Экономика

Мемлекет беретін кепілдіктер

Қаржы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығын дамыту комитеті ұсынып жүрген қаржы және қор нарықтарының негіздері туралы мақалалардың тағы біреуін жариялап отырмыз.

Сіз дүкенге барып бір жұп етік сатып алдыңыз делік. Ал бір-екі күннен кейін етіктің желімі сыдырылып қалды. Осындай жағдайда сіз дүкенге қайта барып, сізге сапасыз тауар сатылғанын, тұтынушы ретіндегі құқығыңыздың бұзылғанын айтуыңызға болады. Сізге аяқ киімді оған ұқсас тауарға ауыстыруға немесе ақшаңызды қайтаруға міндетті. Сізден талап етілетіні – сізде чек сақталуы керек және сатып алған күннен бастап он төрт күннен аспауы тиіс. Бұл «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңның» шағын бөлігі және де өз құқықтарыңызды білсеңіз, сізді ешкім де алдай алмайды.

Бірақ осы заң тұтыну тауарларына және сервистік қызмет көрсетуге ғана қолданылады. Ал тұтынушыларға қаржы қызметі көрсетілетін қаржы нарығындағы жағдай қалай?

Қаржы нарығының аса ерекше екеніне қарамастан, кез келген инвестициялау белгілі бір тәуекелге байланысты болатындықтан, бүкіл әлемде инвестициялаумен айналысатын адамдар өздерінің салымдары үшін өзі ғана жауапты. Ал Қазақстан Республикасының Үкіметі қаржы нарығында қатал тәртіптің болуына, елдің экономикасына теріс әсер ететін, азаматтардың құқықтарын бұзатын немесе мемлекеттің мүддесіне залал келтіретін бұзушылықтар мен өзге оқиғалардың болмауына қатысты жауапкершілікті мойнына алады.

Билік, басқасымен қатар, осы сектордың тұтынушыларға сапалы деңгейде және заң шеңберінде қызмет көрсетуін қадағалай отырып, қаржы нарығының қызметін реттейді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитеті бас реттеуші болып табылады.

 

Халықтың салымдарын сақтандыру

Банк депозиті қазақстандықтар үшін неғұрлым қолайлы және танымал құрал болып қалуда. Сіздердің салымдарыңызды қорғау үшін Қазақстанда депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесі, сондай-ақ «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ құрылды. Клиентке оның ақшасын қайтарудың ең жоғары кепілдік берілген сомасы 700 мың теңгеден 5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды! Яғни сіз депозитке салған бес  миллион теңгеге дейінгі кез келген сома банк таратылған жағдайда Сізге қайтарылады (рас, ол бойынша сыйақы есептелмейді).

Кепілдік берілген өтемақыны төлеудің басталуы және төлем жасалатын орындар туралы хабарландыру Қазақстанның бүкіл аумағында мемлекеттік және орыс тілдерінде таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында соттың қатысушы банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енгізілген күннен бастап 14 жұмыс күні ішінде жарияланады. Даулы жағдайлар туындаған кезде сіз жазбаша түрде банкке, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитетіне немесе банкке оның орналасқан жері бойынша сотқа шағым талаппен өтініш жасай аласыз.

 

Зейнетақы — мемлекеттің қорғауында

Қазақстандықтардың зейнетақы туралы уайымдауы негізсіз, себебі қазақстандықтардың зейнетақы аударымдары да мемлекеттің қорғауында. Мемлекет сіздердің жинақтаушы зейнетақы қорларына нақты салған зейнетақы жарналарыңыздың мөлшерін инфляция деңгейін ескере отырып өтейді.

Зейнетақы қаражатын басқару үрдісін бақылау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі зейнетақы жарналары мен зейнетақы төлемдерін тарту, зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және басқа қызметтерді жүзеге асыруға лицензия береді. Болашақ зейнеткерлердің ақшаларының қайда инвестицияланатынын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қатаң қадағалап отырады.

Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы қорларының Қазақстан Республикасы Үкіметінің қатаң шектеулеріне бағынатын инвестициялау стратегиясы айтарлықтай айқын көрінеді. Зейнетақы қоры қаражатты шамалы болса да, кепілдік берілген табыс әкелетін тұрақты, сенімді құралдарға ғана салуды ұйғарады.

Сонымен қатар, біз жоғарыда көрсеткендей, зейнетақы қорларының жұмысын да Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитеті бақылайды. Және де қауіптің алғашқы белгілері болған жағдайда ол ел азаматтарының мүдделерін қорғай отырып, шаралар қабылдайтын болады.

Жинақтаушы зейнетақы қорлары таратылған кезде зейнетақы активтерінің тағдыры үшін салымшы алаңдамай-ақ қойса да болады. Жинақтаушы зейнетақы қорларынан лицензияны қайтарып алған не оны мәжбүрлеп таратқан кезде зейнетақы активтері уақытша әкімшілік немесе тарату комиссиясы тағайындалған сәттен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде басқа жинақтаушы зейнетақы қорына аударылады.

Таратылатын жинақтаушы зейнетақы қорының алушысы немесе салымшысы өзінің жинақталған зейнетақы қаражатын аудару үшін басқа қорды өзі таңдайды.

 

Сақтандыруды сақтандыру

Батыс елдері халқының қазақстандықтардан айырмашылығы — олар бұрыннан сақтандыру бойынша өмір сүреді. Сақтандыру — дамыған елдердің тұрғындары үшін өмірдің ажырамас бөлігі. Ол жақта адамдар сақтандыру, оның ішінде өмірді, медициналық сақтандыру өнімдерінің ерекшеліктерін жақсы біледі және тым жақсы түсінеді. Медициналық сақтандырудың ерікті, жеке нысанымен АҚШ халқының 80 пайыздан астамы қамтылған. Сақтандыру азаматтар үшін қолайлы, себебі олар кез келген төтенше жағдайдан, сондай-ақ қартайған шағында қаржы мәселесі бойынша қорғалған. Сақтандыру сондай-ақ мемлекетке де тиімді, себебі ол азаматтардың әлеуметтік проблемаларын, емделу проблемаларын, сол төтенше жағдайларда көмек көрсету мәселелерін мойнына алмайды.

Бүкіл әлемдегі сияқты, Қазақстанда да сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі құрылды. Ол қатысушы сақтандыру ұйымы мәжбүрлеп таратылған жағдайда, сақтандыру оқиғасы басталған кезде міндетті сақтандыру шарты бойынша қолданылады.

Растайтын құжаттар болған кезде кредитор соттың қатысушы сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енгізілген күннен бастап екі ай ішінде Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорына кепілдік берілген төлемдерді жүзеге асыру туралы жазбаша өтініш беруге құқылы. Сіздің қолыңыздағы сақтандыру полисі сіздің пайдаңыздың басты кепілі болып табылады.

Егер растайтын құжаттар болмаса, кредитор тарату комиссиясына сақтандыру төлемін жүзеге асыру туралы өтініш (наразылық) бере алады.

Қор міндетті сақтандырудың мынадай үш түрі бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік береді: көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі, тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігі және туроператор мен турагенттіктің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі.

 

Қор нарығын да мемлекет реттейді

Егер сіз инвестициялық пай қорына (ИПҚ) өтініш жасасаңыз және онымен шарт жасасаңыз, онда сіздің ақшаңыздың оның шотында емес, кастодиан банк шоттарында сақталатынын білуіңіз керек. Егер басқарушы компания қабылданған нормаларға сәйкес шығын келтіруі мүмкін немесе заңнамаға қайшы келетін мәмілені жасауды шешкен болса, онда кастодиан банк оны жасау үшін келісім бермейді және бұл мәмілені жасамайды. Ал басқарушы компания жабылған жағдайда оның өзінің қордың активтеріне рұқсаты болмайды. Және де бұл сіздің ақшаңыздың жоғалмауы үшін бірінші сақтандыру.

Екіншіден, сіздің инвестициялық пай қорына салымдарыңыздың сенімді болуын ИПҚ пайлары иелерінің тізілімін (тізімін) жүргізуге жауапты тіркеуші қамтамасыз етеді. Осы тіркеуші қорға және басқарушы компанияға тәуелді болмауы керек, сондай-ақ пайларды өзінің жүйесіне тек клиенттердің бұйрықтарын басқарушы компания және сол сияқты кастодиан банк толық растағаннан кейін ғана есепке алуды және есептен шығаруды қамтамасыз етуі тиіс. Мәселен, тізілімде әрбір пайшыға оның ИПҚ-дағы үлесі жазылған.

Үшіншіден, бір-біріне тәуелді емес ұйымдардың тізбегін аудиторлық ұйым аяқтайды, ол басқарушы компанияның есеп пен есептілікті дұрыс жүргізуін тексереді.

Төртіншіден, клиент инвестицияларының сенімді болуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитеті арқылы мемлекет тарапынан да қамтамасыз етіледі. Клиенттерінің ақшасының шығынына жол бермеу үшін немесе төмендету үшін басқарушы компания орындауға міндетті болатын, белгілі бір ең төменгі талаптар мен нормативтер белгіленді. 

Сондай-ақ пай қорлары өз клиенттерінің ақшасын әртүрлі құралдарға инвестициялай алады. Егер депозиттермен ақша табуға болады десек, онда банктің қаржы жағдайын және сенімділігін талдап, содан кейін ғана өз қаражатын оның шотына салу керек. Бағалы қағаздарды, шетел валютасын, алтын немесе, мысалы, жылжымайтын мүлікті сатып алу керек деп санаса, онда ақшаны соған салу керек. Осылайша, пай қоры да барлық қаражатын бір қоржынға салмайды және өз тәуекелін араластырмайды. Және де, егер кенеттен ол сатып алған бағалы қағаздардың немесе валютаның бағалары өспесе, керісінше төмендесе, онда ол осы шығындарды сол алтынның құнының өсуі есебінен өтейді.

Көріп отырғаныңыздай, қаржы нарығын да мемлекет барынша қорғап отыр. Сіздің салымдарыңызды банктердегі депозиттерге, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорларындағы зейнетақы шоттарына қайтаруға мемлекет кепілдік береді. Сақтандыру компанияларына және инвестициялық пай қорларына қатысты айтатын болсақ, олар да барлық азаматтың мүддесін қорғай отырып олардың жұмысын реттейтін мемлекеттік органдардың, оның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитетінің ережелері мен заңдарына бағынады. Олар әрбір айда барлық маңызды көрсеткіштерді көрсете отырып, өздерінің жұмысы туралы есеп береді. Сонымен қатар, егер олардың жұмысы бойынша халық тарапынан Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитетіне берген шағымдары заңды болса, оларға айыппұл салынуы мүмкін және басқа да жазалар қолданылуы мүмкін. Мемлекет белгілеген ережелерге бағынбағаны немесе бұзғаны үшін олардың лицензиядан айрылу және мәжбүрлеп таратылу тәуекелі болады.

Алайда «Аллаға сен, бірақ өзің де қапы қалма» деген халық даналығын есте ұстаған дұрыс. Қол қоятын шартты мұқият оқыңыз, өз ақшаңызды сеніп берейін деп отырған компанияның Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитетінен тексерістен шын мәнінде өткенін не өтпегенін біліңіз, сақ болыңыз. Сауатты инвестициялауды үйреніңіз, өзіңізге қажетті ақпаратты іздеңіз, сұраңыз, содан кейін сіздің еңбегіңіз зая кетпейді.

Алданып қалмау үшін, өз құқықтарыңыз бен көптеген басқа мәселелер туралы неғұрлым толық ақпаратты оқыту www.fingramota.kz веб-порталында «Тұтынушының құқығын қорғау» айдарынан ала аласыз.

 

Раушан БІРМАҒАМБЕТОВА,

Жанар МАЗЕМБАЕВА,

сарапшылар.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button