенше жағдайлар министрлігінен, облыс, қала әкімдігінен, әскери бөлім басшылығынан Алғыс хаттар мен грамоталар алды. «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» төсбелгісімен марапатталды.

—Халықтың алғысын алу — мен үшін үлкен мәртебе. Биылғы кәсіби мерекемізде барша әріптестерімді Құтқарушылар күнімен құттықтаймын. Біз үшін әрбір құтқарылған өмір —зор еңбектің жемісі, — дейді Гүлсезім.

Н.ДӘНЕКЕРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button