Адал азамат —Адал еңбек

Бағбан Сүлеймен

Жылыжай— жылдың алты айы қыс, суық болатын, ауа райы қатаңдау Ақтөбе өңірі үшін таптырмас кәсіп. Өйткені көкөністің көп бөлігі облысқа еліміздің оңтүстігінен жеткізіледі. Оның қиындығы да аз емес. Жанармай құны жоғарылаған кездері тауар бағасы да аспандап кетеді. Осы орайда тығырықтан шығудың бірден-бір жолы қысы-жазы өнім беретін жылыжайлар санын көбейту екендігі айтпаса да түсінікті. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Сүлеймен Жаңабаев та осы оймен толық келіседі.

Нәсібін қолға алған кәсібінен теруге бел байлаған басшилік Сүлеймен Сапарбайұлының негізгі мамандығы— маркетинг-техник. Еңбек ауылдық округінде салынған жылыжай жұмысын бастағанына аз уақыт болса да, кәсіпкер отбасымен бірге іс басында тынбай еңбек етіп отыр.

— Жылыжай салуыма Ақтөбе облысының ауа райы себеп болды. Себебі бізде жазғы күндердің, жалпы жылы күндердің қысқалығына байланысты далалыққа егін ексең, өнімді аз аласың, күзде салқын ерте түседі. Көп ұзамай үсік шала бастайды. Осыған байланысты ертерек жылыжайға егіп, жылыжайдан көшет қылып әкеліп ексең, сол кезде өнімді кішкене ертерек жинап алуға болады. Мамандығымыз да бұл саладан алыс. Алғашында оңай болмады. Бұрын-соңды жылыжай салып көрмесем де, далалыққа бау-бақша өнімдерін егіп жүрмін. Бірақ адам баласы бір істі бар ынтасымен қолға алса, оның түбіне жетпей қоймайды екен. Осы істі бастағанымызға аз уақыт болса да, еткен еңбектің жемісі мен жеңісінен дәм тататын күн жақындай түскендей, — дейді бағбан.

Сүлеймен Сапарбайұлы Өзбекстан елінен Басшилі ауылына 2004 жылы көшіп келген. Тарихи отанына оралғаннан кейін атакәсіптен ажырамай, сиыр, қой секілді ірілі-ұсақты мал бағады. Кейін далалыққа қарбыз-қауын егуді бастайды. Ал өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайызбен 4 миллион 600 мың теңге несие алып, одан кейін мемлекеттен 1 миллион 280 мың теңге қайтарымсыз грантқа да ие болады.

2023 жылдың қараша айында бастамамызды қолға алып, грант, несие секілді шаруаларды бірыңғайлап, биылғы наурыз айында жылыжаймен айналыстық. Басында 2 миллион теңге далаға ұшты десем де болады. Бұл бірінші бастамам болғасын, қателіктер де жібердік. Бірде қажетті материал жетпей қалса, бірде ауа райы бұзылып, ойлағаныңдай күн болмай қалады. Аяқ астынан жаңбыр жауып кетеді немесе қар жауып, жарық сөніп қалып, бар жұмысымызды тоқтатып қойған күндер болды. Мен соған қарамастан, қиындықтарға төзе біліп, алға қойған мақсатыма жеттім. Кәсіптің қиындығы мен қызығы қатар жүретіндіктен, кез келген кәсіпкер үшін төзімділік керек екенін жете түсіндім, — дейді ол.

Көктем шыға сала өз ауласынан жылыжай салып, қоршап, арнайы жылыжайға арналған күннен қорғайтын құралдармен жасақтап, жұмысын бастаған Сүлеймен Жаңабаевқа әзірге көмекші болып жүрген — бала-шағасы мен жақын туыстары. Қолға алған кәсібі туралы тарқата айтқан кейіпкеріміз жылыжайда көкөніс өсірудің қыр-сырымен де бөлісті.

Жылыжайда өсетін кез келген өнім үшін ең бірінші ішіндегі ауа температурасы бірқалыпты болуы керек. Ең басты ескеретін жайт —  осы. Өйткені топырақты жарып шыққан әр жас өскін бала секілді нәзік келеді. Мәселен, түннің салқынында, жаздың аптап ыстығында олар шыдамауы мүмкін. Осындайда ішкі температураны реттеп отыратын құрылғы міндетті түре болуы керек, — дейді жылыжай иесі.

Көлемі 340 шаршы метр жылыжайда бүгінде қияр, қызанақ өсіп жатыр. Сонымен қатар ішіне қарбыз бен қауын егіп, шыққан көшетін далалыққа апарып қайта егеді.

— Өнімдеріміз алқапта да өсіп жатыр. Жерді әкімшіліктен 6 айға жалға алдық. 10 гектар сұрадық, бүгінде 4 гектарға жуық жерде өнімдеріміз өз жемісін беруде. Мана айтып өткенімдей, жылыжайда алдымен өнімдердің дақылдарын егіп, көшеттерін егістікке егемін. Жоспарым өте көп, әрине. Ең алдымен, жылыжайды үлкейтуді мақсат етіп отырмын. Содан кейін өнім көлемін де көбейтемін, — дейді ол.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ,

Мұғалжар ауданы.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button