Мәдениет

Ақыны көп Ақтөбе

6 желтоқсан күні Ақтөбедегі Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған «Біз — егемен елдің ұрпағымыз» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті. Мүшәйра Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілді.

Бөлім бастығы Маржан Қорғанбаеваның айтуынша, мүшәйраға қатысуға тілек білдірушілер саны өте көп болған:

— Мүшәйраға қатысуға 16 мен 29 жас аралығындағы қыздар мен жігіттерді шақырдық. Тілек білдірушілер саны 85 адамға жетті. Біз мұндай болады деп күтпеген едік. Байқауды қалалық деп жариялағанымызға қарамастан, аудандардан да өлең жолдаушылар болды, — дейді ол.

Мүшәйраға жыр жолдағандар арасында Ақтөбедегі мектептер мен орта арнаулы оқу орындарының оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері ғана емес, әртүрлі кәсіпорындар мен мекемелерде еңбек етіп жүрген жастар да болды.

Мүшәйраға жолданған шығармаларды құрамында Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлы, Нұрлыбек Қалауов сынды белгілі ақындар бар қазылар алқасы сараптады.

Қорытындысында, 1-орынды — жас ақын Жұлдыз Қожабекова, 2-орынды М. Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың оқушысы Жасұлан Исақаев иемденді, ал Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің студенті Нұрбол Ибраев 3-орынға ие болды. Оларға Ақтөбе қаласының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің атынан дипломдар мен ақшалай сыйлықтар тапсырылды.

Сонымен қатар, тағы да жеті талапкерге ынталандыру сыйлығы табыс етілді.

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button