Билік

Қазақстан және еуразиялық интеграция

Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірде жүзеге  асқан еуразиялық жобасы туралы

Қазақстан Республикасы өз тә­уел­сіз­дігінің жиырма жылдығын түбегейлі әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар жүргізу бағытында кең ауқым­ды жетістіктермен қарсы алып отырған болса, ал халықаралық қоғамдастық Қа­зақстанды бүгінде жаһандық үдерістерге беделді де ықпалды қатысушы ретінде таниды.

Қазақстанда ұлттық мемлекеттіліктің берік іргетасы қаланып, елдің аумақтық тұтастығы қамтамасыз етілді. Ел сенімді түрде дамудың нарықтық қатынас жолы­на қадам басып, әлемдік экономикаға сәтті енді. Бүгінде Қазақстан – бұл та­быс­ты, динамикалық сипатта дамып, әлемдік үдерістерде елеулі рөл атқарып отырған мемлекет. Біздің елімізді өзгелер бәсекеге қабілетті мемлекет деп біледі, онысы ХХІ ғасырдың түрлі сынақтары мен қатер­леріне уақтылы және тиімді қам-қаре­кеттерімен дәлелденіп отырғандай.

Тұрақты ішкі саяси ахуал, ұлтаралық татулық пен дінаралық келісім, мемлекеттік құрылысты ұтымды жүргізу – осының бәрі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың табанды да салиқалы сая­са­тының нәтижесі.

Мына бір жайтты еске сала кеткіміз келеді. Президент Нұрсұлтан На­зар­баев­тың 1997 жылғы қазанда жасап ұсын­ған Қазақстанның дамуы жөніндегі алғашқы бағдарламасы – «Қазақ­стан-2030» Стра­те­гиясы болатын. Ауқымды да кешенді бұл жоспарда ұзақ мерзімдік модер­низациялық қайта жаң­ғыртудың негізгі бағыттары мен мақсат­тары анық айқын­далып, елдің негізгі әлеуметтік және эко­но­микалық салал­а­ры қам­тыл­ды, Қазақ­станды тәуелсіз және бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде қалыптас­тыру көзделді.

Дамудың стратегиялық бағыты 2009 жылғы мамырда 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік үдемелі ин­дус­трия­лық-инновациялық бағдарламада тия­­нақ­талып, айқындалды. Бағдар­лама­ның негізгі міндеті – үдемелі қарқынмен, ең ал­дымен инновация және озық тех­но­ло­гияларды енгізу арқылы жаңа ин­дус­триялық экономика құру болды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бастама­сымен Қазақстан халқы Ассамблеясының құ­ры­луы және оның бай да көпэтносты еліміздің кескін-келбетінде сенім мен ынтымақтың, өзара түсіністіктің ерекше ауанын қалып­тастыруы, сөз жоқ, әлемдік тәжірибедегі жаңашылдық болып табылады.

Қазақстанның этносаралық үнқатысу мәселелерін тиімді шешіп отырған мемлекет ретіндегі беделі Мемлекет басшы­сының өркениеттер мен конфессиялар арасындағы үнқатысуларды өрістететін және бүгінде дәстүрге айналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу жөніндегі бастамасы ар­қылы да дәлелдене түсті.

Қазақстанның Еуропадағы жетекші ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі де елдің жетістіктерін мойындаудың, сондай-ақ әлемдік аренадағы Нұрсұлтан Назар­баевтың жоғары беделінің айқын дәлелі болды. Оған Еуропа елдері басшы­ларының, араларындағы қарама-қайшы­лықтарға қарамастан, саяси ерік-жігерін оятудың, 11 жылдан соң бірінші рет Астанада Ұйым Саммитін өткізіп, жаңа тарихи жағдайда Хельсинки рухын тірілтудің сәті түсті.

Сөз жоқ, біздің еліміздің халықаралық деңгейдегі жоғары беделінің іргетасы сонау 1990 жылдардың басында Қазақстан Көшбасшысы ядролық қарусыздану бас­тамасын көтергенде қаланған болатын. 1991 жылы ядролық қарудан ерікті түрде бас тарту және Семейдегі сынақ поли­гонын жабу жаһандық ядролық қару­сыздану мен оны таратпау ісіне елеулі үлес болып қосылды. Бұл шешім біздің еліміздің ядролық емес мәртебесінің негізін қалап қана қоймай, шын мәнісінде ядролық сынақтарды тоқтату жөніндегі әлемдік үдерістің бастауына айналды.

Қазақстан Президенті – Қазақстан мен Ресей арасындағы шынайы стра­те­гиялық әріптестіктің сенімді жақ­тау­шы­сы. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ға­сырға бағдарланған мәңгілік достық пен одақ­тастық туралы Декларацияның, ға­жайып «Байқоңыр» ғарыш айлағының қызметі және Каспийдің қойнауын игеру жө­ніндегі елеулі келісімшарттардың қа­былдануы — осының нақты дәлелі.

Нұрсұлтан Назарбаев жасаған және жүзеге асырған жетістіктің формуласы бір жағынан, реформаларды жүргізу ба­рысында Қазақстанның жаратылыстық артықшылықтарына: табиғи байлықта­рына, географиялық жағдайына, қуатты адами капиталына негізделген болса, екінші жағынан, Қазақстан Президентінің Еуразия мемлекеттерімен интеграцияны сатылы түрде тереңдете жүргізуі де маңызды фактор саналады.

Қазіргі таңда экономикалық интеграция жаңа, мейлінше тұрақты да әділетті әлемдік тәртіпті қалыптастырудың басты құралы болып отыр. Терең иірімді өз­герістер, түбегейлі өзгеріп бара жатқан бүгінгі дүние «білім экономикасына» көшуге, озық технологияларды ендіру мен таратуға, инновациялық дамудың әлеуеттерін тиімді пайдалануға жаңаша ғажайып мүмкіндіктер тудыруда.

Бұрынғы кеңестік кеңістікте осы заманғы интеграциялық құрылымдарды құру көп ретте Еуразия халықтарының ғасырлар бойы келе жатқан берік тату көршілестік және өзара сыйластық дәс­түрлеріне негізделген. Әйтсе де, Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған қазір­гі еуразиялық интеграция идеясы – көр­шілес мемлекеттердің экономикалық ықпалдастығын белсенді де сатылы түрде одан әрі кеңейтудің «практикалық нұс­қауы» болғандай.

Көпшілік білетіндей, Қазақстан Президенті сонау 1994 жылдың наурызында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде негізінде мемле­кетаралық ықпалдастық және оған ана­ғұрлым дайын елдердің тығыз эконо­ми­калық, гуманитарлық интеграциясы жатқан «Еуразиялық мемлекеттер одағын қа­лыптастыру туралы» (ЕАС) жобасын та­ныстырды. Осы ЕАС жобасы бойынша Еуразия елдері бірігуінің негізінде экономика жатуы керек делінді. Оның үстіне, Еу­разиялық Одақ нарықтық өзгерістерде, ұлттық қауіпсіздікте, әлемдік экономи­калық жүйеге бірлесіп енуде келісілген қадам-қарекеттерді қолдануды қамтамасыз еткен болар еді.

Жоба авторының ойынша ЕАС жи­ынтық интеграциялық әлеуеті бар, әрбір қатысушы елдің ұлттық-мемлекеттік мүд­делерін жүзеге асыруға бағытталған тең­құқықты тәуелсіз мемлекеттердің одағы болуы тиіс. Еуразия мемлекеттері инте­грациясының басты мақсаты тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, аймақта әлеу­меттік-экономикалық модернизация жүр­гізу болып табылады.

Жаңа интеграциялық бірлестіктің институттары мен механизмдерін қалып­тастыру еуразиялық стартегияны іске асырудағы алғаш қадам болмақ. Құжатта, ЕАС-та Еуропалық Одақтағыдай ұлттық­тан жоғары тұратын органдар құрыла­тындығы айтылды. Қазіргі ЕурАзЭҚ, Кеден одағы және қалыптасқалы жатқан Біртұтас экономикалық кеңістік секілді интеграциялық құрылымдар «еуразиялық жобаның» жүзеге асуының нақты көріністері.

Астанада 2000 жылы құрамына Беларусь Республикасы, Қазақстан Республи­касы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы және Тәжікстан Респуб­ликасы кіретін Еуразиялық экономи­калық қоғамдастық құру туралы шешім қабылдануы өзара көп жақты ынтымақтастық пен шынайы эконо­микалық интеграция жолымен табан­ды түрде жүруге бел байлаған бес мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерлері бірлігінің дәлелі болды.

ЕурАзЭҚ – бұл әлемдегі (құрлық­тың 15 пайызын құрайтын) үлкен территорияға орналасқан, мол минералдық-шикізаттық қорға ие және айтарлықтай экономикалық әлеуеті бар (181 миллиондай тұтынушы тұратын) аймақтық ірі рынок. ТМД Статистикалық комитетінің есебінше, оның әлемдік ІЖӨ-дегі үлесі 2010 жылы 4,4 пайызды құрады. Қоғамдастық елдерінде әлемдегі барланған мұнай қорының 8,5 пайызы, табиғи газдың 25 пайызы, көмір­дің 22 пайызы, тұщы су мен орман алқа­бының 20 пайыздан астамы орналасқан.

ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің кедендік аумағында еркін сауда режімін қамтамасыз етіп, олардың арасындағы тауар айналымын 2000 жылғы 29 млрд. доллардан 2008 жылы 123 млрд. долларға дейін, яғни 4,2 есеге өсірді. Бұл эконо­микалық интеграцияның келесі сатысы – Кеден одағын құруға сенімді негіз болып, логикалық алғышарт жасады.

2007 жылғы қазанда Беларусь, Қазақ­стан және Ресей мемлекеттері басшыла­рының Кеден одағын құру жөніндегі шешімі де маңызды кезең болды. Жұрт білетіндей, 2010 жылдың 1 қаңтарынан Ортақ кедендік тариф пен Ортақ тарифтік және тарифтік емес реттеу ережелерін енгізу арқылы Кеден одағы жұмыс істей бастады. 2011 жылдың 1 шілдесінен Ресей, Қазақ­стан және Беларусьтің ішкі шекараларынан кедендік бақылау алынып, кедендік бақы­лау мен тіркеудің барлық түрі кедендік белдеудің сыртына шығарылды. Осылайша, Кеден одағы әлемдік өлшемдерге сай: ортақ кедендік территория, ортақ кедендік тариф және Кеден кодексімен іске кірісіп, онда посткеңестік аумақтағы тұңғыш ұлттықтан жоғары орган – Кеден одағы комиссиясы (КТС) жұмысын бастады.

Кеден одағының құрылуы сауда мен экономиканың өсуіне, еркін бәсекелестіктің дамуына және оған қатысушы елдердің ішкі рыноктарында инновациялық белсен­діліктің күшеюіне қолайлы жағдай ту­дырды. Кеден одағы елдері арасындағы өзара сауда айналымы 2010 жылы 2009 жылмен салыстырғанда 21 пайызға өсіп, 88,4 млрд. АҚШ долларын құрады. Ол 2011 жылы 110 млрд. АҚШ долларына жетеді деп күтілуде.

Экономиканың нақты секторы, бизнес қауымдастығы мен Беларусь, Қазақстан және Ресей тұрғындары Кеден одағынан пайда таппаса, зиян шеккен жоқ, өйткені үш елдің өзара сауда-саттығында кедендік және басқа да кедергілер жойылды, Кеден одағының сыртқы шекарасында кедендік рәсімдеуден өткізіліп, басқа елдерден әкелінген импорттық тауарлар кедендік территорияның ішінде еркін айналып, біздің тауарлармен бәсекеге түсетіндей жағдай қалыптасты.

Осының бәрі Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің экономикасындағы нақты сектор кәсіпорындарының жұмысы мен дамуына, олардың өндірістік кооперация­сына, бірлескен кәсіпорындар құруына, жаңа жұмыс орындарын ашуына қолайлы жағдай туғызып, сайып келгенде, эконо­ми­каның инвестициялық тартымдылығы мен бәсекеге қабілеттілігінің өсуіне жеткізеді.

Ресей Ғылым академиясының Халық ша­руашылығын болжау институтының есеп­теулері бойынша, «ЕурАзЭҚ аясында Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік құрудың макроэкономикалық тиімділігі алдағы бес жылда ішкі жалпы өнімнің 5 пайыз шамасында, ал 10 жыл мерзімде 15 пайыз өсімді құрайтын болады».

ЕурАзЭҚ пен Кеден одағын құруға сол уақыттағы ең бір табысты және инте­грациялық құрылымның алғашқы міндеттерін мейлінше толық жүзеге асырған Еуропалық Одақ үлгі болды. ЕурАзЭҚ ынтымақтастық қарқыны және стратегия­лық даму бағыты бойынша ЕО-ны еске түсіреді, алайда бұл талай ой елегінен өткізілген және посткеңестік аумақ елдеріндегі макроэкономикалық үдерістердің деңгейі мен даму ерекшеліктеріне ыңғай­лас­тырылып құрылған.

Еуропалық Одақтың iрге қалауы 1950 жылдардан бастау алады. Оның ал­ғашқы белгiлерi Еуропа көмiр және болат бiрлестiгi туралы келiсiм (ЕОУС, 1951 жыл) мен Еуропа атом энергиясы жөнiндегi қауымдастық туралы келiсiмде (Евратом, 1957) көрiнiс тапты. 1957 жылы Римде қол қойылған Еуропалық экономикалық қоғам­дастық туралы келiсiмшарт Еуропалық Одақ құру мәселесiн жаңа деңгейге көтердi. Еуропа елдеріне Кеден одағын құруға 11 жыл, ортақ ішкі рынок құруға 34 жыл, ал экономикалық және валюталық одақ құруға 43 жылдай уақыт қажет болды.

Беларусь, Қа­­зақстан және Ресей бұл жолда шапшаң қар­қын­мен жүріп келеді: Еур­Аз­ЭҚ-тан Кеден одағын құ­руға де­йін 11 жыл, ал Біртұтас эко­но­микалық ке­­ңіс­тік­тің жұ­мыс істей бас­тауына дейін 12 жыл уақыт кетті.

ЕурАзЭҚ-тың Кеден одағын құру жұмыстарының аяқталуын күтпей-ақ, 2009 жылғы 19 желтоқсанда Алматыда өткен бейресми саммитте үш мемлекеттің бас­шылары Біртұтас экономикалық кеңістік (БЭК) қалыптастыру жөніндегі іс-әрекет жоспарын бекітті. Аталған мемлекеттер басшыларының табанды саяси ерік-жігері мен осы елдер үкіметтерінің белсенді жұмыстарының арқасында БЭК-тің құқық­тық базасын жасау жөніндегі күрделі міндет аса қысқа мерзім ішінде (басында жос­парланған екі жылдың орнына бір жылда) орындалып шықты. 2010 жылдың желтоқ­санында БЭК қалыптастыратын арқаулық 17 келісім қабылданды. Бұл келісімдер 2012 жылдың 1 қаңтарынан күшіне еніп, Біртұтас экономикалық кеңістік жұмыс істей бастайды.

БЭК-тің толық көлемде жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін 2011 – 2015 жылдар аралығында тағы да 55 халықаралық келісімдерді және басқа да құжаттарды қабыл­дап, белгіленген нақты мерзімдеріне сәйкес БЭК қалыптастыратын келісімдер бойын­ша 74 міндетті шаралардың орындалуын қамтамасыз ету қажет.

БЭК-тің құқықтық негізін қалыптасты­ратын келісімдерді шартты түрде алты топқа бөлуге болады: келісілген экономи­калық саясат жүргізу және экономиканы реттеу жүйесін үйлестіру; қызмет көрсе­тудің ортақ рыногын жасау; капиталдың ортақ рыногын қалыптастыру және келісілген валюталық саясат жүргізу; еңбек ресурстарының ортақ рыногын жасау; ортақ энергетикалық рынок қалыптастыру, энер­гетика мен көлік саласында табиғи моно­полиялардың қызметіне қолжетім­ділікті туғызу; техникалық реттеу деген сияқты.

БЭК-ті құрайтын төрт құрамдас бөліктің біреуі – тауарлардың ортақ рыно­гы – жұмыс істеп тұрған Кеден одағымен атқарылып отыр. БЭК-тің тағы бір маңызды бөлігі – қызмет көрсетудің ортақ рыногының алғышарттары 2012 жылдың басында жасалмақ. Осының шеңберінде БЭК-ке қатысушы мемлекеттер өздеріндегі заңды және жеке тұлғалардың қызмет көрсету рыноктарына енудің ұлт­тық режімдерін бекітуге ұмтылып, арнайы лицен­зияны қажетсінетін қызмет түрлеріне берілген лицензияларды мойындауды қамта­масыз етеді және ұлттық заңнама­ларды үйлестіреді, ал қызмет көрсету саудасы бойынша үшінші елдерге қатысты келісілген саясат жүргізеді.

2013 жылғы 1 қаңтардан жүктерді тасымалдаудың темір жол тарифтері бір жүйеге түсіріліп, әрбір мемлекеттің тер­риторияларында қолданылып келген бұрынғы экспорттық, импорттық және ішкі тарифтер жойылады. Олардың орнына ортақ тариф енгізіледі. 2015 жылғы 1 қаңтардан БЭК-ке мүше мемлекеттердің жүк тасымалдаушылары үшін темір жол инфрақұрылымын еркін пайдалану мүмкін­дігі қамтамасыз етіледі.

2014 жылғы 1 қаңтардан БЭК-ке мү­ше елдер үшін мемлекеттік (муници­палдық) сатып алу жүйесінде ұлттық режім қолданылатын болады.

2014 жылғы 1 қаңтардан капиталдың ортақ рыногын құру шеңберінде БЭК-ке мүше елдердің ұлттық режім жағдайында қаржы, банк және сақтандыру қызмет­теріне еркін енуі қамтамасыз етіліп, инвес­тициялық қызметке теңқұқықтық жағдай жасалады, валюталық операцияларға шектеу алынып тасталады.

2015 жылғы 1 қаңтарға дейін газ бағасы бойынша (нарықтық) бірдей пайда түсе­тіндей жағдайға қол жеткізіледі.

БЭК-те ортақ еңбек рыногы қалыпта­сады. БЭК-ке мүше елдердің еңбек миг­рант­тары белгілі бір әлеуметтік кепілдіктерді пайдаланып, олардың құқықтары қорғалатын болады. Осы аталған шаралар­дың бәрі 2016 жылдың 1 қаңтарынан БЭК-тің толық сипатта жұмыс істеуін қам­та­масыз етеді.

БЭК-ті құру – бұл ең алдымен, еркін бәсекелестіктің дамуына мүмкіндік және ортақ кеңістікте инновациялық белсен­діліктің күшеюіне жағдай тудыру. Мұн­дай бәсекелестік тауарлар мен қызмет көрсе­тудің сапасын жақсартудың ма­ңыз­ды ынталандырушысы болып табылады. БЭК-ті қалыптастыруда нормалар мен ережелерді бір ізге түсіру мен үйлестіру кәсіп­орындарда бәсекеге қабілетті өнім­дер шығаруға және оларды дамудың ин­нова­ция­лық жолына салуға қолайлы жағдай жасайды.

Биылғы жылдың 18 қарашасында посткеңестік аумақ елдері үшін тарихи оқиға болып, Ресей, Қазақстан және Беларусь президенттері Еуразиялық эконо­микалық интеграция туралы Декларация мен Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) жөніндегі келісімді қабылдады.

– Мұнымен біз Еуразиялық экономи­калық одақ қалыптастыру жолында кезекті және өте мықты қадам жасадық, – деді Дмитрий Медведев бірлескен баспасөз мәслихатында. – Бұл бірлестік ешбір күмәнсіз біздің елдеріміздің болашағын айқындайды. Осы ретте ол былай деп атап айтты: «Мен ең алдымен өз әріптестеріме алғыс айтқым келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа рахмет, егер турасын және ашығын айтатын болсақ, аса қиын 90­-­жылдары ол осынау идеяның ұсыну­шысы болды. Сол уақыттың өзінде Нұрсұл­тан Әбішұлы шын ықыласымен постке­ңестік аумақта интеграциялық үдеріс­термен айналысуға шақырды».

– Біз ЕурАзЭҚ, Кеден одағы және БЭК секілді перзенттерді дүниеге әкелген әкелер ретінде өз шешімімізге берікпіз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Мұның посткеңестік кеңістікте аса жоғары, басқа халықтардың да қосылуы үшін ең тартымды нағыз интеграциялық бірлестік болуын қалаймыз. Басты мақсатымыз – біздің халықтары­мыз­дың әл-ауқатын көтеру. Сондықтан эконо­миканы дамыту негізгі мақсат емес. Мақсат — адамдардың өмір сүруін жақсарту. Адам­дардың осын­дай игіліктерге кенелуі үшін экономика табыс табады. Бәрі осындай мақ­сат үшін жасалады. Интеграция да осыған бағытталған.

Беларусь Президенті Александр Лукашенко өз кезегінде былай деді: «Мен еуразиялық кеңістікте жаңа экономикалық, саяси күш орталығын құру арқылы Беларусь, Қазақстан және Ресейдің дұрыс бағытта жүріп келе жатқанына сенімдімін, өйткені БЭК табысы біздің мемлекеттеріміз ғана емес, жақын көршілеріміз үшін де маңызды болмақ. Және ол барлық ірі халықаралық орталықтар үшін елеулі фактор болады».

Сөз жоқ, еуразиялық кеңістіктегі интеграция үдерісі бұдан әрі де тиімді дами береді. Мұндай табысты интеграциялық құрылымдарға ЕурАзЭҚ және ТМД-ның басқа да мүшелері қызығушылық танытуда. Жұртқа мәлім екеніндей, Қырғызстан басшылығының өтінішіне жауап ретінде бұл елдің Кеден одағына кіруін дайындау жөніндегі жұмыс механизмі іске қосылды. Мұндай қызығушылықты Тәжікстан да білдіріп отыр.

2011 жылғы 26 қазанда «Известияда» Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еуразиялық одақ: идеядан болашақтың тарихына» деген бағдарламалық мақала­сы жарияланып, онда Еуразиялық эконо­ми­калық одаққа ұласатын Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің одан әрі дамуының мүмкіндіктері на­нымды түрде бейнеленді.

ЕурАзЭҚ-тың дамуының практикалық нәтижелерін бағалай келе, Қазақстан Президенті 11 жыл ішінде қоғамдастықта интеграцияның әр түрлі өлшемдердегі тиімді жылжуын қамтамасыз ететін тораптық механизмдерінің, оның ішінде, салалық деңгейде, сондай-ақ кәсіпкерлер, ғылым қайраткерлері, жастардың баста­масымен құрылған құрылымдарының қалыптасқанын атап көрсетті.

Осы мақалаға орай жазылған үнқо­суында академик Олег Богомолов Нұр­сұлтан Назарбаевтың еуразияшылдық идея­сын жаңашыл сипатта және іргелі ой-құндылықтармен беріп отырғанын атап өтті. Академик Қазақстан Көшбасшы­сының біздің елдеріміздің табиғи ресурс­тарды шетте қалған экспортқа шығарушы және модернизацияның шаңында қалушы ретіндегі жағдайын орынды сынауына ерекше назар аударған. Ғалым ықпал­дастықтың әр түрлі деңгейлік сипаты мен икемділігін көздейтін интеграцияның негізгі ұстаным­дары ретіндегі толық тең­құқықтық және ерікті әріптестік идеясын қолдайды.

Белгілі ресейлік экономист, РҒА академигі Иван Ивановтың пікірінде де осындай ойлар айтылған. Ол біздің елдеріміздің инновациялық өсуінің әлеует­­терін біріктіруге және «кәсіпорын деңгейінде кәсіп­керліктің жанды ұлпа­сын» түзетін бизнес пен биліктің үнқаты­суын қалыптастыруға сүйенген Қазақстан Президенті ұстаны­мының дұрыстығын айтады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразияшыл­дық идеясының интеллектуалдық терең­дігі мен практикалық дамуын РҒА-ның корреспондент-мүшесі, РҒА Экономика институтының директоры Руслан Гринберг те атап көрсеткен. Ғалым ЕурАзЭҚ-тың «табыс формуласы» прагматизмді күшті әрі ғылыми еуразиялық интегра­циялық бастаманың идеологиялық құрам­дас бөлігімен біріктіруде деп біледі.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінде сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев былай деді: «Еура­зияшылдық – бұл болашақтың идеясы. Бұл бүгінгі күні жаһандануды қажет етіп отырған интеграциялық үдерістердің тәжіндегі алмас. ЕурАзЭҚ, АӨСШК және ШЫҰ тәрізді практикалық үш құрылым – келешектегі еуразияшылдықтың құрамдас үш бөлігі. Мен түбінде үлкен еуразия­шылдық идея, Еуразия құрлығының бірлігі жеңеді деп ойлаймын».

Жақында жарық көрген «Евразийский проект Нурсултана Назарбаева, вопло­щен­ный в жизнь» деп аталатын кітапта тұңғыш рет құжаттық негізде іргелес Еуразия мемлекеттерінің интеграциялық үдерістері қарастырылды және тиімді жұмыс істеп тұрған әрі Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразия жобасының жүзеге асуының өзекті құралдарына айналған ЕурАзЭҚ, Кеден одағы және қалыптасып келе жатқан Біртұтас экономикалық кеңістіктің дамуы талданды.

Қазақстан Көшбасшысы өрісі кең Еура­зиялық мемлекеттер одағын қалып­тас­тыру идеясын ұсынып, мұндай инте­грациялық ұсыныстың тиімділігіне іргелес мемлекет­тердің басшыларын сендіре отырып және солардың белсенді қаты­суымен осынау еуразиялық жобаны табысты түрде жүзеге асыра білді. Ой мен практиканың осындай тұтастығы және оларды сабақтас та нық сипатта ілгерілету Еуразия жобасының табысты болуын қамтамасыз етті.

Нұрсұлтан Назарбаев тұлғасының пас­сионарлығының арқасында кеше ғана орын­­­далмайтын арман сияқты көрінген мақсаттар бүгінде шындыққа айналуда. Сөз жоқ, Қазақстанның тәуелсіздік жыл­дарын­дағы табыс­тары мен жетістіктерінің негізі Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбас­шылық факторында жатыр. 2011 жылғы сәуірдегі инаугурация салтанатында Нұр­сұл­тан Әбіш­ұлы былай деді: «Мен осы­дан 20 жыл бұрын, яғни біздің Тәуелсіз­дігі­міздің алғаш­қы кезеңінде халқымыз­дың алдына қо­йылған мақсат­тар мен міндет­тердің орын­далғанын, тіпті асыра орын­далғанын мақта­нышпен айта аламын. Жә­не де мен осындай жаңа ұлттың, әлем ха­лықтарының отбасына лайықты енген біз­дің Қазақстандай ұлы елдің көшбас­шысы болу сияқты үлкен бақыт­қа кенелгенім үшін тағдырыма риза­шы­лық білдіремін!».

Тайыр МАНСҰРОВ,

Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Бас хатшысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button