Экономика

Балаларымыздың игілігі – біздің игілігіміз

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығын дамыту комитеті ұсынып келе жатқан қаржы және қор нарықтарының негіздері  туралы мақалалардың тағы біреуін жариялап отырмыз.

Қазіргі заманғы балалар — нарықтық қатынастар балалары. Олар белсенді әрі зерек, материалдық мәселелерді ата-аналарына қарағанда жақсырақ түсінеді, ақша санауды біледі. Баласының атына банктік салым жасайтын, сол арқылы оқуын немесе үй, машина сатып алуын қаражатпен қамтамасыз ететін ата-аналар құрмет пен қандай да мадаққа лайық. Мұндай бала болашағына да сеніммен қарай алады және материалдық проблемалардан қорықпайды.

Ата-ананың баласы үшін түрлі қаржы құралдарының түрлерін: акциялар, облигациялар, инвестициялық пай қорларының пайларын және қаржы нарығындағы мәмілелердің объектілері болып табылатын басқа да түрлерін сатып алуы банктік салымға балама бола алады.

Ата-аналардың балаларының мүдделері үшін бұл процеске сапалы инвестициялау элементтерімен белсенді қатысуы балалардың жинақталған қаражатының едәуір ұлғаюына және бала болашағының жарқын болуына  мүмкіндік береді.

Бұл мақала барлық қамқор ата-ананы балаларының қамы үшін бағалы қағаздар нарығында белсенді инвестициялар жасауға шақыру мақсатында жазылып отырған жоқ, алайда көптеген ата-аналарға банктік салымның баламасы және қор нарығындағы ойындардың мүмкіндіктері туралы ой салуы мүмкін.

Сонымен қатар біздің ілгері кеткен балаларымыз, біз араласпай-ақ, мұндай мәмілелерді өз беттерінше жасай алады (мысалы, Интернет-трейдинг жүйесін пайдалану арқылы). Бұл жағдайда ата-аналар мәмілені болашақта жарамсыз деп тану мүмкіндігін болдырмау мақсатында балаларымен бірлесіп кәмелеттік жасқа толмаған субъектілердің мәмілелер жасау мүмкіндіктерінің талаптарын реттейтін Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің нормаларын мұқият зерделеулері қажет.

Мәселен, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексіне сәйкес он төрт жасқа жетпеген, кәмелеттік жасқа толмағандар үшін мәмілелерді олардың аттарынан ата-аналары, асырап алушылары немесе қамқоршылары жасайды. Он төрт жасқа дейінгі кәмелеттік жасқа толмағандар өз жастарына сәйкес келетін мәмілелерді жасау кезінде орындалатын ұсақ тұрмыстық мәмілелерді дербес жасауға құқылы.

Өз баласы үшін бағалы қағаздарды сатып алу мақсатында ата-аналар бағалы қағаздар нарығы туралы заңнама нормаларының бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдері жүйесін жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиялары бар мамандандырылған қаржы ұйымдарының (тіркеушілер) немесе бағалы қағаздар нарығында номиналды ұстау құқығымен брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыруға лицензиялары бар ұйымдардың (брокердің) есепке алу жүйесінде эмиссиялық бағалы қағаздармен кез келген мәмілені тіркеу қажеттігін белгілейтінін білулері қажет.

Қаржы ұйымының есепке алу жүйесінде мәмілені тіркемес бұрын ата-ана міндетті түрде баласына бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерін жүргізу жүйесінде немесе, егер ата-ана мәмілені брокердің қызметімен жүзеге асырғысы келсе, брокердің номиналды ұстауды есепке алу жүйесінде жеке шот ашуы қажет.

Бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерін жүргізу жүйесінде шот ашу үшін ата-ана баланың туу туралы куәлігін және ата-ананың жеке басын куәландыратын құжатты тіркеушіге ұсынуы, сондай-ақ жеке шот ашуға арналған бұйрықты толтыруы қажет.

Брокердің қызметін пайдалана отырып мәміле жасағысы келген жағдайда ата-ана аталған құжаттарды ұсынуы және баланың атынан брокермен брокерлік қызмет көрсету туралы шарт жасауы қажет.

Бұл ретте, егер мәмілелер Қазақстан қор биржасының сауда алаңдарында немесе бағалы қағаздардың халықаралық нарығында жасалуы тиіс болса, ата-ана (баланың атынан іс-қимыл жасаушы) мен брокер арасындағы құқықтық қатынастар брокердің номиналды ұстаушы ретінде қызметі көрсетіле отырып, брокерлік қызмет көрсету шартымен реттелуі тиіс. Ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарығында мәмілелер жасау жоғарыда көрсетілген шартты жасауды талап етпейді, себебі мұндай жағдайда мәмілелерді бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерін жүргізу жүйесінде баланың жеке шоты бойынша тіркеуші ғана тіркейді.

Шоттарды ашу жөніндегі барлық рәсімдерді жасағаннан кейін ата-ана пайларға, акцияларға, облигацияларға немесе қаржы құралдарының нарыққа айналысқа жіберілген өзге түрлеріне ақша қаражатын инвестициялау арқылы өз баласы үшін ақша табу үдерісін бастай алады. Ата-ана инвестициялау объектісі туралы шешім қабылдауға қиналған жағдайда, ол әрқашан да инвестициялау мәселелері бойынша клиентіне білікті консультация беруге қажетті ресурстары бар брокерге өтініш жасай алады.

Уақыты болмаған жағдайда ата-ана қызмет көрсету үшін ақшаны және баланың портфеліне инвестициялау нәтижесінде сатып алынған қаржы құралдарын сенімгерлік басқару жөнінде қызмет көрсетуге арналған тиісті шартты жасай отырып, инвестициялық портфельді басқаруға лицензиясы бар басқа қаржы ұйымына өтініш жасай алады. Мұндай жағдайда ата-анаға қандай да бір бағалы қағазды сатып алу жөнінде қандай болмасын шешімдер қабылдаудың қажеті жоқ, ол үшін мұны инвестициялық портфельді басқарушы істейді. Инвестициялық портфельді басқарушының талдаушылары мен тәуекел-менеджерлері отандық, сол сияқты халықаралық бағалы қағаздар нарығының ағымдағы жай-күйін күн сайын бағалайды, түрлі қаржы құралдарына инвестициялаудың тәуекелдерін есептейді және клиенттердің портфельдерін кез келген инвестициялық портфельді әртараптандыруды көздейтін «барлық жұмыртқаны бір себетте сақтамаңыз» қағидатына қарай қалыптастырады.

Балалар өсіп, есейіп, белгілі бір сәтте кез келген шешімді өз бетінше қабылдау құқығы туындайтындығы белгілі.

Азаматтық заңнамада «әрекет қабілеттілігі» деген ұғым бар, ол азаматтардың өз әрекеттерiмен азаматтық құқықтарға ие болуға және оны жүзеге асыруға, өзi үшiн азаматтық мiндеттер алуға, оларды орындауға қабiлеттiлiгiн білдіреді. Әрекет қабiлеттiлiгi кәмелетке толғанда, яғни он сегiз жасқа толғаннан кейiн толық көлемiнде пайда болады.

Алайда, Азаматтық кодекске сәйкес он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі балалар ата-аналарының, асырып алушыларының немесе қамқоршыларының келісімімен мәмілелер жасауға құқылы. Сонымен қатар көрсетілген жастағы балалар өздері тапқан табысты, шәкіртақысын, өзге де кірістерін және өздері құрған зияткерлік меншік құқығы объектілерін өз беттерінше пайдалана алады, сондай-ақ ұсақ тұрмыстық мәмілелер (мысалы, жеке басына пайдалану үшін заттар сатып алу мақсатында ұсақ сомаға мәмілелер жасау) жасай алады.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 22-1-бабына сәйкес жасы он алтыға жеткен кәмелетке толмаған адам, егер ол еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн болса немесе ата-анасының, асырап алушыларының немесе қамқоршысының келiсiмiмен кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын болса, толығымен әрекетке қабiлеттi деп жариялануы мүмкiн. Кәмелетке толмаған адамды толығымен әрекетке қабiлеттi деп жариялау (эмансипация) ата-анасының екеуiнiң де, асырап алушылардың немесе қамқоршысының келiсiмiмен қорғаншы және қамқоршы органның шешiмi бойынша не ондай келiсiм болмаған жағдайда соттың шешiмi бойынша жүргiзiледi.

Көрсетілген оқиғалар туындағаннан кейін есейген балалар өздерінің инвестициялық портфеліне қатысты өз беттерінше шешім қабылдауға құқылы. Мұндай жағдайда дұрыс емес шешімдер қабылдаудың және өздерінің жинақтаған қаражатына жосықсыз қараудың алдын алу мақсатында ата-ана баласымен әңгімелесуі қажет.

Есейген бала өзінің дербес қабылдаған шешімі үшін жауапкершіліктің барлық шараларын түсінуі, сондай-ақ мәмілелер бойынша қарсы агенттер, сондай-ақ әрқайсысы бағалы қағаздар нарығында нақты қызметтер аясын көрсететін қаржы ұйымдары алдындағы инвестициялау барысында орындалуы тиіс түрді міндеттемелер туындау мүмкіндігі туралы білуі тиіс.

Қаржылық сауаттылыққа үйрету инвестициялау барысында жосықсыз болудың немесе немқұрайлықтың алдын алу тәсілдерінің бірі болып табылады. Қазіргі уақытта кейбір балабақшаларда ақша, ақша қатынастары, шығындар және сатып алу мәселелері бойынша бастапқы дайындық жүргізіледі. Бұл дұрыс, себебі ақша қатынастарының және қаржы нарығының жұмыс істеуінің жалпы мәселелерін білу балаларымыздың бейқам болмауына, батыл әрі өз әрекеттерінің дұрыстығына сенімді болуына мүмкіндік береді.

 

Наталья МАКСИМОВА,

«Real Invest.kz» қаржы компаниясы» АҚ

басқармасы төрағасының орынбасары.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button