Билік

Жол салынады!

Ырғыз аудандық мәслихатының кеңейтілген сессиясында аудан әкімі Мирхан Дуанбеков депутаттар мен тұрғындар алдында өзінің қорытынды есебін берді. Оған облыс әкімінің орынбасары Жеткерген Оралмағамбетов және облыстық денсаулық басқармасы бастығының орынбасары Самат Данияров қатысты.

Аудан басшысы өз сөзінде өткен жылдың жемісті болғанын атап өтті.

– 2008 жылы біршама жұмыстар атқарылды, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жақсарды, – деді аудан әкімі. – Өткен жылғы табыстарымыздың ішінен ауылдық округтерде 3 балабақшаның ашылғанын, жаңа байланыс желісінің қосылғанын, Ырғыз өзеніндегі көпірді қайта жөндеудің, инфрақұрылым нысандары құрылысының басталғанын атап өтуге болады. Бұдан басқа таяуда Ырғыз бен Ақтөбе арасында ұшақ ұшатын болады, әуежайды қайта жөндеу қазірдің өзінде жүргізілуде. Дегенмен қол жеткізген табыстарымызбен тоқтап қалмасымыз анық.

Одан әрі баяндамашы 2009 жылға арналған жоспарларға тоқталды. Әрине, жылдың жеңіл болмайтынын, дегенмен мемлекеттің азаматтар алдындағы бірінші кезектегі міндеттемелері толық орындалатынын атап өтті.

Аудан әкімінің есепті баяндамасын мұқият тыңдаған ырғыздықтар сұрақтарын қойып, ұсыныстары мен өздерін толғандырып жүрген мәселелерді алға тартты.

Ырғыз ауданы облыстағы ең шалғай аудан болып табылады. Мұнда ұзақ жылдар бойы шұғыл шешімді қажет ететін ағымдағы мәселелермен қатар күрделі проблемалар да орын алып келеді. Аудан және облыс басшылығы бұл проблемаларды шешу үстінде.

Жолды дұрыстау, газ жүргізу және ауыз су ауданның басты проблемалары болып қалуда. Бұл туралы әкім есепті кезең ішінде аудан орталығында үш шақырым жол пайдалануға берілді, биылғы жылы да бұл жұмыс жалғасады деп түсіндірді.

Облыс әкімінің орынбасары Жеткерген Оралмағамбетов көп нәрсенің республика үкіметіне байланысты екендігін, дегенмен жол құрылысына қаржы бөлінетінін атап өтті. Биылғы жылдың соңына дейін, әрі кеткенде келесі жылы бұл проблема күн тәртібінен түсетін болады. Газ жүргізу ісі де екі-үш жылдың көлемінде оң шешімін табады. Ауыз су мәселесі бөлек тақырып болды.

– «Айырқызыл» ауыз су көзін ғалымдар өткен ғасырдың 70-жылдарының басында ашқан, су көзінің қоры 30 жылға есептелген. 30 жылдың өтіп кеткені белгілі. Сондықтан бұл проблеманы мұқият зерттеп, қосымша су көздерін табу керек немесе бар ұңғыманы тереңдетіп бұрғылау қажет болар, – деді Жеткерген Тілеулесұлы.

Жеткерген Оралмағамбетов ырғыздықтар үшін жат адам емес, өйткені ол 90-жылдары осы ауданды басқарды. Содан да болар, есеп беруден кейін облыс әкімінің орынбасары ырғыздықтармен ықыластана амандасып, әңгімелесіп жатты. Бұдан 10-15 жыл бұрын экономикалық жағдайдың біршама ауыр болғанын да айтып өтті. «Президенттің кемеңгер саясатының нәтижесінде еліміз ауыр кезеңнің қиыншылығын жеңе білді, енді біз әлемдік дағдарыстың әсерінен мейлінше аз шығынмен шыға аламыз», – деді Жеткерген Оралмағамбетов.

Тұтастай алғанда, аудандық мәслихаттың кеңейтілген сессиясына қатысқан адамдардың жүзінен болашаққа деген сенім аңғарылып тұрды. Олар өздерінің басшыларына сенеді және аудандағы проблемалар шешімін табатынын біледі, сондай-ақ оған уақыт керек екенін де түсінеді.

Асхат ҚАЛЖАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button