Жаңалықтар

11 адамның өмірін қиды…

Брифинг

Жыл басынан беріоблыста 409 өрт оқиғасы тіркелген. Ең ауыры, өрт 11 адамның өмірін қиды.

Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Жиынға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Нұрхат Қалдыбаев пен Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің біздің облыс бойынша департаментінің бас маманы Ердәулет Ерболатұлы қатысты.

Өрт салдарынан жыл басынан бері облыста 9 адам түрлі дәрежедегі жарақаттар алыпты. Салыстырып қарар болсақ, өткен жылдың осындай мерзімінде 412 өрт оқиғасы тіркелген. Яғни мардымсыз ғана (1,4 пайыз) айырмашылықты есепке алмағанда, өрт оқиғалары, өкінішке қарай, азаймай отыр.

Биыл облыста тұрмыстық газ баллонының жарылысы тіркелген жоқ. 2023 жылы 8 жарылыс болып, 15 адам зардап шегіп, оның екеуі көз жұмған еді.

Ал газ шаруашылығын қадағалау нысандарында 1 апатты оқиға тіркелді: биылғы 11 сәуірде Ойыл селосындағы автогаз құю стансасында қалдық мұнай өніміннен бу бөлінуі салдарынан өрт шығып, жарылыс болған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғындарға жалпы өртке қарсы, соның ішінде тұрмыстық газ баллонын пайдалануда қауіпсіздік шараларын сақтауды түсіндіріп, рейдтік жұмыстар жүргізіп тұрады.

Мамандар жиында өрттен сақтану ережелерін де еске салып өтті. Күнделікті тұрмыста өрттің алдын алу үшін қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керек. Әсіресе балаларды бақылаусыз қалдыруға, түрлі тұтанғыш заттарды, шырпыны оңайға қоюға болмайды. Сондай-ақ темекі шегетін адамдарға өте сақтық қажет. Төсекте жатып темекі шегемін деп, өрт шығып, күйіп қалған адамдар болған. Үйдегі электр желісін, ажыратқыштарды, басқа да құрылғыларды әрдайым тексеріп отыру керек. Газ исі шыққан жағдайда, дереу газ қызметі мен өрт сөндіру қызметініңмамандарын шақыру қажет.

Өртке қатысты күдікті, қауіпті жағдайларда тұрғындар101 және 112 нөмірлеріне хабар береді.

 И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button