Жаңалықтар

Меценат өзі оқыған мектебіне спорт алаңын сыйға тартты

Белгілі меценат Қайрат Майтеков өз қаражатына өзі оқыған білім ордасы – Ақтөбедегі №3 мектепке спорт алаңын салып берді.

Облыс әкімі Асхат Шахаров спорт алаңында болып, оқушыларға  жасалған сыйлық үшін кәсіпкерге алғысын білдірді. Әкім сондай-ақ спорт алаңы спортпен шұғылдану жағдайын жақсартып қана қоймай, балалардың жан-жақты тұлға ретінде дамуына, салауатты өмір салтын ұстануына септігін тигізетінін атап өтті.

Спорт алаңы жеңіл атлетика, футбол, волейбол және баскетбол алаңдарымен жабдықталған.  Оның құрылысына кәсіпкер жүз миллион теңге жұмсаған.

Өңірде «Туған жерге тағзым» акциясы 2016 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Оның аясында көптеген әлеуметтік нысан салынды және жөнделді, олардың материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Көптеген кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтар осы акцияға қатысып, туған өлкенің өркендеуіне өз үлестерін қосты. Олардың қатарында жерлесіміз Қайрат Майтеков те бар. Бұған дейін ол осы мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, пән кабинеттерін заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті, ағылшын тілін оқытатын зертхана ашты. Балалар жаңартылған сыныптарда оқуға мүмкіндік алды, ал мұғалімдер заманауи технологияларды қолдана отырып, сабақ өткізіп келеді. Кәсіпкер «Жұбановтар әлемі» ғимаратын салып, қаламызға сыйға тартты.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button